Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

«ХАН» ТҮБІРЛІ СӨЗДЕРДІҢ АСТАРЫНДА ҚАНДАЙ МАҒЫНА ЖАТЫР?

«ХАН» ТҮБІРЛІ СӨЗДЕРДІҢ АСТАРЫНДА ҚАНДАЙ МАҒЫНА ЖАТЫР?
ашық дереккөз
«ХАН» ТҮБІРЛІ СӨЗДЕРДІҢ АСТАРЫНДА ҚАНДАЙ МАҒЫНА ЖАТЫР?
Екі сөзінің бірінде «Ханнан қадір, халықтан сабыр кетпесін» деп отыратын көнекөздердің сөзі бекер емес-ау. Жалпы ханға байланысты айтылған нақыл да, мақал-мәтел де көп. Ендеше хан дегеніміз кім? Ханды кімдер сайлаған? Хан сайлаудың қандай жөн-жоралғысы бар? Тарихымыздан белгілі, кезінде хандарымызды ақ киізге отырғызып, ұлықтау рәсімін жасаған. Қара немесе басқа түс емес, неге ақ? Көне Түркі заманынан бастап, Алтын ордаға ұласып, одан қазақ хандығына дейінгі мың жарым жылдық тарихымызда хан сайлап келдік. Сондықтан да болар, біз әлі күнге дейін «хан» сөзін «иелік етуші», «билік құрушы», «бағындырушы» деген мағынада көз алдымызға елестетеміз. Әрине «патша», «хан» деген сөздер бір-бірімен мағыналас. Атақ-абырой, дәрежеге берілген атаулар екені анық. Сол себепті де қазақ «Ханда қырық кісінің ақылы бар» деп қарайды. Әрине, бұл ханның абырой-беделін көтеру үшін айтылған жағымпаздың сөзі емес. Бұл нағыз ханға берілген баға. Олай дейтініміз, ханның қасында елдің игі жақсылары жүреді. Хан тек өз ақылымен жұмыс істемейді. Қасындағы нөкерлерінің кеңесімен шешім қабылдап, ақылымен көбірек жүреді дегенді білдіреді. Әрі хан сайлаудың да өзіндік жөн-жосығы болғаны анық. Қазақтың «Байдың ісі балаға, ханның ісі қараға түседі» деп бірақ қайыратыны да сондықтан. Өйткені қазақ даласында билігі бар адамды құрметтемеген. Қайта сол билігін халқының игілігі үшін жұмсай алған, күш-қуаты, ақыл-парасаты арқылы елін дамытуға, көркейтуге қызмет етсе, оны хан деп таныған. Әйтпесе «Хан емессің қасқырсың, қас албасты басқырсың» деп қасқайып тұрып ақиқат үшін қарсы шығатындар аз болмаған. Ал енді «Ханды ақ киізге не үшін отырғызған?» деген сұраққа кейінгі кезде тарихшыларымыз әртүрлі жауап беріп жүр. – Ақ киізге отырғызу, ақ ту ұстау дегеннің барлығы аққа табынудан келіп шыққан. Ақты былғау – киені үркіту, қасиетін жоюмен бірдей. Сондықтан да қазақ қандай да бір тағдыршешті кезеңдерде және кез келген игі істі ақтан бастаған. Мәселен, тойда ақсарбас қойға, көк қасқа тайға бата жасатуының астарында аққа табынушылық жатыр. Сондықтан хан көтергенде де ақ киізге отырғызуының бір себебі де «Жолы ақ болсын», «Ақ жарылқасын» деген ізгі ниеттен келіп шыққан ырым мен сенім, – дейді жазушы Көкбөрі Мүбарак. Ал енді ақ киізге отырғызатын ханның бойынан қандай қасиеттер табылу керек? Ең біріншіден, хан болуға үміткер адам Шыңғысхан әулетінен, яғни төре тұқымы болуы керек. Төренің тұқымын таңдап, төрге шығарғаннан кейін хан көтеру рәсімін жасайды. Бұл туралы Ардақ Бейсенова өзінің «Қазақ ордасындағы хан сайлау дәстүрі» атты мақаласында: «Хан көтеру рәсімі жұма күні, ашық аспан астында өткізіледі. Жиналған жұрт аттылы-жаяулы болып алқақотан отырыс жасап, ортаға қымбат кілемдер, түрлі-түсті текемет, сырмақтар төселіп, жібек көрпелер жайылады. Бұл – ең сыйлы жер, төр деп есептеледі. Төрде хан сайлауға тікелей қатынасқан ел ағалары мансап-дәрежесі, атақ-беделіне қарай, үш қатар, төрт қатар болып дөңгелене отырады. Қақ ортада, яғни төрдің төбесінде салтанатқа орай арнайы басылған, алтын әдіпті жұқа ақ киіз төселеді. Жұрт орнығып, дабыра басылған соң бүкіл ордаға танымал, атақ-абыройы зор ақсақалдардың бірі орнынан кетеріліп, жиналған жұртқа Ұлыстың ұлы кеңесінің шешімін жариялап, хандыққа кімнің сайланғанын айтады. Бұдан соң елге танымал екі адам хан сайланған адамды екі жағынан қолтықтап алып келіп, ақ киіздің үстіне шығарады. Міне, сол кезде хан сайланған үміткер ақ киіздің қақ ортасына құбылаға бет беріп, малдас құрып отырады. Осыдан кейін хан сайлаудың көпшілік қауымға арналған және ең шешуші екінші бөлігі басталады. Ел ағалары, шешен билер, батырлар, өздері де тақтан үміткер болған кейбір сұлтандар кезекке тұрып,жамағатқа қарата сөз сөйлейді. Барлық сөз болашақ ханның абзал қасиеттеріне арналады. Сөйтіп, ақ бата беріледі. Бұдан кейін ұлыстағы айрықша беделді алдын ала белгіленген төрт кісі ортада малдас құрып отырған үміткерді ақ киіздің төрт бұрышынан алып, бастарынан асыра жоғары көтереді де қайтадан жерге түсіреді. Хан сайлау рәсімінің ең түйінді шешімі – осы. Билікке жетті, таққа мінді деген мағынада айтылатын «ақ киізге көтерілді, хан көтерілді» деген сөздердің түп-төркіні осы рәсімде жатыр», дейді. Бұдан бөлек те хан көтеру рәсімінде атқарылатын жөн-жоралғылар аз болмаған. Соның бірі – ханды ақ киізге салып, күн шеңберлі бағытпен үш, жеті, тоғыз рет айналады. Бұл рәсім біткен соң ханды киізге салып көтерген төрт бұрыштағы төрт жігітке ханның сыртқы киімін үлестіріп, ханға жаңа киімдер, яғни хандарға лайық киімдерді кигізеді. «ХАНТАЛАПАЙ» МЕН «ХАН САРҚЫТЫ» Ханды көтеріп болған соң жасалатын «ханталапай» жоралғысы тағы бар. Мұнда ханның отырған ақ киізін де халық тәбәрік ретінде өздеріне алады. Бірақ кейінгі кезде «ханталапай» мен «хан сарқытын» екіге бөліп қарастырып жүрген тарихшыларымыз да аз емес. Мысалы, тарих ғылымдарының магистрі Думан Наушаұлы өзінің «Қазақ қалай хан сайлады?» атты мақаласында: «Хан сарқытына» мүлде қарама-қарсы «ханталау» деген де салт болған. Бұл – ел сенімін ақтамаған, дарынсыздығымен емес, қорқаулығымен жексұрын болған, ақылсыздығымен ғана емес, арамдығын танытқан, түзелмейтін әміршінің мал-мүлкін тігерге тұяқ қалдырмай бөлісіп алу. Зорлық емес, барымта емес, жамағат шешімімен жүзеге асатын жаза. Дәстүрге сыйымды, заңды іс саналған. «Ханталау» салты – таққа мінген хан ғана емес, ел билеген кез келген әміршінің адамшылықтан аттамауының кепілі болды. «Ханталау» аяқ астынан оқыстан жасалмаған, әуелі әміршінің, бек пен төренің оғаш қылықтары, мұның Алаш жұртының жөн-жоралғысымен сыйыспайтыны турасында арнайы ескертулер жасалған. Осыдан соң ғана ел ағалары, жалпы жұрт болып жаппай баталасып, қатал үкімді жүзеге асырған. Мәселен, XVIII ғасырдың аяқ кезінде Жобалай Керейді билеп отырған ең соңғы төре осындай жазаға ұшырапты. Мейманасы тасыған, жұртта жүйрік ат қоймаған төре ең ақырында мұнымен де тоқтамай, игі жақсылардың намысына тиіп, қорлай бастаған кезде «ханталауға» түседі. Талауға түскен төре бар биліктен айырылады, қайда барса да абырой таппайды», деген дерек келтіреді. Қазақ балаларына жақсы таныс ханталапай ойынының да түп-төркіні «ханталау» мен «ханның сарқытына» таласудан келіп шыққаны ақиқат. Міне, біздің хан атауынан шыққан түрлі-түрлі ырымдар мен жөн-жоралғылардың бір парасы осындай. «Хан қашанда халқымен хан» деп білген дана халқымыз біреудің атақ-абыройына бола сыйламаған. Керісінше мансап, лауазым бере отырып, оның сол атаққа сай жұмыс істеуін немесе істемегенін бағалап отырған.

Шапағат ӘБДІР

   
AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар