«ҚАЗІРГІ ЖАСТАР ОЙЫН БҮКПЕСІЗ АЙТАДЫ»
Осыдан тура он жыл бұрын, яғни 2012 жылдан бастап жастардың ортақ мәселелерін жергілікті, республикалық дәрежеде қолға алу үшін жастар ресурстық орталықтары құрыла бастады. Жастардың шығармашылығын дамытуға, жаңашыл жобалардың қанат бітуіне орталықтың беретін бағыты мен мүмкіндігі мол. Осы орайда орталық тарапынан атқарылған жұмыстар, алдағы жылға қойылған меже төңірегінде облыстық жастар ресурстық орталығының директоры Арайлым Әбдуалиевамен сұхбаттасудың сәті түскен еді.
– Арайлым Әділбекқызы, облыстық жастар ресурстық орталығының екі тізгін, бір шылбырын ұстағаныңызға жарты жылға жуықтады. Біршама уақыттан бері саланың отымен кіріп, күлімен шығып жүргендіктен, жастарды толғандырған мәселелер сізге жақсы таныс деп ойлаймыз. Бірінші кезекте қандай мәселелерді шешуге басымдық берілуде?
– Қазіргі таңда елімізде жастарды қолдауға бағытталған мемлекеттік бағдарламалар аз емес. Ашығын айтқанда көптеген мәнді мәселенің оң шешімін табуына салалық мемлекеттік бағдарламалар, жарқын жобалар көп септігін тигізуде. Әсіресе жастар арасындағы жұмыссыздықты жоюға, кәсіпкерлікке бет бұруына айтарлықтай ықпал етіп жатыр. Сондықтан мол мүмкіндіктерді пайдалану үшін үгіт-насихат жұмыстарын тұрақты түрде қарқынды жүргізіп келеміз.
Дегенмен мұнымен шектеліп қалуға болмайды. Жастарымызды алаңдататын мәселелерді шешу мақсатында барлық мүмкіндіктерді пайдаланып жұмыс істеп жатырмыз. Мәселен 14-30 жас аралығындағы жастар арасындағы түйткілді мәселелерді анықтау үшін әлеуметтік сауалнамалар, онлайн-сауалнамалар жүргізілді. Сауалнамаға Тараз қаласы мен аудандардан 706 респондент қатысты. Респонденттер қала мен аудан жастарының санына қарай берілді. Сауалнама нәтижесінде жастар тарапынан кәсіпкерлерді қолдау, жұмыссыздық пен тұрғын үй мәселесінің көп көтерілгеніне көз жеткіздік. Сонымен қатар жастарымыздан ұйымдаспаған және жұмыссыз жастардың санын азайту үшін жалақыны жоғарылату, жаңа жұмыс орындарын көбейту, жаңа өнеркәсіп орындарын ашу, мемлекеттік бағдарламалар санын көбейту бойынша да ұсыныстар түсті. Қазіргі таңда ұсыныс-пікірлер бойынша жұмыс атқарылуда.
– Жеке-жеке тоқталмай-ақ қоялық, мәселен сауалнамада көп көтерілген, айтылған жас кәсіпкерлерді қолдау бойынша нақты қандай жұмыстар қолға алынды?
– Жоғарыда айтып өткенімдей мемлекеттік бағдарламаларды, тиімді жобаларды жастарға кеңінен насихаттау, түсіндіру мақсатында жыл бойы жоспар бойынша ауқымды жұмыстар атқарылды. Нәтижесінде бір ғана республикалық «Тәуелсіздік ұрпақтары» грантына облыс бойынша 2 900-ден астам жоба түсіп, 33 жоба жеңімпаз деп танылды. Жоба жеңімпаздары қайтарымсыз 3 миллион теңгеге ие болып, кәсібін бастауға мүмкіндік алды.
Жалпы жастарымыз кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған бағдарламалармен жақсы таныс. Субсидияға қол жеткізіп, қайтарымсыз грант алып, табыс тайқазанын тасытып жүрген жастарымыз өте көп. Мұның барлығы орталық мамандарының еңбегінің жемісі екені анық.
– Статистикаға сүйенсек, елімізде ерте шаңырақ көтерген отбасылар жиі ажырасады екен. Осы орайда сізден облысымыздағы ахуалды сұрағым келеді. Жастарымыздың ажырасуына жол бермеу мақсатында қандай жұмыстар істелініп жатыр?
– Жыл басынан бері облыстық, Тараз, Шу қалалық және 10 аудандық жастар ресурстық орталықтары отбасы мәселелері бойынша 3 бағытта жұмыс жүргізді.
Отбасын құрып жатқан жастарға қолдау көрсету, кеңес беру және ақпараттандыру, жастарға отбасы құндылықтарын насихаттау мақсатында «Бақытты отбасы – бақытты балалар», «Бала тәрбиесі», «Тәрбиелі ұрпақ – болашақтың кілті», «Жастарды отбасылық өмірге дайындау» және тағы да басқа тақырыптарда 214 іс-шара өтіп, 4 630 жас қамтылды және 1 686 жас отбасы кеңес алды.
Сонымен қатар ажырасуға өтінім берген азаматтарды қолдау, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу бағыты бойынша «Біз зорлық-зомбылыққа қарсымыз», «Неке және отбасы», «Отбасы құндылықтарын сақтау», «Зорлық-зомбылықсыз балалық шақ» секілді арнайы тақырыптар бойынша 66 іс-шара өтті. 2007 жас қатысып, 193 жас отбасымен жұмыс жүргізілді.
«Отбасылық сот» пилоттық жобасын іске асыру шеңберінде «Бастау» жұмыс тобы отбасындағы өзара қарым-қатынас мәселелерін шешу мақсатында 780 сот ұйғарымы бойынша 650 отбасы қолдау тапты және 125 ұйғарыммен жұмыс атқарылуда.
Неке және отбасылық құндылықтарды насихаттау және сақтау, ағартушылық жұмыстар жүргізу бағыты бойынша жастар мен жас отбасыларға профилактикалық сипаттағы шараларды жүргізуде ақпараттық үгіттеушілік және өз отбасына деген сүйіспеншілік, шыдамдылық, жауапкершілік дағдыларын қалыптастыру мақсатында «Біз бақытты отбасымыз», «Бірлікті отбасы жарқын болашақ», «Ерлі-зайыптылардың отбасы алдындағы міндеті», «Ене мен келіннің сыйластығы», «Әйел бақытының сырлары» және басқа да тақырыптарда 132 іс-шара ұйымдастырылды. Оларға 2723 жас қамтылып, 69 жас отбасыға кеңес берілді.
Сонымен қатар жастар арасында салауатты өмір салтын қалыптастыру бойынша «Өз өмірің өз қолыңда», «Жастардың репродуктивті денсаулығы», «Дені сау ұрпақ – жарқын болашақ» тақырыптарында 126 іс-шара өткізіліп, 3 375 жас қамтылды.
– Алдағы уақытта жастардың игілігі үшін қандай жобаларды жүзеге асыру жоспарда бар?
– Жүзеге асыратын жобаларымыз өте көп. Мәселен, осы жылдың аяғында кітапқа құштар жастарға арналған жобаны жүзеге асыру жоспарлануда. Қазіргі таңда ЖОО мен кәсіптік техникалық оқу орындарының жастар ісі жөніндегі комитет жетекшілерімен, жастар ҮЕҰ-мен, құқық қорғау орындарымен, төтенше жағдайлар департаментімен бірлескен салааралық жоспарларымыз бар. Жоспар аясында әр салаға қатысты жобаларымыз да бар. Жастар ресурстық орталықтарының мамандарын әр жоспарға куратор ретінде бекітіліп, жұмыс жүргізуде.
– Жастармен жұмыс жүргізу креативтілікті, жаңашылдықты талап етеді. Ал сіз қаншалықты ізденесіз?
– Өзге дамыған мемлекеттерде жастар саясаты қалай жүргізіледі? Олардан біздің жастарға тиімді, жастар қолдап кететін қандай жобалар бар? Сол жағын көп зерттеймін. Қазіргі жастар жеке шекара қоя біледі, өз ойын бүкпесіз айтады. Оларға сөзің өтіп, бірге жұмыс істеу үшін немесе олардың ойын білу үшін, бізге де дәл сондай әлеует керек. Қолым босай қалса сол жағынан көп ізденуге тырысамын.
– Айтыңызшы, бүгінгі жастар неге қызығады?
– Қызығушылықтары әртүрлі. Заман ағымына қарай курстарға қатысып, өздері бейім салаға байланысты білім алып жүргендері өте көп. Сонымен қатар, қазір жаңа технология заманы. Интернетсіз өмірді елестету мүмкін болмай қалды. Жастардың қызығатыны – ІТ технология саласы. Мобилография, робототехника, СММ сияқты курстарға қатысуға қызығушылықтары жоғары. Студент болып жүріп осы салаларда жұмыс істеп жүрген жастарымыз дар бар.
ЖОО мен кәсіптік техникалық оқу орындарында қоғамдық өмірге араласып, волонтерлік қызметпен айналысып, белсенді студент болып жүргендердің саны да күн санап өсіп жатыр.
– Жастар ұйымдарын басқарған аға буын өкілдерімен қаншалықты байланыстасыз? Олардың ақыл-кеңесіне жиі жүгінесіз бе?
– Әрине, онсыз болмайды ғой. Аға буынның жастар саясатында тәжірибесі мол. Ақыл-кеңестеріне жүгінемін, өздері де қате кеткен жерлер болса хабарласып, ақылдарын айтып отырады. Мәселелер туындаған жағдайда шешу жолдарына көмек беріп отырады. Әрдайым байланыстамыз, бірлескен меморандумдарымыз да бар. Іс-шараларымызға қонаққа шақырып отырамыз.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан Айжан ӨЗБЕКОВА
Келесі мақала