ӘДІЛЕТ ВИЦЕ-МИНИСТРІ ӘУЛИЕАТАДА
Биыл ҚР «Қазақстан Республикасындағы Конституциялық Соты туралы» Заңы қабылданып, осы жылдың 18 қарашасынан бастап күшіне енген өзгерістер қатарында Конституциялық Сот өз қызметін алдағы жылдың 1 қаңтарынан бастайтыны белгілі.
Сонымен қатар ҚР «Нотариат туралы» Заңына енгізілген түзетулердің арқасында жылжымайтын мүлікпен мәмілені рәсімдеу ісі жеңілдетілгенін де айта кетуіміз керек. Бұдан былай мәмілені рәсімдеуде азаматтың жылжымайтын мүлкі орналасқан жеріне баруы міндетті емес. Өйткені оны республика бойынша кез келген нотариуста рәсімдеуге болады. Бұл туралы облысқа жұмыс сапарымен келген ҚР Әділет вице-министрі Бекболат Молдабеков облыс тұрғындарымен және БАҚ өкілдерімен кездесуі барысында айтты. Ол өз сөзінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауындағы басымдықтарға тоқталып, заңнамаларға енгізілген өзгерістерді тілге тиек етті.
– Осы жылдың 20 маусымында «Адвокаттық қызмет және заң көмегі туралы» Заңға да өзгерістер енгізілді. Аз қамтылған және көпбалалы отбасыларға, тұрмыстық зорлық-зомбылық, азаптау құрбандарына, І және ІІ топтағы мүгедектерге, зейнеткерлерге құқықтық кеңес беру түрінде тегін заң көмегі жүзеге асады. Азаматтық хал актілері саласында рәсімді жеңілдету аясында некені тіркеу мерзімі 15 күнге дейін қысқартылып отыр.
«Электрондық үкімет» порталы және «eGov mobile» мобильдік қосымшасы арқылы туу, неке және қайтыс болу туралы куәлікті электрондық түрде, сонымен қатар жаңа туған нәрестеге туу туралы куәлікті екінші деңгейдегі банктердің (Kaspi және Halyk Банктің) мобильдік қосымшалары арқылы алуға жеңілдіктер қарастырылған. Әділет министрлігі зияткерлік меншік құқын қорғау бойынша, осы жылдың 11 айы ішінде облыс тұрғындары мен кәсіпорындарынан берілген өтінімдер бойынша тауар таңбасына 75 куәлік, өнертабысқа 8 патент берді. Ал пайдалы модельдерге 28 патент берілсе, мемлекеттік және облыс бойынша 104 жеке сот орындаушының қызметі жүзеге асты. Алименттерден өндірілген өндірісте бүгінде 440 мың атқарушылық өндірістік іс қаралды. Өндіріс барысында 209 мың іс қаралып, олардың басым бөлігі тиісті құжаттармен толықтырылды. Яғни облыс бойынша бұл 19 мыңнан астам істі құрап отыр. Бұл ретте жекелеген борышкерлер нақты материалдық мүмкіндіктерге ие болғаны анық немесе балаларына жәрдемдесуден әдейі жалтарып, өз мүліктерін жасырып келген.
Алимент өндіруге қатысты іс жүргізу процесінде сот орындаушылары мәжбүрлеу сипатындағы шараларды қолданды. Атап айтқанда, осы жылдың 11 айында облыста алименттік төлемдер бойынша сот актілерін орындамағаны үшін 214 борышкер әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Ішкі істер органдарына қылмыстық жауапкершілікке тарту үшін 47 ұсыным жолданып, 142 борышкерге қатысты ел аумағынан шығуға уақытша тыйым салынды, – деді ҚР Әділет вице-министрі.
Берешекті мемлекеттік шекара арқылы өткізу пункттерінде және қоғамдық орындарда орнатылған терминалдар, сондай-ақ «Kaspi банкі» мен «Қазпошта» мобильді қосымшалары арқылы онлайн төлеу мүмкіндігі қарастырылған.
Сондай-ақ Б.Молдабеков Әділет министрлігі «Әділет» ақпараттық-құқықтық жүйесіне жалпыға бірдей тегін қолжетімділікті қамтамасыз етіп отырғанын сөз етті. Бұл кәсіби заңгерлерге ғана емес, қарапайым азаматтарға ресми тіркелген нормативтік-құқықтық актілердің мәтінімен танысуға мүмкіндік береді. Министрліктің «119» нөмірі бойынша тәулік бойы құқықтық ақпараттық қызметі жұмыс істесе, оның ішінде халыққа барлық құқықтық мәселелер бойынша тегін кеңес беріледі.
Жиын соңында вице-министр қатысушылардың сауалдарына жауап беріп, одан кейін тұрғындарды жеке сұрақтарымен қабылдады
Нұржан ӘЛІШ
Келесі мақала