Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Жыр-шашу

Жыр-шашу
ашық дереккөз
Жыр-шашу
Азаттықтың алтын арқау жүрегі Төле, Әйтеке, Қазыбектен кешегі, Аманаттай аңыз желі еседі. «Ырыс алды – ынтымақ» деп үшеуі, Өсиет сөз қалдырыпты деседі. Тамыр солса, тобылғы да бүр салмас, Бақшасында мәуесі бар ұғар жас. Бабалардың арманындай Ата Заң, Балақтағы битті басқа шығармас. Алты бақан, ит тартыстан жадасаң, Безбүйрекке сын семсерін қадасаң. Бойға қайрат, дауа болар жаныңа, Еркіндіктің ақ жолысың – Ата Заң! Желбіресе Тәуелсіз ел байрағы, Бұзылмаса бірліктің бал қаймағы. Қырғи қабақ, араздасу жоқ жерде, Гүлжұмаққа айналады аймағы. Талаптансаң бақытты өмір сүрмекке, Онда, қалқам, Ата Заңды құрметте. Асықпасаң ақ күн туар алдыңнан, Абыройлы, тура жолдан мүлт кетпе! Азаттықтың алтын арқау жүрегі, Ата Заңым – Тәуелсіздік тірегі. Бағдаршамдай болашаққа жол нұсқап, Халқымызбен мәңгі өмір сүреді. Шырын Мамасерікова, ақын.   Асқақтай берсін біздің ел! Айтып биік байламды, Ұстағанда тізгін Ер. Ата Заңын айбарлы, Қабылдады біздің Ел. Талап мәнін ұғындық, Тәртіпте бар мағына. Қажет сәтте үңілдік, Ата Заңның бабына. Осы болар бағым да, Сөйлер болсам толғап мен. Барлығы Ата Заңымда, Көрсетілген тармақпен. Жарқыраса маңдайым, Жолды жолдар жалғайды. Ата Заңым әрдайым, Құқымызды қорғайды. Сапалы, мығым, бірегей, Осы болар озғаның! Отыз жыл болды, мінекей, Өз жолың бар, өз Заңың! Бақытты жүрсек жыр етіп, Көбейсін жаны ізгілер. Ата Заңын Ту етіп, Асқақтай берсін біздің Ел, Өркендей берсін біздің Ел! Есет Досалы, ақын.   Бірлігімнің бастауы Бағыт пенен бағдар сілтеп тұратын, Бейбіт елде сән-салтанат құратын. Әрбір жанға бақыт сыйлар, бақ сыйлар, Ата Заңым – мақсатым мен мұратым. Ұйыстырған қалың елдің орманын, Күш-қуаты, іргетасы орданың. Темірдейін тәртіптердің жаршысы, Ата Заңым – қасиетті қорғаным. Мәнді еткен адамдардың ғұмырын, Жүйелеген әдеті мен ғұрыбын. Ата Заңым – бірлігімнің бастауы, Биік еткен Тәуелсіздік тұғырын. Аят Бәтей, М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің 2-курс студенті
AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар