МАЙҚЫ БИДІҢ ЗАҢЫ ҚАНДАЙ?
«Түгел сөздің түбі бір, түп атасы Майқы би» деген аталы сөз тегін айтылмаса керек. Сол Майқы бидің де «Жеті жарғыға» ұқсас жеті ережеден тұратын заңы болған деген дерек бар. «Қазақтың Ата Заңдары» кітабының ІІ томының 306-бетінде Майқы бидің заң ережесінің бірінші бабы жайлы: «Бірінші: Адам құны туралы. Мұнда соғыста өлгендерге құн төленбейді делінген. Екінші: Жесірлер мен неке туралы. Мұнда неке бұзған ерлерге қырық дүре соғылады. Ал некесі бұзылғандарға есі дұрыс, екі жақпен де өштігі жоқ, он екі мүшесі сау үш адам куәлік етуі шарт делінеді. Сондай-ақ ер-әйелді татуластыруға күш салып, егер бір-бірінің көзіне шөп салмаған жағдайда отбасын сақтауға үндеген. Үшінші: Жер иелігі мен жер бөлісі туралы. Мұнда жерге кім бұрын иелік етіп, сонда терін төккен болса жер соныкі болады. Ал жердің шекаралары ұлы таулар мен үлкен өзендер арқылы бөлінсін деген. Төртінші: Ұрлық туралы. Мұнда ұрының істеген ісіне қарай айып тағу қарастырылған. Бесінші: Барымта туралы. Мұнда барымтаны өтеген адамның ісі жөн болса екі жақты татуластырып, келісімге келтіру туралы және әлдекім өтірік айтып барымта алса, оның ісін ұрлықпен, тонаумен тең дәрежеде қарау көзделген. Алтыншы: Дау-шарлар туралы. Мұнда ел ішіндегі түрлі даулардың әділ бағасын беру және куәгерлердің шын сөйлеуі туралы төрелік ету істері қарастырылған. Жетінші: Мал құны туралы. Мұнда майталман жорға, қара үзген бәйге аттарының құны 100 қой, атан, нар түйелердің құны 25 қой деген сияқты әртүрлі малдың сыны мен сипатына қарай құны белгіленген» деп жазылған. Яғни Майқы бидің заң ережелері үш ханның кезіндегі заңның түп-төркіні болып саналады. Демек «Қасым ханның қасқа жолына» дейінгі заңның жүлгесі осы деуге негіз бар.«ҚАСЫМ ХАННЫҢ ҚАСҚА ЖОЛЫ»
Заман талабына сай, заңдарға да толықтырулар мен өзгерістер енгізіліп отыратыны заңдылық. Міне, сол себепті де «Қасқа жол» мен «Ескі жол» заңдары XVII ғасырдың аяғы мен XVIII ғасырдың басында қайта толықтырылған. Ал Тәуке ханның тұсында (1680-1718) «Күлтөбенің басында күнде жиын» өткізіліп, «Қасқа жолдың» бұрынғы бес тарауына жаңадан екі тарау қосылып, «Жеті жарғы» жасалады. Бұл жаңадан қосылған екі тарау жер дауы және құн дауы туралы заң еді. Ал енді қазақтың Ата Заңдары кітабының 295-бетінде келтірілген дерекке сүйенсек, «Қасқа жолдағы» ережеде: «Мүлік заңы ( мал, мүлік, жер дауын шешу ережелері). Қылмыс заңы (кісі өлтіру, ел, шабу, мал талау, ұрлық қылмыстарына жаза). Әскери заң (қосын құру, аламан міндеті, қара қазан, ердің құны, тұлпар ат) Елшілік жоралары (майталмандық, шешендік, халықаралық қатынастарда сыпайылық) Жұртшылық заңы (шүлен тарту, ас, той, мереке үстіндегі ережелер, жасауыл, бөкеуіл, тұтқауылдардың міндеті)» деп жазылған. Бұл «Қасым ханның қасқа жолы» заңының төрт үлкен бабы болып саналады.«ЕСІМ ХАННЫҢ ЕСКІ ЖОЛЫ»
«Қасым ханның қасқа жолы» бір ғасырдай өз міндетін атқарғаннан кейін Есім хан таққа келеді. Бұл 1598-1645 жылдар еді. Есім ханның тұсында «Хан болсын, ханға лайық заң болсын», «Абыз болсын, абыз сыйлау парыз болсын», «Би болсын, би түсетін үй болсын» деген сияқты заңдылықтар қосылып, жаңғыртылғанымен, «Қасқа жолдың» жалпы құрылымын бұзбағандықтан да ол «Ескі жол» атанып, сол ескі заңмен жүре береміз дегенді білдірсе керек дейді кей зерттеушілер. Сондай-ақ «Есім ханның ескі жолында» ауыр жазаның үш түрі болған. Олар – жан жазасы, мал жазасы, ар жазасы. Бұл заңдардың баптары бар-жоғы 4 немесе 7 баптан құралғанымен оның ішінде әртүрлі жағдайға байланысты әртүрлі үкім кесу шарттары болған. Онда қандай жағдайда таспен ұрып өлтіру жазасы қолданылады, қандай жағдайда елден қуып, аластайды деген сияқты мәселенің бәрі қарастырылған.ТӘУКЕ ХАННЫҢ «ЖЕТІ ЖАРҒЫСЫ»
Тарихшылардың арасында Шыңғысхан дәуіріндегі «Жасақ» заңын да біздің Ата Заңымыздың бір тармағы ретінде көрсететіндер бар. Алайда әлі күнге дейін «Жасақ» заңымен бұл заңдардың арасында қандай да бір байланыстың бар екені толық дәлелденбеген. Ал «Жеті жарғының» жеті тармағы қандай еді? Заңның бірінші саласы – жер дауы. Екінші – үй ішіндегі тәлім-тәрбие мәселесі. Үшінші саласы ұрлық пен қорлыққа, барымта мен сырымтаға шектеу қояды. Төртінші бағыты – ел мен ел, халық пен халық, ру мен ру, көрші-қолаң арасындағы туындаған дауды сыбайластықпен емес, сыйластықпен шешу жолын нұсқау. Бесінші саласы – мемлекеттің іші-сыртындағы дау-дамайды шешу, жасақ құру, сардар сайлау сияқты мәселелерді қамтыған. Алтыншы бабы – түгелдей құн дауына бағытталған. Жетінші – айып төлеу түрлері қамтылған заң. Міне, «Жеті жарғының» негізгі жеті бабы. Алайда соңғы айып төлеу бабы бірнеше тармаққа бөлініп, заманалар өткен сайын жаңғырып, жаңарып отырған. Онда жеті айып болған. Бірінші айып – «Қара қазан төлеу». Бұл айыпкердің шаңырағының ортасына түскенінің белгісі. Екінші – «Қаранар беру». Бұл жерде өлген адам абыройлы, батыр немесе басқа да мықты адам болса, оны сол нармен артып әкеліп Түркістанға жерлейтін болған. Үшінші – «Қара мылтық алу». Бұл қылмыскердің қаруын алуы, яғни оның екінші қылмыс жасауына жол бермеу. Төртінші – «Қара шолақ бие жетектеу». Айыпкердің ырыс-берекесінің қашқаны, яғни үйіндегі жалғыз атын бергені сияқты халде қалдыру. Бесінші – «Қара кілем ұстату». Қылмысын толық мойындап тұралағандықтың көрінісі саналған. Алтыншы – «Жетім беру». Бұл дауласқан екі жақ бірін-бірі кешіріп, бұдан кейін аралас-құраластық басталсын, көңілде кірбің қалмасын дегені. Жетінші – «Жесір бастаған тоғыз жөнелту». Бұл дау қумаймыз, туыспыз дегеннің белгісі саналған. Міне, осы сияқты айыптың түрлері болған. Тәуке ханның «Жеті жарғысы» деген атпен белгілі құқықтық ережелердің ана тілімізде толық нұсқасын жазушы-этнограф Ж.Ахмадиев Түркістан қаласындағы белгілі Қожа Ахмет Ясауи мұражайының экспозициясынан 1977 жылы көшіріп алған. Онда: «Халықтың ханы, сұлтаны, пірі, хазіреті қастан өлтірілсе, олардың әрқайсысы үшін, жеті кісінің мөлшерінде құн төленсін. Төрелер мен қожалардың жай қатардағы біреуі өлтірілсе, олардың әрқайсысына екі кісінің құны төленуі тиіс. Сырттан келген адам үйге кірерде мініп келген атын босағаға байланғандықтан біреуді теуіп өлтірсе – бүтін құн. Үйдің жапсарына байланған ат теуіп өлтірсе – жарты құн. Ал үйдің артына байланған ат теуіп өлтірсе, тек ат-тон айып берілсін. Ата-анасы, туған баласы оларды ренжітіп қарсы келіп, қол жұмсағаны үшін оны өлтірем десе де ерікті, сұраусыз болады. Кәмелетке жеткен баласы туған ата-анасына тіл тигізгені үшін дүреден бастап не жаза қолданамын десе ерікті. Құда түсіп, құйрық-бауыр жескен, ақ баталы жесір кетсе, оған төленген қалыңмал түгел жесір иесіне қайтарылып, оның үстіне қалыңсыз қыз яки бір қыздың қалың малын төлейді. Ұры айыр түйеге – нар, атқа – аруана, тайлаққа-атан, тайға – ат, қойға-тана төлейді. Оның үстіне үш тоғыз айыптың бірін ретіне қарай төлеуі керек» деп жазылған. «Қазақтың Ата Заңдары» атты 10 томдық кітаптың 2-томының 79 бетінде: «Тәуке ханның «Жеті жарғысы» Ұлытауда үш жүз тайпалары өкілдерінің қол қойған таңбалы тасы шын мәніндегі қазақтың тұңғыш Конституциясы еді» деп жазылған. Міне, бұл тарихи шындық. Бабаларымыз ұстанған жолды үлгі тұтқан Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев та биыл сол Ұлытауда жиын өткізіп, Құрылтай шақыру дәстүрін жаңғыртты. Демек Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың идеясының түбі де кешегі Қасым хандардың қасқа жолынан тамыр алып жатыр деген сөз. Біздің мемлекетіміздің ұстанған жолында ұлы дала демократиясы сақталған. Өз алдына заңы, сот жүйесі, қылмыс жазасы, шекарасы болған біздің елдің ертеңі енді «Жаңа Қазақстан» атауымен қайта түлегені бабаларымыздың аңсаған арманының орындалғанының белгісі.ТҮЙІН:
Шын мәнінде ғасырлар бойы біздің халықты басқарып келген, кешегі хандар да, ру басылары да, билер де дала демократтары еді. Сол ақылы қырық нарға жүк болатын ұлы саясаткер хандар мен төрелеріміздің арқасында біз осыншама ұлан байтақ жерге ие болып отырған жоқпыз ба? Тіпті қазақтың адам құқын сақтайтын талаптары мен хан сайлау заңдылығының өзінде демократияның төресі жатқан жоқ па? Иә, заңы мықты мемлекеттің ғана ғұмыры ұзақ болмақ. Біздің еліміздің Тәуелсіздік алғанына енді ғана 30 жыл толып жатқанымен тарихы 3000 жылдан да ары екеніне дәлел көп. Дала мәдениетін қала мәдениетімен ұштастырып жатқан егемен еліміздің ертеңі нұрлы болу үшін де бүгінгі Жаңа Қазақстанымыздың жаңа заңы мықты болуы шарт. Сонда ғана біздің өркениетті елдердің көшіне ілесуімізге жол ашылмақ.
Шапағат ӘБДІР