Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

ЖӘБІРЛЕНУШІ БАР, ЖӘБІРЛЕУШІ НЕГЕ ЖОҚ?

ЖӘБІРЛЕНУШІ БАР,  ЖӘБІРЛЕУШІ НЕГЕ  ЖОҚ?
ашық дереккөз
ЖӘБІРЛЕНУШІ БАР, ЖӘБІРЛЕУШІ НЕГЕ ЖОҚ?
Белгілі саясаткер, ұлт жанашыры Дос Көшім өткен жылдың желтоқсан айында республикалық «Жас Алаш» газетінде жарияланған «Желтоқсандағы күнәңнан арылдың ба?» атты мақаласында Желтоқсан көтерілісінің 35 жылдығы қарсаңында бейбіт шеруге шыққан қазақ жастарын аса қатыгездікпен жазалаған, ұрып-соққан, жұмыстан, оқудан шығарған, әділетсіз жазалар белгілеген адамдардың халық пен ұлттың алдында кешірім сұрап, күнәдан арылу қажеттігін айтады. Ұлтжанды азаматтардың көкейіндегі ойды дөп басқан саясаткер аталған мақаласында: «Түсінемін, арылу – істеген ісіңді мойындау болып табылады. Үндемей құтылу – ондай жағдайдың, алаңға шыққан жастарды аяусыз ұрып-соғудың болмағаны сияқты көрінеді. Бірақ ондай жағдайда «Қайрат Рысқұлбековке «Халық қаһарманы» атағы не үшін берілді?», «Желтоқсанға байланысты ескерткіштер неліктен орнатылды?» деген сұрақтың туары анық. Боздақтар бар да, ал оларды жазалаған жауыздардың жоқ болғаны ма? Бұл – абсурд. 99 адамды соттағанда, екі адамды өлім жазасына кескенде, бірнеше мыңдаған жанды соққыға жығып, бірнеше мыңдаған жасты оқудан, жұмыстан қуғанда ешкімнің жауап бермеуі (ең болмаса өзінің арының алдында) – ақылға кірмейтін мәселе», деп ойын сабақтайды. Ендеше «Қайрат Рысқұлбековке «Халық қаһарманы» атағы не үшін берілді?» «Желтоқсанға байланысты Tскерткіштер неліктен орнатылды?» деген сұрақтарға қал-қадірімізше жауап беріп көрсек... Қайратқа қитұрқы саясатпен телерадио орталықтың инженері, халық жасақшысы С.Савицкийді өлтірді деген жала жабылып, ату жазасын тағайындағаны көпшілікке мәлім. Дейтұрғанмен өркениетті елдердің зиялы қауым өкілдерінің сол кездегі Кеңес одағы Президиумының төрағасы А.Громыкоға жасаған қысымының нәтижесінде үкім 20 жыл бас бостандығынан айыруға өзгертіледі. Алайда көп ұзамай 1988 жылдың 21 мамырында Қайраттың қайтыс болғаны жайлы қайғылы хабар жетеді. Қайратты Бірлік ауылындағы орта мектепте оқытқан ұстазы Сейіткерім Қожаназаров Мойынқұм ауданы мұғалімдерінің 1987 жылғы Тамыз кеңесінде «Қайрат біздің оқушымыз еді. Оның адам өлтіруі мүмкін емес, оның жазасын жеңілдетейік деп ұстаздардың атынан үндеу қабылдайық», дегенде төралқадағы аудан және облыс басшылары мұғалімдерді қарсы қойып, сөйлеткізбей тастады. Cәкеңмен сол сәттен бастап Қайрат жайлы ақылдасып, кеңесіп тұратын болдық. Бізді қыршын боздақтың жұмбақ өлімі айрықша толғандыратын еді. 1991 жылы Наурыз мерекесінде Қайраттың Семей қаласындағы мәйітін Бірлік ауылына алып келіп, жерлеп, басына ескерткіш орнатып, өзі оқыған мектепке Қайраттың есімін бергізуге және тағы да басқа игі шаралар өткізіп тұру мақсатында Қ.Рысқұлбековатындағы қор аштық. Қордың атынан Бірліктегі С.Киров атындағы орта мектепке Қайрат Рысқұлбековтің есімін бергізіп, 1992 жылы ауылдың орталығына Халық қаһарманына еңселі ескерткіш орнаттық. . . . Қайраттың қазасының құпиясын зерттеу мақсатында Семей қаласына баруыма тура келді. Бір жолы Қайраттың анасы Дәметкен Асанбаеваға Алматыдан «Қайраттың өліміне байланысты материалдық шығындарыңызды қайтаруға өтемақы алу туралы мәселе 1993 жылы 20 шілдеде Жоғары Сотта қаралады. Келіңіз» деген мәтінде ресми хат келді.  Жан-жақты ақылдаса келе, Семей сапарының жақындауына орай мен де ілесіп баратын болдым. Ол кезде Мұхтар Шаханов Қырғыз Республикасында болатын. Журналист, жазушы Коммунар Табеевке (қазіргі аты-жөні Қайым-Мұнар Табеев – редакция) телефонмен хабарласып, мән-жайды түсіндірдім. Ертеңіне Алматы телеарнасындағы жігіттерге де хабар беріп, сот процесіне шақырдым. Сот барысында қазіргідей қиын кезеңде Қайраттың туыстарының тұрмыс жағдайларының нашар екендігін, аса қажет жағдайда Қор есебінен де көмек беріліп келгенін, сондықтан да оларға мемлекет тарапынан жеңілдіктер тағайындау туралы ойымды жеткіздім. Қайраттың ғана емес, Ербол, Ләззат, Сәбира сынды жас боздақтардың туыстарына да мемлекет тарапынан жеңілдіктер берілуі керек екенін айттым. Жоғарғы Сот мүшелері тағы да керекті құжаттарды дайындап, екі күннен кейін келуді ескертіп, шығарып салды. Ақсуаттық ақын Серік Жұматовпен уәделесіп қойған болатынмын. Әрі Семейдегі жігіттерге хабарласып, Қайраттың өлімі жайлы деректер алып қайтуым керек еді. Сондықтан Қайраттың анасы мен Коммунармен ақылдаса келе, Семейге жолға шығып кеттім. Ақсуаттық ақын Серік Жұматовпен уәделесіп қойған болатынмын. Әрі Семейдегі жігіттерге хабарласып, Қайраттың өлімі жайлы деректер алып қайтуым керек еді. Сондықтан Қайраттың анасы мен Коммунармен ақылдаса келе, Семейге жолға шығып кеттім. Серік Жұматовтың көмегімен ішкі істер органында қызмет істеген Дәулет Әубәкіровты таптым. Алайда Дәулет Қайраттың суретінің пленкасын таба алмапты. Өзінің айтуынша, Дәулет шатастырып бір орыс жігітінің өліп жатқан суретінің нұсқасын сақтап жүріпті. Д.Әубәкіров 1991 жылы Семейде жолыққанымызда айтқан «Қайрат төсекте бүк түсіп жатқан болатын, мойнында болар-болмас дақ болған еді» деген сөздерін бұл жолы тағы қайталады. Бірақ Дәулет Болат Шалағановты (Қайраттың мәйітін таңға жуық көрген сот-медициналық сарапшы) табуға көмектесті. Болат түрмедегі Қайрат жатқан №21 камераға бізбен бірге кіріп, болған, көрген оқиғаларды Семей облыстық телеарнасының тілшісі Тілеген Ахметов пен Рахат Алтайұлына айтып берді. Болаттың айтуынша да Қайрат бүк түсіп, тізелерін бауырына алып жатқан. «Мойнында болар-болмас дақ болатын. Жарақат белгілері жоқ. Менің түсінігімше, Қайрат дем жетпей, тұншығып өлген сияқты. Сарапшылар актісіне қол қоймаса да бола береді», деді Камера қабырғасының ені 2-2,5 метр шамасында. 3 метрдей биіктіктегі тор көзге жіп пен іш көйлек (ол да Власенконыкі) солай байлаулы тұрыпты. Өзін-өзі асқан Қайрат қалайша тізесін бүгіп тұра алады?! «Саяси қылмыскер» ретінде өзіне қол жұмсаған адамды неге жан-жақты тексеріп, оны суретке түсіріп, неге сонан соң ғана жерге жатқызбаған? Қазақстанның бір қиырындағы түрмеден арнайы алдырылған, Свердлов облысындағы түрмеге аттандырылғалы тұрған Қайратпен бір камераға орналастырылған қандықол Власенко оны «асылып» тұрған жерінен шешіп алып, қолдан демалдырып жатыпты-мыс деген желеулі дәлелдер дайындалыпты. Қайраттың өзін неге жеке-дара камераға жатқызбаған?! Содан санаулы күндер бұрын өзінің ақталып шығатынын, ату жазасын 20 жылға өзгерткенін естіп секіре қуанған азаматтың көп ұзамай-ақ өзін өлімге қиюы да қисынсыз, тіптен мүмкін емес. Ашығын айтпаса да Болаттың берген жауаптарына қарағанда, Власенко Қайраттың таңғы тәтті ұйқысын пайдаланып, оны жастықпен тұншықтырып, тамағынан қылғындырған болуы әбден мүмкін. Дегенмен батыр ажалының анық ақиқаты да бұл емес, ол шындықтың да ашылатын уақыты жақындап келеді. Кейінгі дерек көздеріне қарағанда, белгісіз себептермен Власенконың да қайтыс болып кеткені жайлы хабар шықты. Бірақ бұл да құпия күйінде қалды... 1993 жылы шілденің аяғында Семей сапарында жүргенімде БАҚ беттерінде Коммунар Табеевтің «Қайратқа құн есебінде 31 миллион сом ақша берілетін болды» деген хабары шыға бастады. Ауылға оралған соң анасы Дәметкеннен мақала жайлы сұрағанымда материалдық көмек ретінде берілетінін айтты. Бірақ содан бастап Қайрат қорына қаражат түспей, тоқтап қалды. Жанашыр жігіттер: «Қайраттың аруағы саған риза шығар, Қордың жұмысын тоқтатқаның жөн болар, құн төленген соң оны даулау қисынсыз», деді. Көп ұзамай «Қазақ әдебиеті» газетінің журналисі К.Табеев «Ақпарат-араша» агенттігінің басшысы қызметіне жоғарылап кетті. Осындай әрекеттерге қарамастан, Қайрат Рысқұлбеков атындағы орта мектеп ұжымының қолдауымен облыс және аудандағы қоғамдық ұйымдардың 150-ге жуық өкілі қол қойып, сол кездегі ҚР Президенті Н.Назарбаев пен ҚР Жоғарғы Кеңесінің төрағасы С.Әбділдиннің атына және «Азаттық» радиосына «Халық қаһарманы» атағын Қайрат Рысқұлбековке бірінші болып берілуін және жас боздақтар Ербол, Ләззат, Сәбираны да ұмыт қалдырмау керектігін айтып, ұсыныс хат жібердік. Көп кешікпей біздің ұсынысымыз қолдау тауып, 1993 жылы қыркүйекте ҚР Президенті мен ҚР Министрлер кабинеті мемлекеттік наградалар бөлімі меңгерушісінің орынбасары К.Дүйсеевтен оңды жауап та келді. 1996 жылдың 9 желтоқсанында Президенттің Жарлығымен Қайрат Рысқұлбековке «Халық қаһарманы» атағы берілді. 1998 жылдың жазында Шу ауданының орталығы Төле би ауылына қоныс аударып, Қайраттың рухын құрметтейтін игі шаралар өткізуге күш сала бастадым. Кешікпей Қайрат 8 жыл оқыған С.Шәкіров атындағы орта мектепте мұражай бөлме ашылып, мектеп қабырғасына тақтатас қойылды. Бірлік ауылындағы Гагарин көшесі мен Төле би ауылындағы Почтовая көшесі, Алматы қаласындағы Обручев пен Астана қаласындағы орталық көшенің біріне Халық қаһарманының есімі берілді. 2016 жылы Тәуелсіздіктің 25 жылдығы қарсаңында сол кездегі аудан әкімі Рүстем Дәулеттің көмегімен аудан орталығы Төле би ауылының орталығында алғашқы қазақ хандары Керей мен Жәнібекке, Алтын адам және Халық қаһарманы Қайрат Рысқұлбековке арналған Тәуелсіздік горельефін орнатуға қол жеткіздік. 2000 жылдан бері 23 жылқатарынан Шу қалалық таэквондо федерациясының президенті Марат Тілеуқұловтың табандылығымен жастар мен жасөспірімдер арасында шығыс жекпе-жегінен Тәуелсіздік күні мерекесі қарсаңында Қайрат Рысқұлбеков атындағы республикалық турнир өткізіп келеміз. Қ.Рысқұлбековтің өмірін және Желтоқсан көтерілісін зерттеу бағытында 1999 жылы «Ер намысы – ел намысы», 2001 жылы «Қайрат және Желтоқсан көтерілісі», 2005 жылы «Қайрат танытқан қайраткерлер», 2011 жылы «Қайрат. Желтоқсан. Тәуелсіздік», 2015 жылы «Хантауы – Қазақ хандығының бесігі», 2019 жылы жамбылдық жерлесіміз, белгілі жазушы (марқұм) Мақұлбек Рысдәулетпен бірлесіп «Қаһарман Қайрат пен желтоқсаншылар» жинақкітабын жарыққа шығардым. Ер есімі ел есінде мәңгілік сақталады.

Мәкен УАҚТЕГІ, Әлем халықтары Жазушылары одағының, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Шу ауданының Құрметті азаматы

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар