Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

СЕРЖАН БАДЕНОВ – «ҮЗДІК НҰСҚАУШЫ»

СЕРЖАН БАДЕНОВ – «ҮЗДІК НҰСҚАУШЫ»
ашық дереккөз
СЕРЖАН БАДЕНОВ – «ҮЗДІК НҰСҚАУШЫ»
Жуырда Астана қаласындағы «Qazaqstan» жеңіл атлетикалық спорт кешенінде Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігінің ұйымдастыруымен «Ауыл алаңынан – Олимпиада тұғырына» атты ауыл нұсқаушыларының республикалық І конференция өтті. Жиынға Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев қатысты. Кездесуге қатысушылар ауыл спортын дамыту және жергілікті жерлерде озық тәжірибе ұсыну, балалар мен жасөспірімдер арасында облыстық және аудандық, ауыларалық жарыстар өткізу, жаңа спорт нысандарын ашу, еңбекақыны көтеру сияқты салаға қатысты мәселелер мен ұсыныстарды талқылады. Жалпы қазіргі таңда еліміздегі ауылдық жерлердегі спорт мектептерінде білім алатын 257 749 бала мен жасөспірімді, спорттық клубтарға баратын тағы 15 322 жасөспірімді, түрлі спорттық секциялармен қамтылған 40 578 баланы және білім беру ұйымдарындағы 32 812 студентті 4 мыңнан астам жаттықтырушы тәрбиелеуде. Сондай-ақ ауылдарда 3 мыңнан астам спорт нұсқаушысы жұмыс істейді. – Ауыл спортының негізгі қозғаушы күші – сіздер. Нұсқаушылар болашақ чемпиондарды тәрбиелеп қана қоймай, мыңдаған бала мен жасөспірім арасында спортты танымал етуге атсалысып келеді. Ауыл спортын дамыту үшін барынша жұмыс істеу керек. Алайда, қалыптасқан жүйеде қордаланған мәселе бар екені жасырын емес. Мысалы, нұсқаушылардың еңбекақысы көтерілген жағдайда бюджетке қандай жүктеме болады, нақты қандай міндеттемелер қойылған, кім қадағалап жауап береді, ауыл кадрлары кімге бағынуы керек және тағысын тағы. Даму үшін жүйелі түрде жұмыс істеу қажет, – деді конференцияның ашылу салтанатында сөз сөйлеген Дәурен Абаев. Сонымен қатар конференция барысында әр облыстың үздік ауыл нұсқаушыларына арнайы жүлделер тапсырылды. Жамбыл облысынан Т.Рысқұлов ауданы, Құмарық ауылдық округінің спорт нұсқаушысы Сержан Баденов «Үздік нұсқаушы» атанды.  width= ЖАПОНИЯДА ЖАЛҒЫЗ ЖҮЛДЕНІ ЖАМБЫЛДЫҚ БАЛУАН АЛДЫ Жапония астанасы Токиода ұйымдастырылған дзюдодан «Үлкен дулыға» бәсекесі аяқталды. Жылдың қорытынды додасында Қазақстан құрамасы бір медальға қол жеткізді. Ерлер арасында аса ауыр салмақта сынға түскен Ғалымжан Қырықбай қола медаль үшін жекпе-жекте чех балуаны Лукас Крпалектен басым түсіп, жүлдегерлер қатарынан көрінді. Ол іріктеу бәсекесінде америкалық Кристиан Коновалды жеңгенімен, кейін жапониялық Кокоро Кагюрадан ұтылып қалды. Жарыс қожайыны финалға шыққандықтан Ғалымжан жұбаныш белдесуіне мүмкіндік алды. Онда моңғолиялық Цеценсенгель Одхууды ұтты. 100 келіге дейінгі салмақтағы Нұрлыхан Шархан қола медаль үшін күресте жеңілсе, Ғалия Тынбаева жұбаныш белдесуінде ұтылды. Ал Токио татамиінде өнер көрсеткен Қазақстан құрамасының өзге өкілдері тегістей бірінші айналымда сүрінді.  width= БОКСШЫ БАҚЫТ ӘЛЕМДІ БАҒЫНДЫРДЫ Жуырда Испанияның Ла-Нусия қаласында бокстан өткен жастар арасындағы әлем чемпионаты өтті. ұлттық құрама сапында өнер көрсететін жерлесіміз, былғары қолғап шебері Бақыт Сейдіш 66 келі салмақта жасөспірімдер арасында бокстан әлем чемпионы атанды. Шу ауданы, Белбасар ауылының тумасы, әлемдік аренада Қазақстанның Әнұранын сан мәрте шырқатып, еліміздің спорттық даңқын асқақтатып жүрген Бақыт Саматқызы алғашқы кездесуден-ақ өзінің шын мықты екенін дәлелдей білді. Тіпті жартылай финалда Франция боксшысы Майлис Ричлді үш мәрте нокдаунға жіберіп, ақтық бәсекеге алқынбай жетті. Ал финалдық кездесуде германиялық Карлотта Шуенеманмен жұдырықтасып, жігер мен шеберлігінің арқасында айқын басымдықпен жеңіске жетті. Ияпанияда көк туымызды желбіретіп, тәуелсіз Қазақстанның абыройын асқақтатып қайтқан былғары қолғап шеберін кәсіпкер, Шу ауданының құрметті азаматы Болат Сауранбаев бастаған жерлестері, туған-туыстары әуежайдан салтанатпен күтіп алды. Жеңімпазға құрмет көрсетіп, әлем чемпионатындағы жеңісімен құттықтады.

Талғат Нұрханов

   
AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар