ҚАТАРДА КІМ ҚАРА ҮЗІП ШЫҒАДЫ?
Спортсүйер жанкүйерлер асыға күткен Қатардағы футболдан әлем чемпионатының жалауы желбірегелі де көзді ашып-жұмғанша үш аптадан асты. Топтық кезең мен 1/8 финалдық ойындар аяқталып, үш апта бойы мундиалдың көрігін қыздырған 32 команданың қатары селдіреп, 8 команда мәреге қарай жақындап келеді. Ширек финалға жолдама алған құрамалардың осалы жоқ. Қай-қайсысы болмасын әлем чемпионы тәжінен дәмелі. Алайда жүзіктің көзінен өткендей жұтынып тұрған құрамалардың арасында тек біреуінің ғана бағы жанып, жұлдызы жарқырайтыны анық. Ендеше көптің көкейінде жүрген «Қатарда кім қара үзіп шығады?» деген сауалға жауап іздеу мақсатында 20 қарашада басталған аладоп аламанына қысқаша шолу жасап шықсақ, артық болмас.
ТОПТЫҚ КЕЗЕҢДЕ ТОСЫЛҒАНДАР...
Бәрін басынан бастайық. 20 қараша күні Қатардың Әл-Хаур қаласындағы «Әл-Байт» стадионында жиырма екінші рет ұйымдастырылған доп додасының ресми ашылу салтанаты өтті. Стадионға жиналған 60 мың жанкүйер кореялық әнші және BTS тобының өкілі Чонгук пен қатарлық әртіс Фахад Әл-Кубайсидің «Dreamers» композициясын, әлемге танымал актер, «Оскар» сыйлығының лауреаты Морган Фрименнің өнерін тамашалады. Ашылу салтанатында сөй сөйлеген Қатар әмірі Тамим бин Хамад Ат-Тани футбол жанкүйерлерін мундиалдың басталуымен құттықтады. Жергілікті қари Ғаним Муфахтың Құран сүрелерін оқуы ашылу салтанатындағы ең айрықша, есте қалған оқиға болды. Қари мыңдаған жанкүйердің алдында Әл-Хужурат сүресінің 13-аятын оқыды.
Салтанатты рәсім аяқталғаннан кейін алаң иелері Қатар мен Эквадор құрамалары чемпионаттың шымылдығын ашып берді. Әлем чемпионатында төртінші мәрте өнер көрсетіп жатқан эквадорлықтар алаң иелерін 2:0 есебімен жеңіп, А тобында көш бастады. Мундиалдың алғашқы және екінші голын Эквадор құрамасының шабуылшысы Эннер Валенсия салып, командасына жеңіс сыйлады.
Жалпы топтық кезеңнің үш турында құрамалар барлығы 48 ойын өткізді. Көп ойында фаворит саналған құрамалардың асығы алшысынан түсті. Сондай-ақ тегіс жерден сүрініп, чемпионаттың аутсайдерлеріне есе жіберген құрамалар да аз болмады. Мәселен С тобындағы Аргентина мен Сауд Арабиясы құрамалары арасындағы ойында ешкім күтпеген нәтиже тіркелді.
Жанкүйерлер алдын ала тон пішкендей аргентиналықтар ә дегеннен ойын тізгінін өз қолдарына алды. Алғашқы минуттардан-ақ Месси бастаған, Лаутаро Мартинес, Анхель Ди Мария, Родриго Де Паул, Леандро Паредес қоштаған аргентиналықтар қарсыластар қақпасына бірден лап қойды. Үсті-үстіне жасалған шабуылдар нәтижесіз болмады. Ойынның 10-минутында Сауд Арабиясы қақпасына пенальти белгіленіп, мақтаулы Месси мүлт кетпеді. Есеп – 1:0. Лионель Скалони шәкірттері бір голмен шектелсін бе?! Шабуылды одан бетер үдете түсті. Тіпті бірінші тайм аяқталғанға дейін Сауд Арабиясы қақпашысы Мохаммед Аль-Оваисті үш мәрте қапы қалдырып, допты торда тулатты. Бірақ үш гол да оффсайттан соғылғандықтан, есепке алынбады.
Екінші таймды Сауд Арабиясы құрамасы екпінді бастап, 48 минутта-ақ Салех аль-Шехри есепті теңестіріп үлгерді. Аргентиналықтар ес жиып үлгермей жатып Салем аль-Давсари 53-минутта есепті еселеп, командасын алға шығарды. Аргентина құрамасы ойынның соңғы секундтарына дейін бірнеше қауіпті шабуылдар ұйымдастырғанымен, таблодағы есеп өзгермеді. Осылайша Леонел Месси бастаған аргентиналықтар Азия құрлығының өкілдеріне азуын батыра алмай, чемпионаттағы алғашқы сенсация тіркелді. Құраманың тарихи жеңісінен кейін Сауд Арабиясы Королі Салман ибн Әбд әл-Ғазиз әл-Сауд 23 қарашаны мемлекеттік демалыс күні деп жариялады.
Топтың кезеңнің бірінші турындағы Германия мен Жапония құрамаларының кездесуінде де 2:1 есебі тіркеліп, миллиондаған жанкүйерлер екінші сенсацияның куәсі болды. Ойынның, жалпы чемпионаттың басты фавориттерінің бірі «неміс машинасы» ойламаған жерден сыр берді. Ал ойын барысында 20-30 пайыз ғана допқа иелік етіп, тек қарымта шабуылдарға иек артуға мәжбүр болған жапониялықтар жарады.
Чемпионаттың тағы бір сенсациясын Тунис құрамасы тіркеп, 2018 жылғы әлем чемпионы Францияны тізе бүктірді. Дидье Дешам сенім артқан Францияның екінші құрамының ойыншылары дәрменсіздік танытып, қолда тұрған үш ұпайдан айырылды.
Үшінші турда Испания, Бразилия, Португалия құрамалары да білгендерінен жаңылды. Германиядан айласын асырған жапониялықтар «Қызыл фурияны» да қалпақпен ұрып алды. Ал Бразилия аяқдоп шеберлері 1:0 есебімен Камерунға жол берсе, Оңтүстік Корея құрамасымен ойнаған португалиялықтар да жеңісті өз пайдасына шеше алмады.
Тартысқа толы болған топтық кезеңнің ойындарының нәтижесінде 16 команда 1/8 финалдық ойындарға жолдама алса, 16 команда жарысты ерте аяқтады. Жарыс жолынан шығып қалған құрамалар – Эквадор, Катар, Иран, Уэльс, Мексика, Сауд Арабиясы, Тунис, Дания, Германия, Коста-Рика, Бельгия, Канада, Камерун, Сербия, Уругвай, Гана.
Айта кетейік, 2018 жылы Ресейде өткен әлем чемпионатында да Германия топтық кезеңнен ары аса алмаған болатын.
ШИРЕК ФИНАЛ ҮШІН ЖАНТАЛАС
1/8 финалдық ойындар аясындағы алғашқы матч Нидерланды және АҚШ құрамаларының арасында өтті. Бірінші таймның статистикасына сүйенсек, АҚШ құрамасы 63 пайыз допқа иелік еткен. Екінші таймдағы допқа иелік ету көрсеткіші жоғары. Бірақ асықпай жүріп аңдып басқан «қызғалдақтар елінің» футболшылары екі таймның қорытындысы бойынша 3:1 есебімен жеңіске жетіп, ширек финалға жолдама алды.
Топтық кезеңде Сауд Арабиясына қарсы ойынға нық сеніммен шығып, үш ұпайдан қағылған Аргентина құрамасы да ширек финалға шықты. Австралия құрамасымен кездескен әлемнің екі дүркін чемпиондары жинақы ойын өрнегін көрсетіп, матч 2:1 есебімен аяқталды.
Жапония мен Хорватия құрамаларының кездесуінде де 2:1 есебі тіркелді. Азулы Германия, Испания құрамаларын жолынан ығыстырған жапониялықтардың тағы бір сенсация жасайтын тамаша мүмкіндігі болып еді. Өкінішке қарай пайданалана алмады. Кездесуді белсенді бастаған «Күншығыс» елінің футболшылары 43-минутта есепте алға шықты. Дайзен Маэда мергендігімен көзге түсіп, турнирдегі алғашқы голын соқты. Дегенмен есептегі басымдықты ұзақ ұстап тұра алмады. Хорватия құрамасының сұрмергені Иван Перишич 55-минутта қанжығасын майлап, есепті теңестіріп кетті.
Төрешінің соңғы ысқырығы естілгенге дейін таблодағы көрсеткіш өзгермеді. Сөйтіп әрмен қарай матч экстра-таймға ұласты. Қосымша уақытта да гол соғылмай, жеңімпаз пенальти сериясында анықталды. Футбол лотереясы саналатын пенальти бәсекесінде хорватиялықтардың бағы жанды.
Еске сала кетсек, хорватиялық футболшылар 2018 жылғы әлем чемпионатының 1/8 финалында да, ширек финалда да Дания мен Ресей құрамаларын ойын соңындағы пенальтиден жеңіп, финалға дейін жеткен еді. Енді Хорватия құрамасы ширек финалда Бразилиямен кездеседі.
Сонымен қатар англиялықтар Сенегал құрамасын сан соқтырса, Франция Польша құрамасын қиындықсыз ұтып, ширек финалға жолдама алған командалардың қатарын толықтырды.
«Футбол королі» Пеленің отандастары да қарлыластары Оңтүстік Корея құрамасын ойнап-күліп жүріп ұтты. Бразиялықтар жанкүйерлерді ерекше ойын мәнерімен тәнті етіп, Қатарда футбол карнавалын ұйымдастырды. Бірінші таймның өзінде жауапсыз төрт гол салған Бразилия ойыншылары екінші таймда тіптен еркінсіп, жасыл алаңда бауырын жазғай жүйріктей көсілді. Қорытынды есеп – 4:1.
Ал әлем және Еуропа чемпионы Испания құрамасы мен Марокко арасындағы кездесудің жеңімпазын сарапшылар мен жанкүйерлер алдын ала анықтап қойған болатын. Тіпті алдын ала тон пішіп, Испания құрамасын финалға дейін жеткізіп тастағандар та табылды. Бірақ ойын нәтижесі жаһан жұртшылығы күткендей болмады. Мойындау керек, екі таймда да Луис Энрике баптайтын испаниялықтар үлкен қарсыластарына айтарлықтай қысым жасады. «Қызыл фурия» бірінші таймда 69, ал екінші таймда 81 пайыз допқа иелік етті. Допқа көп иелік еткенін қайтейік, қанша тырысқанымен Марокко құрамасының тасқамал қорғанысын бұза алмады. Сөйтіп ойынның негізгі уақыты 0:0 есебімен тең аяқталды. Экстра-таймда қос команданың ойыншылары барынша жанталасқанымен, жеңіс голын соға алмады. Сөйтіп жанкүйерлер екінші пенальти сериясын тамашалады. Ал пенальтиде испаниялық бірде-бір ойыншы Марокко қақпашысы Боно қорғаған қақпадан саңлау таба алмай, әбден састы. Марокко құрамасын менсінбей шыққан испаниялықтар осылайша 3:0 есебімен оңбай ұтылып, тілеуін тілеген жанкүйерлерін жерге қаратты.
1/8 финалдық ойындарды Португалия мен Швейцария құрамалары түйіндеді. Әлемнің үздік ойыншысы, 5 дүркін «Алтын доп» иегері, Португалия құрамасының көшбасшысы Криштиану Роналдусыз алаңға шыққан Еуропа чемпиондары швейцариялықтардың «шаңын қақты» десек, қателеспейміз. Матчта Португалия құрамасының 21 жасар шабуылшысы 3 гол соғып, Қатардағы әлем чемпионатындағы алғашқы хет-триктің авторы атанды. Сонымен қатар Пепе, Рафеэль Геррейру және Рафаэель Леау еншілеріне бір-бір голдан жазды. Ал Марокко сапында Мануэль Аканжи жұбаныш голын соғып, ойын 6:1 есебімен аяқталды.
Осылайша, ширек финалға жолдама алған командалар анықталды. Енді іріктеліп шыққан 8 мемлекеттің құрамасы 9-11 қараша күндері жартылай финалға жолдама алу үшін жан алысып, жан берісетін болады. Ширек финалда ойнайтын құрамалардың арасында әлем чемпионатында ең көп топ жарған бразиялықтар екенін де айта кеткен ләзім. Бразия құрамасы бұған дейін мундиалда бес мәрте жеңімпаз атанса, Франция мен Аргентина екі реттен чемпионаттың кубогін иеленген. Ал Англия құрамасы бір мәрте кубокті бастарына көтерген. Яғни ширек финалға шыққан құрамалардың төртеуі бұған дейін де чемпионатта топ жарса, қалған төртеуі бірде-бір рет жеңіс тұғырының ең биік сатысынан көрінбеген. Биыл жаңа чемпион шыға ма? Әлде Бразилия, Франция, Аргентина немесе Англия төрт жылдықтың басты бәсекесінде тағы да жарқын жеңістерін қайталай ма? Чемпион құраманың аты 18 желтоқсан күні белгілі болады.
Талғат НҰРХАНОВ
Келесі мақала