Жоғары жылдамдықты интернет желісі тартылуда
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Халық бірлігі және жүйелі реформалар-ел өркендеуінің берік негізі» атты Жолдауында цифрландыру үдерісі қазіргі заманда бәсекеге қабілеттіліктің басты факторының бірі екенін атап өткен болатын. Бұл тұрғыда Президент «Қазақстан үшін заманауи цифрлық технологиялар трансферті, Индустрия 4.0 элементтерін енгізу айрықша маңызды. Біз шетелдегі стратегиялық серіктестерімізбен белсенді жұмыс істеуге тиіспіз.
Сонымен бірге, отандық ІТ-секторды дамытып, күшейте түсу де маңызды. Елімізге жас, білімді әрі ынталы мамандар керек. Цифрландыру жөніндегі ұлттық жобаның аясында кемінде 100 мың жоғары білікті ІТ-маман даярлау қажет.
Цифрлық саладағы қызметтер мен тауарлардың экспорты 2025 жылға қарай кемінде 500 миллион долларға жетуге тиіс.
Осы және басқа да міндеттер мемлекеттік секторды толығымен «цифрлық қайта жүктеуді» талап етеді. Мұндағы бұрыннан келе жатқан басты түйткіл – мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерінің өзара тиімді кіріктірілмеуі. Бұл мәселе түбегейлі әрі тезірек шешімін табуы керек» деді.
Жолдау жүктеген міндеттерге сәйкес, облысымызда да жүйелі жұмыстар жүзеге асуда.
Мысалы, ауылдық елді мекендерді талшықты-оптикалық байланыс желісімен қамтамасыз ету мақсатында аудандармен келісіліп нақтыланған 74 елді мекен бойынша Жол картасы әзірленді. Ол бойынша
183 мемлекеттік мекеме талшықты-оптикалық байланыс желісімен қамтамасыз етілетін болады. Нақтырақ айтқанда 2023 жылы 14, 2024 жылы 28, 2025 жылы 32 елді мекеннің тұрғындары Жол картасының шарапатын сезінеді.
Елді мекендерді мобильді байланыспен қамтамасыз ету бойынша жоспардың орындалуы да басты назарда. Бүгінгі таңда 367 ауылдық елді мекеннің 62-сі – 2G, 170-і 3G төмен жылдамдықты интернетпен қамтамасыз етілген. Қалған 135 елді мекен жоғары жылдамдықты (4G) мобильді интернет желісіне қосылған.
2022 жылғы жоспар бойынша жоғары жылдамдықты (4G) мобильді интернетімен 163 елді мекен қамтамасыз етілетін болады.
Қазіргі таңда, «Кар-Тел» ЖШС жалпы жоспарланған 60 елді мекеннің 38-ін 4G-мен қамту жұмыстарын аяқтады.
Жоспардан тыс Байзақ ауданындағы Ақжар, Жуалы ауданындағы Кәріқорған ауылдарын және Қаратау қаласының бір бөлігін 4G мобильді байланысымен қамтамасыз етті. 22 елді мекеннің 11-інде 3G-мен қамту жұмыстары жүргізілді.
Сонымен қатар «Кcell» акционерлік қоғамы тарапынан 27 елдімекенді қамту жоспарланған болатын. Оның ішінде, 4G мобильді байланысымен қамтамасыз етуге жоспарланған 16 елді мекеннің барлығында тиісті жұмыстар аяқталды.
Ал 3G мобильді байланысымен қамтамасыз етуге жалпы жоспарланған 11 елді мекеннің жетеуінде межелі міндеттер толық орындалды.
Жалпы облыста 444 мектеп бар, оның ішінде 34 мектепте интернет жылдамдығы 8 мбиттен төмен.
Бүгінгі таңда байланыс операторлары тарапынан 20 мектепте, атап айтқанда Мойынқұм ауданында – 5, Қордай ауданында 15 білім ошағында интернет жылдамдықтары 4-8 секундына мбит-тен 20 мбит-ке дейін көтерілді.
Қалған 14 мектеп (Қордай – 7, Мойынқұм – 4, Талас – 2, Меркі – 1) бойынша интернет жылдамдығын жоғарылатуға байланыс операторларының техникалық мүмкіндігі қарастырылуда.
Биылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша интернет желісімен қамтамасыз етілмеген елдімекендер саны 11 (халық саны 3 009) болатын.
Атап айтқанда Шу ауданындағы Алайғыр, Құлақшын, Сарысу ауданындағы Шығанақ, Қамқалы, Жайлаукөл, Үлкен Көкдала, Кіші Көкдала, Шағалалы, Ақтам, Меркі ауданындағы Құмарық, Мойынқұм ауданындағы Ұланбел ауылдары заманауи игіліктен тыс қалып келді.
Бүгінгі таңда Алайғыр және Құлақшын ауылдарына «Транстелеком» акционерлік қоғамы талшықты-оптикалық байланыс желісін орнатты.
«Транстелеком» АҚ-ы Үлкен Көкдала ауылында 10 үйді және Кіші Көкдала ауылында 3 үйді және Шағалалы ауылында 30 үйді жалпы 43 үйді 10 мбит/сек жылдамдықты интернетпен қамтыған.
Құмарық ауылын «Билайн» ЖШС мобильді интернет желісімен қамтыды.
Нәтижесінде 11 елді мекеннің алтауы интернет және мобильді байланысқа қол жеткізді. Қалған 5 елді мекен бойынша да тиісті жұмыстар жүргізілуде.
ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің жауабына сүйенсек, Шығанақ, Қамқалы және Жайлаукөл елді мекендерінде 2023 жылы антенна-діңгек құрылысын салу міндеттемелері жергілікті атқарушы органдардан алынып, мобильді операторларға жүктелмек.
Ақтам ауылын «Кcell» акционерлік қоғамы жыл соңына дейін интернетпен қамтамасыз ететін болады.
Ұланбел ауылына «ИнтергазЦА» компаниясының талшықты-оптикалық байланысының бос арнасын бөлу үшін корпоративті-ақпараттық қауіпсіздік талаптарына сай келтіру жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Бүгінгі таңда, сондай-ақ «NewTelCom» ЖШС-нің радио-релелік байланыс желісімен облыстың 97 елді мекенінде 5 415 үйдің қамтылғанын айта кеткен жөн.
Жоғарыда баяндалғандай, Мемлекет басшысының Жолдауына сәйкес республика бойынша 2025 жылға дейін 100 мыңнан астам IT-мамандарын құру қажет.
«Цифрландыру, ғылым және инновациялар есебінен технологиялық серпіліс» ұлттық жобасына сәйкес 2021 жылы Жамбыл облысында 10 жаңа тұрақты жұмыс орны құрылды. Оның ішінде «2ГИС-Тараз» компаниясында – 8, «Жаңа технологиялар» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде 2 маман еңбек етуде. Ал 2022 жылы цифрландыру саласында 35 жаңа жұмыс орнын ашу жоспарлануда.
Қазіргі уақытта облыс әкімдігі цифрлық технологиялар басқармасы Ұлттық жоба аясында enbek.kz порталы арқылы 22 адамды тұрақты жұмысқа орналастырды.
Аталған жобаны іске асыру шеңберінде Жамбыл облысында 2023 жылдың соңына дейін 1 бағдарламалау мектебі ашылуы тиіс болатын.
Бүгінгі күнге Халықаралық Тараз инновациялық институтының базасында IT академиясы іске кірісті. Осылайша алдағы уақытқа белгіленген меже мерзімінен бұрын орындалып отыр.
Жалпы ағымдағы жылы 10 Ұлттық жоба, Қазақстан Республикасының 2022-2026 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатының тұжырымдамасы, Республикадағы әлеуметтік-экономикалық жағдайды тұрақтандыру жөніндегі жедел іс-шаралар жоспары және Қазақстан Республикасының «Мемлекеттік аппарат қызметін бюрократиясыздандыру жөніндегі шаралар туралы» іс-шаралар жоспары шеңберінде тиісті жұмыстар басталды.2021 жылы пилоттық режимде «Аmanat» партиясының «Өзгерістер жолы: «Әркімге лайықты өмір!» атты сайлауалды бағдарламасы аясында және «Easy project» ақпараттық жүйесі арқылы жобалардың іске асырылуына мониторингі жүргізілді.
Тағы бір айта кетерлігі, электронды билеттеу жүйесі бойынша да ілгерілеу бар. «TulparCard» Е-билеттендіру жүйесі бойынша 2022 жылдың басынан 24 қарашаға дейін 2 721 300 605 теңгеге 34 645 514 сапар жасалды.
Құқықтық қоғам құру бағытында қауіпсіздік шараларын сақтаудың маңызы зор. «Сергек» жүйесін іске асыру бойынша Мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобасы шеңберінде 48 аппараттық-бағдарламалық кешенін және жедел басқару орталығы интеграциясымен Тараз қаласында 1250 жалпы бейнебақылау камерасын енгізу жұмыстары толығымен аяқталды. Мұның бәрі де цифрландыру үдерісін жеделдету бағытында атқарылып жатқан жұмыстардың бір бөлігі. Ауқымды міндеттер алдағы уақытта да кезең-кезеңімен іске аса беретін болады.
Руслан НОҚРАБЕКОВ,
облыс әкімдігі цифрлық технологиялар
басқармасының басшысы
Келесі мақала