Көз алдымда – кемел актер келбеті
Облыстық «AR-AI» газетінің 2021 жылғы 14 қаңтардағы санында осыдан жарты ғасыр бұрын режиссер Абдолла Қарсақбаевтың Қаратау қаласы маңында түсірілген «Біздің Ғани» фильмінің эпизодтары жайлы мақалам жарық көрген еді. Бұл картинаға көлденеңнен қосылған жоқпын. Фильмнің шығармашылық тобы Ақкөл халық театрының бір топ өнерпазын эпизодтық рөл ойнауға шақырған. Киноны түсіру кезінде кадрдан тыс қалған көріністер жайлы әлгі мақаламда тәптіштеп толық жазғанмын. Сол жолы оқырманға қазақ театры мен киносында өзіндік із қалдырған талантты тұлға төңірегінде арнайы сөз қозғауға уәде берген едім. Соның сәті енді түсті.
Түсірілім кезінде қазақ киносындағы ерекше құбылыс саналатын дарынды актер Кененбай Қожабековпен бетпе-бет жүздесу бақытына ие болдым. Сонау өткен ғасырдың қырқыншы жылдарының соңынан бері шыққан киноларда сомдаған образдарын экраннан тамашалап, іштей сүйсінген актермен алғаш рет және ең соңғы кездесуім ұмытылмастай әсер қалдырды. Мен үшін Кененбай аға үлкен әріппен жазылатын – Аңыз адам. Ол кісінің үлкен кинодағы шығармашылық кескін-келбетінен бөлек, өмірдегі болмыс-бейнесінің өзі шытырман романға парапар.
Алғаш 1947 жылы «Мосфильм» киностудиясында түсірілген «Аласталған Алитет» фильміндегі рөлінен бастап, «Қазақфильмдегі» «Өжет қыз»(1954 жыл), «Менің атым – Қожа», «Даладағы қуғын», «Бейбарыс», «Қыз Жібек», Қырғыз киностудиясындағы «Арланның апаны» туындысындағы өнерін тамашалап, талантына таңғалған көрерменнің бірімін. Ол кісінің басын қатерге тігіп, өмірге өте қауіпті көріністерді ешқандай дублердің көмегіне сүйенбестен өзі атқаратын көзсіз батырлығы жайлы оқып-білдік. Мәселен, «Аласталған Алитет» киносында көкжал қасқырмен арпалыс сәтін ешкімнің көмегінсіз камера алдында шынайы атқарған. «Өжет қызда» да көктемде буырқанып жатқан тау өзеніне түсіп, сүйген қызын құтқарып қалу сценасын орындайды.
Кененбай ағаны Аңыз адам деудің тағы бір себебі бар. Ол кісі қиын-қыстау сәтте ешқашан қалтарыс, тасада қалып көрмеген, досы үшін жанын беруге әрқашан әзір, серігінің өміріне төнген қауіп-қатерге кеудесін тосқан жан.
1957 жылдарда қазақтың болашағынан үміт күттірген үш актер Панфилов паркінде келе жатады. Кенет қараңғы тұстан тұтқиылда оларға ұрынарға қара таппай жүрген Алматының бір топ сотқарлары килігеді. Кененбай әдеттегідей атылып алға шығып, кеудесімен серіктерін қорғайды. Осы жерде жекпе-жекте жеңе алмайтынын сезген бұзақының бірі суық қару жұмсайды. Пышақтың ұшы екі омыртқаның дәл орта тұсына кіреді. Экранда басты рөлдерді сомдап жүрген, қағылез денелі Кененбайға қарағанда қасындағы зіңгіттей қос серігі жекпе-жектен тайсақтап, оқиға болған жерден табандарын жалтыратады. Кім-кімге де ажалмен бетпе-бет келу оңай емес. Шыбын жанын қорғап, жан сауғалауы табиғи инстинкт. Сонда да болса жолдасын тастай қашу жігітке тән қасиет емес. Мақұл, қашқан екен. Бірақ қауіптен құтылған мезетте сол маңдағы милиция бөлімшесіне хабар беріп, жолдастарына араша сұраудың орнына сол күйі қарасын жоғалтқаны қалай? «Кемедегінің жаны бір» деген қағида қайда? Қазақта «Қасқыр да қас қылмайды жолдасына» деген мақал тағы бар. Кененбайдың қос серігінің қашқаннан қашып, сол күйі зым-зия кеткені несі?
Сонау алпысыншы жылдардың басында біздер, алыстағы ауданда жүрген бота тірсек бозбаламыз. Дегенмен «Кененбайдың жаралануына қасындағы серіктері себепші екен, бұзықтарды ақша беріп, айдап салған солардың өзі» деген қаңқуды құлағымыз шалған. «Қой, қауесет шығар!» деп сене қоймадық. Атпал азаматтарды жамандыққа қимадық. Тіпті қасындағы қашып кеткен серіктерінің аты-жөндерін де естігенбіз. Кейін қазақ өнеріне еңбегі сіңген азаматтардың сондай әрекетке барады дегені мүлде миымызға қонбады.
Жақында «Ел арна» телеарнасынан Кененбай аға жайлы деректі фильмді көзіміз шалды. Авторы – тележурналист Майя Бекпаева. Хабардың авторы да, жүргізушісі де бір өзі. Журналист осы оқиғаны қолмен қойғандай қайта жаңғыртып, қасында болған серіктерінің аты-жөндерін анықтап айтқанда төбемізден жай түскендей әсерде қалдық. Деректі фильмде автор бұл қастандықты өнерге қатар келген достары өнерін көре алмағандықтан әдейі, қасақана ұйымдастырған деген әңгіме айтты. Есімі таныс, баяғы бала кезімізде атын естіген актерлер. Алайда бақилық болып кеткен сол ағалардың есімін бұл оқиғадан бейхабар жұртқа жеткізбей-ақ қояйық. Шиден тысқары, өзімен кетсін! Бәлкім, о дүниедегі өмір болса, қияметтің қыл көпірінен, тозақ отынан өткенде жазаларын тартқан шығар?!
Кейін анықталғандай, Кененбайға пышақ сұққандар – жоғары деңгейдегі қызмет тұтқасын ұстаған жауапты қызметкерлердің ерке балалары екен. Олар мықты лауазымдағы әкелерінің арқасында жеңіл-желпі жазамен құтылып кеткен.
Енді 1970 жылға қайта оралайық. Қазан айының соңғы күндері. Қарт Қаратау сілеміндегі теміржолдың бойы бір жағы тегіс, екінші беті тау қобысына ұласып жатыр. Түсірілім алаңындағы жұмыс күні бойы тоқтаусыз жүрмейді. Кідіріске себеп көп. Бірде Қаратаудағы теміржол стансасынан паравоз кешігіп жатады. Кейде оператор «Аспанды бұлт шарпуы қажет» дейді. Осындай үзіліс кезінде Кененбай аға үш-төрт серігімен бірге «алтылық» картаны ермек етеді. Өзінің жекеменшік «Москвич» автокөлігінің алдыңғы орындығының оң жағына жайғасып алып, ойынға шындап кіріседі. Аталмыш киноға түсіп жүрген жасы он бір-он екі шамасындағы жас баланы дәйім қасынан тастамайды. (Мындаға дейін есімі есімде жүруші еді, қазір атын ұмытыппын). Ол да Кенекеңе әбден бауыр басқан. Ара-тұра екеуі ойынды доғара тұрып, «Москвичімен» әудем жерге барып қайтады...
Осы жолы атақты актердің киноға түсу кезіндегі шеберлігінің куәсі болдым. Ол кісі фильмде Кеңес өкіметімен мәмілеге келмейтін сол өңірге танымал Әміреқұл байдың рөлін ойнайды. Жаңа тәртіпке көнгісі келмей, қарсы топ құрған көп қазақтың бірі. Әдетте Кеңес заманында жаңа қоғамды қаламаған жағымсыз кейіпкерді жауыз, қатыгез етіп көрсету үрдіс алған. Кененбай ағаның осы бейнесін көрсету режиссерге де, актерге де оңайға түспеген сияқты. Кинодағы Әміреқұл байда заман ағымын түсінбейтіндей қыңыр мінез жоқ. Ол өзінің туған жерінде мыңдаған жылдар бойы ата-баба салып кеткен ескі жолмен жүргісі келеді. Жаңа өкіметтің іс-әрекеті қолайына жақпайды.
Екінші қиындық – билікке қарсы қолына қару алған адам ат құлағында ойнауы тиіс. Ал актердің оған шамасы келмейді, екі аяғынан тік тұра алмайтын мүгедек. Кеңес өкіметіне қарсы шыққан кейіпкер образын шығару үшін шығармашылық топ кәдуілгі аттың еріне темірден арқалық жасап, орта жерден оны белдікпен алдыңғы жағынан тартып тастайтын әдіс ойлап тапқан. Алайда ер үстіндегі адамның екі аяғы үзеңгіге тіреліп барып күш алмаса, тепе-теңдікті ұстауы қиын. Сондықтан ер үстіндегі актер ат тыпыршып, қозғалған сайын тепе-теңдігін сақтай алмай екі жаққа кезек-кезек ауып, теңселеді. Оны ер үстінде ұстап тұрған – қатты тартылған тартпа ғана. Бірақ ол сенімсіз. Бір жағына ауып кетсе тартпа көмектесе алмайды. Салмаққа шыдамаған ер ауып кетуі кәдік.
Бірде режиссер сценарий бойынша өкіметке қарсы шыққан жергілікті ұлттан құрылған сарбаздарды, сол кездегі лексиконмен айтқанда, «басмашыларды» қыр басына орналастырып, қызылдармен атыс кезін киноға түсірді. Шағын киноаппаратын иығына іліп, окулярын көзіне тақаған оператор әрқайсысымызға жақын келіп, мылтықтың дүмін кеудемізге қойғанымызды, ұңғыға бетімізді тақап, жауды нысанаға алған сәтімізді, бет-бейнемізді ірі планмен түсіріп алуда.
Осы көріністі пленкаға түсіріп бола салысымен әлгі биікке Кененбай аға бастаған салт аттылар шыға келді. Астарындағы жарау аттары тыпыршып, бір орында тұрмай өрекпиді. Оператор олардың шабуылға шығар сәтін түсірмек. Кенекең ауыздығын шайнап, алға ұмтылуға әзір атының тізгінін қайта-қайта тартумен әлек. Алды-артын көлегейлеген шапан ердің арқалығындағы тіреуді байқатпай тұр. Басында сусар бөрік. Астындағы жарау ат ойнақшып, бір орында тұрмайды. Аттың белін қанша тартса да қозғалған сайын ер екі жаққа кезек-кезек теңселеді. Қасында тұрған қырғыз актері А.Чокубаев пен тағы бір серігі ақтаңгер актермен қапталдаса тұрып, сырт көзге білдірмей әріптестерін екі жақтан демеуде. Сәл алға кетсе болды, үстіндегі актердің бір жағына ауып кетуі ғажап емес. Осы кезде Кененбай аға актер серіктеріне: «Алға!» деп белгі берді...
Қажетті дубль түсірілісімен актерлер жан-жақтан қаумалап Кенекеңді атынан түсіріп, жота басындағы сәл биіктеу тақта тасқа отырғызды. Отырған жері жайсыз болды ма, актер: «Батып барады. Атаңның аузын ұрайын (анайы сөзге бармай, дәл осылай айтты), денсаулық-ай!» деп, екі қолымен жер тірей көтерілуге тырысты. Әлгі сөзді реті келгенде жай айта салғандай, жүзінде не даусында реніштің, қиналыстың, кейістіктің титтей табы жоқ. Өмір бойы аурумен арпалысқан адамның бойында сақталған қандай сарқылмас күш, қандай қайсарлық, қандай рух десеңізші!? Аяқ-қолы бүтін өнер адамдарының тырқ-тырқ күліп, көп ортасында бейәдеп сөз айтқанын талай естідік. Кененбай ағаның тұла бойында тұнған қандай мәдениет, қандай тектілік!?
Түсірілімнің соңғы күні. Жан дәрменмен темір релське көлденең тасталған бөгетті алып тастаған «қызылдар» атыса шегініп, әлгіндегі шайқаста қаза тапқан серіктерінің өлі денесін әкетуге шамалары келмей асығыс-үсігіс пойызға мініп барады. Сценарий бойынша тап тартысын шиеленістіріп көрсету үшін К.Қожабеков ойнап жүрген байдың жалғыз баласын Кеңестер жағында шайқастырған. Пойызда ол да бар. Кенет қақтығыс кезінде жігітке оқ тиді. Әл-дәрмәні таусылса да вагонға мінуге тырысуда, сәл сүйретілген соң жансыз дене сырғып жерге түсті.
Міне, камера алдында «баласының» өлі денесін тізесіне қойған актер отыр. Жалғызынан айырылған әкенің қос жанарын жас жуып, мұрты мен сақалына қарай тамып жатыр. Актер кәдуілгі пенде сияқты кеңкілдеп жыламай, үнсіз ғана егілуде. Осы сәтте маған ағамыз өзінің топшысынан айырылған қырандай дәрменсіз күйіне іштей налып, Жаратқанға айтар шағымын жеткізгендей болып көрінді. Ит тағдырдың басына салғанын қара нардай көтерген азаматтың бір босаған сәті іспеттес.
Жас кезінде Мәскеуде білім алған, сырт жерде киноға түскен Кененбай ағамыз жастық шақтың мастығына беріліп орыс қызына үйленеді. Өмірге бір ұл, бір қыз келеді. Жұлынына пышақ қадалғаннан кейін бір-бір жарым жыл төсекке таңылған жігіт бірте-бірте аяғына тік тұрды. Дәрігерлердің «Бұдан былай өмір бойы төсекке таңылуы мүмкін» деген болжамы теріске шықты. Шыныққан мықты ағза мен актердің ерік-жігері ақыры ауыр дертті жеңді. Құдайға шүкір, бір балдаққа сүйеніп жүретін дәрежеге жетті. Сол жылдары Кененбай аға «Қазақфильмде» қойылатын «Менің атым – Қожадағы» мектеп мұғалімін, «Егер біздің әрқайсысымыз» фильміндегі басты кейіпкерді ойнауға шақыру алады. Осы екі туындыда Кененбай ағамыз бір балдақпен аяғын сылтып басып киноға түсті. Ажар-көркі мен таланты баз баяғы қалпында.
Өкінішке қарай, кейінгі картинаға түсу кезінде актердің қанаты біржолата қайырылды. Денсаулығының әлсіздігіне қарамастан, өзіне тапсырылған істі адал атқаруға бар күш-жігерін жұмсайтын әдетімен қайтпайтын қайсар мінезіне басты. Режиссер мен басқа достарының айтқанына көнбей, көктемгі тасқынға кеткен қоғам малын құтқаруға дублерсіз шықты. Мұздай судан малды, ақырында қарт шопанды алып шығару сценасына ешкімнің көмегінсіз өзі қатысты. Етті қарыған, сүйек-сүйектен өткен мұздай су тап сол жерде ескі ауруды қоздырды. Омыртқаның қылдай нәзік жүйке тамырын салқын су қарып түсті. Ең соңында актердің сценарий бойынша судан шығаруға тиісті әріптесін құтқаруға шама-шарқы, әл-дәрмені жетпеді. Басты кейіпкердің аяғы қозғалмаған соң су түбіне шым батып бара жатқанын аңдаған «шопан-актер» серігін судан өзі демеп шығарды. Оны фильмнің осы тұсын бажайлап қараған адам анық аңғарады.
Осы оқиғадан кейін актердің белі шойырылып, екі аяғынан біржолата жан кетті. Төсекте жатып, қоларбаға таңылған пұшайман халдегі өмірі басталады. Талантымен қазақтың енді-енді аяғына тұрып келе жатқан кино өнерінде өз орнын тапқан жарық жұлдыз бір сәтте ешкімге қажетсіз мүсәпір-міскінге айналды. Қазақ «Басты байлық – денсаулық» деп бекер айтпаса керек. Режиссерлерге де өкпе жоқ, аяқсыз адамды экранға қалай шығарсын. Кино өнерінде үнемі динамика, қимыл-қозғалыс керек. Кеспелтек сияқты құр денені сан миллион көрерменге қалай көрсетпек.
Міне, осы сәтте өзінің дәрменсіздігін әбден аңғарған Кененбай күтпеген шешімге келді. Жарының жас өміріне балта шапқысы келмей, жастайынан қосылған қосағына саналы түрде рұқсатын берді. Араларында есі кірген бір ұл мен бір қыз бар. Балалары шырылдап қарсы болғанына қарамастан, әйелінің жолын байламауға бекінді. Екеуі заңды түрде ажырасқанмен бұрынғы жұбайы балаларымен жиі-жиі келіп тұрды. Бір қызығы сол, зайыбы күйеуінен заңды түрде ажырасса да басқа еркектің етегінен ұстамады. Алтын басты азаматының ар-абыройына нұқсан келтірмеді, балаларын өзге біреуге жәудіретпеді. Сол жеңгеміз сексеннің сеңгірінен асқанша өмір сүрді.
Құдайға шүкір! Кененбай аға өмірден біржола түңілген жоқ. Қаскелеңде тұратын ағайын-туыс арыстай азаматын, есіл ерін жалғыз тастамай әспеттеп, қолдарынан келгенше аялады. Көңіліне кірбің түсірмей күтті. Баяғы бірге жүрген әріптестері, достары ұмытпай жиі-жиі келіп тұрды. Оларды «Қайтсек қол ұшын береміз?» деген ой мазалап, жанын жегідей жеді. Сөйтіп жүргенде Абдолла Қарсақбаев сүйікті досын, ескі әріптесін 1979 жылы шыққан «Даладағы қуғын» фильміне шақырып, оған шағын рөл тапсырды. Екінші қатардағы рөл болса да актердің шығармашылық шама-шарқын аңғаруға мүмкіндік берді.
Осыдан кейін қанаты қайырылған актердің жұлдызы қайта жанды. Белгілі режиссер Сұлтан Қожықов Кененбайды өзінің екі сериялы «Қыз Жібек» (1969-1970 жылдар) фильміндегі жағалбайлы руының тізгінін ұстаған Сырлыбай байдың рөлін сомдауға тартты. Сценарий авторы белгілі қазақ жазушысы, сарымайдан қыл айырған сөз зергері Ғабит Мүсірепов Сырлыбайды жай ғана шіріген бай емес, ел тұтқасы, көпшілікке сыйлы азамат ретінде бейнелейді. Актер кейіпкер бойына жау сескенетін айбар, ел сыйлайтын ақыл-парасат берген. Ойын үстінде актердің айбыны асып, шоқтығы көтеріле түседі. Шеберліктің биік шыңына көтерілген маңдайы кере қарыс, ажар-көркі келіскен, көмекейінен шығатын үнінің өзі қандай еді, шіркін!
Кененбай ағамыздың актерлік шеберлігін, тума талантын жан-жақты ашып көрсеткен туынды қырғыз халқының талантты кинорежиссері Болатбек Шамшиевтің екі сериялы «Арланның апаны» (1983 жыл) фильмі. Аталмыш туындының сценарийі о баста Кененбай ағаға әдейі арнап жазылған. Картинада қырғыз киносының жарық жұлдызы Сүйменқұл Чокмаров, Айтұрған Теміровамен бірге қазақтың бесаспап актері, өмірден мезгілсіз өткен тума талант Талғат Нығматулин де ойнады.
Бұл фильмде режиссер көрерменге актердің топшысы қайырылған қырандай ахуалын көлегейлеп, жасырып-жаппай нағыз мүгедек қалпын ашық көрсетті. Кененбай ғаріп қалпында бойындағы барлық актерлік дарынын көрермен алдына жайып салды. Бәрі шынайы шықты. Кейіпкердің бастан өткерген өмірінің ұштығы актердің жеке трагедиясымен ұштасып, домбыраның қос ішегіндей созылып жатты. Музыка тілімен айтқанда, біреуінің үні – жіңішке, екіншісі – жуан. Екеуі де мықты тұлға. Жазым болған кейіпкердің мақсаты, бар есіл-дерті, ниет-әрекеті баюға тіреліп, кісілік дегенді мансұқ еткен. Баю үшін талайлардың тағдырына балта шапты. Ал актер миллиондардың жүрегіне жол тартқан өнер жолын таңдады. Сол – тар жол, тайғақ кешуде, қатерлі өткелде алға қойған мұратынан, асқақ арманынан бір сәт те айныған жоқ. Өле-өлгенше еліне, халқына қызмет етті.
Иә, жарты ғұмырын қоларбаға таңылып, мүмкіндігі шектеулі жағдайда өткізсе де қазақ кино өнерінде өшпес із қалдырған кемел актер Кененбай ағамызбен кездейсоқ түсірілім алаңында кезіккендегі алған ғажап әсер сол қалпы көз алдымда тұр. Содан бері жарты ғасырдың жүзі болды. Күндер өте ол кісінің өткен-кеткен шығармашылық келбеті мен адами бейнесін сарапқа салғанда түйген ой осылайша өріліп, қағазға түсті.
Көзі тірісінде Аңыз адамға айналған актер, аты үлкен әріппен жазылатын азамат Кененбай Қожабековтің өміріндегі мыңнан бір мезетті бейнелегім келді. Қалай шыққанын патша көңіл оқырман қауым өзі айтар.
Қамбар-Бек ҚОЙШЫБАЙҰЛЫ, журналист Тараз қаласы
Келесі мақала