Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

«Еркін Пікір» клубы – тәуелсіз ой алаңы

«Еркін Пікір» клубы – тәуелсіз ой алаңы
ашық дереккөз
«Еркін Пікір» клубы – тәуелсіз ой алаңы
Пікірсайыс елімізде 1995 жылдан бастап өз жұмысын жүргізіп келеді. Сол кезден бері пікірсайыс түрлі кезеңдерден өтіп, жаңа буынды қалыптастыруға өз септігін тигізді. Қазіргі уақытта елімізде 3 094 дебаттық клуб бар. 2010 жылы пікірсайыстың даму қарқынын арттыру үшін республикада алғаш болып облыстың барлық клубтарын біріктіретін «Еркін пікір» жастар қоғамдық бірлестігі құрылды. Пікірсайыс клубының жұмысына тоқталмас бұрын алдымен «Дебат деген не?» деген сұраққа жауап іздейік. Дебат – белгілі бір пікірсайыс түрі. Дебат тек зияткерлік ойын ғана емес, ол – сыни ойлау дағдыларын қалыптастырып, ақпаратты дұрыс талдауға, командамен бірлесіп жұмыс істеуге, сұрақ қойып, оларға нақты жауап беруге үйрететін білім беру технологиясы. XXI ғасыр – көшбасшылар заманы. Заманына сай адам болуы үшін адам бойында еркін ой мен тәуелсіз пікір қалыптасу керек. Ал дебат – дәл осы қасиеттерді нұрландыра түсетін керемет дүние. Біздің ойымызша, дебат – қоғамға ең керекті нәрсе. Себебі әр адамның ойын ашық білдіріп, белгілі бір көзқарастың пайда болуын дәріптейтін де осы дебат. Біздің пікірсайыс клубының негізгі мақсаты – оқушы бойында ойын еркін жеткізуді қалыптастырып, сөз шеберлігін, шешендікті дамыту. Бүгінде осы мақсаттың үдесінен шығу бағытында жоспар құрып, түрлі іс-шаралар өткізіп келеміз. «Ақыр түбінде қара бұлт ашылып, қазақ жастарының да әлеуметтік теңдікке жететініне, өз елін бақытқа бастар азамат боларына, бүкіл қазақ қауымының қапастан құтыларына сенімім бар», деп Сұлтанмахмұт Торайғыров үміт еткендей, тәуелсіздікке қол жеткізіп, егемен елдің азат ұландарына айналдық. Ендігі кезекте ойын еркін жеткізе білетін, кез келген жерде пікірін ашық білдіре алатын жастардың көбеюі – қоғамның дамуына себеп. Дебат арқылы шешендік қасиетке ие болып қана қоймай, мына үлкен өмірде өз орнын тауып, келешегін кемелдендіре алатын адамға айналамыз. Бүгінгі таңда облыстық «Еркін пікір» жастар қоғамдық бірлестігінің құрамында 2 жоғары оқу орны мен 30-ға жуық арнаулы кәсіптік оқу орындарының клубтары жұмыс жүргізіп жатыр. Атап айтсақ, «Еркін ойлар алаңы», «Алғырлар», «Жас алаш», «Күлтөбе», «Тәуекел» сынды танымал интеллектуалды клубтар да бар. «Еркін пікір» жастар қоғамдық бірлестігінің мүшелері тұрақты түрде мектеп оқушыларын қолдау жұмыстарын жүргізіп келеді. Он жылдан астам тәжірибесі бар бірлестік мүшелерінің жетістіктері де аз емес. Атап айтатын болсақ, жастар арасында пікірсайыс турнирлерінің ең беделдісі саналатын «AMANAT» кубогында облыс пікірсайысшылары 2015 жылы және 2021 жылы жеңіске жетсе, 2017, 2018, 2019 жылдары 3 жыл қатарынан ІІ орынды иеленді. Ал 2021-2022 жылдары облыс пікірсайысшылары онға жуық республикалық турнирде жеңіске жетіп, 30-дан астамында жүлдегер атанды. Нақты тоқталсақ, Төлеби Рахымжанов «Патриот CUP» республикалық пікірсайыс турнирінен 1-орын, Алима Қалисаева «Зиялы қазақ» республикалық турнирінде «Үздік спикер» номинациясын және «Болашақ» пікірсайыс клубының республикалық турнирінде 3-орын иеленді. «Еркін пікір» бірлестігінің мүшелері дайындаған оқушылар Білім және ғылым министрлігі ұйымдастырған «Ұшқыр ойлар алаңы» республикалық турнирінде жеңіске жетіп, оқушылар арасындағы ұлттық пікірсайыс турнирінде үздік спикер атанса, 8 жоғары сынып оқушысы ректор грантын иеленді. Бірлестіктің қолдауымен студенттер мен оқушылар арасында 2022 жылы 3 республикалық және 30-дан астам облыстық турнир ұйымдастырылды. Оқу-ағарту министрі А.Аймағанбетов пікірсайысты дамытуға байланысты арнайы тапсырма бергеннен кейін елімізде үлкен қозғалыстың басталып келе жатқанын байқап отырмыз. Оған дәлел ретінде «Оқушылар мен студент жастардың дебаттық қозғалысы» жалпыұлттық мәдени-білім беру жобасының тұжырымдамасы жасалды. «Еркін пікір» мүшелерінің бастамасымен, бұрынғы Білім және ғылым министрлігінің келісімімен биыл республикада алғаш рет «Пікірсайыстың толық ережелерінің» нұсқаулығы әзірленді. Пікірсайыс республикамызда қарқынды түрде дамып, көптеген өзгерістер болып жатыр. Сондықтан біздің облысымызда аталған кезеңдерде алдыңғы қатарда болу үшін жасалатын жұмыстар аз емес. Ерекше атап айтар жайт, өңірде пікірсайысты дамыту мақсатында облыс әкімдігі жастар саясаты мәселелері басқармасының қолдауымен оқушылар арасында 2 рет, студенттер арасында 2 мәрте облыстық пікірсайыс турнирі өтті. Турнирдің барлық жеңімпаздарын жастар саясаты мәселелері басқармасы арнайы ақшалай сыйақымен марапаттады. «Пікірсайыстың толық ережелерінің» нұсқаулығы да басқарманың қолдауымен 1000 данамен шықты. Осы жылдың наурыз-сәуір айлары аралығында облыс әкімдігінің жастар саясаты мәселелері басқармасының қолдауымен Тараз қаласында және облыстың барлық аудандарында пікірсайыс жетекшілеріне арналған семинар-тренингтер ұйымдастырылып, 500-ден аса адамға біліктілігін арттырғаны туралы сертификат табысталды.

Азамат ТОҚБЕРГЕН, «Еркін пікір» жастар қоғамдық бірлестігінің төрағасы

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар