Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

ЖУАЛЫДА ЭЛЕКТР ЖЕЛІЛЕРІ ЖАҢАЛАНУДА

ЖУАЛЫДА ЭЛЕКТР ЖЕЛІЛЕРІ ЖАҢАЛАНУДА
ашық дереккөз
ЖУАЛЫДА ЭЛЕКТР ЖЕЛІЛЕРІ ЖАҢАЛАНУДА
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев электр энергетикасы саласын дамыту мәселелері жөнінде өткен кеңесте елдің дамуы энергетика саласының тұрақтылығына тікелей байланысты екенін атап өткені мәлім. Бүгінгі таңда электр энергиясының тарифтерін көтеру мәселесі өзекті болып отыр.  Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев бұл мәселе туралы Қазақстан халқына арнаған «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауында: «Монополияның табысын шектеу қажеттігі мен инфрақұрылымға инвестиция салуды қамтамасыз ету арасында тепе-теңдікті сақтау маңызды. Елімізде электр қуатымен қамтамасыз ететін желілердің үштен екісінің, жылу коммуникациясының 57 пайызының және су құбыры желісінің жартысына жуығының тозығы жеткен. Осыдан-ақ біраз жайтты аңғаруға болады. Тарифтерді күшпен ұстап тұрудың ақыры соның бәрін кезекпен өшіруге және түрлі апатты жағдайлар туындауына әкеліп соқтырады. Осының салдарынан азаматтардың денсаулығына және өміріне қатер төнеді. Монополиялы нарықтарда «Тарифті инвестицияға айырбастау» деген жаңа тариф саясатына көшу керек. Желілер мен қуат көздерінің тозу деңгейін кемінде 15 пайызға азайту қажет. Тариф инфрақұрылымға қаржы салғаны және ашықтықты қамтамасыз етудің мемлекеттік мониторингі жүйесіне қатысқаны үшін беріледі. Меншік иесі инвестицияның айтарлықтай бөлігін тарифтің емес, өз қаржысының есебінен салуға тиіс. Инновация енгізу үшін тиімді ынталандыру шараларын әзірлеген жөн. Сондай-ақ шығыстың бір бөлігін тарифтік сметаның аясында қайта бөлуге және табыстың белгілі бір бөлігін сақтап қалуға рұқсат беру керек. Тарифтерді тоғыспалы субсидиялаудан, яғни бір тұтынушылар үшін бағаны ұстап тұру мақсатымен басқалар үшін бағаны көтеру тәсілінен біртіндеп бас тарту қажет», деп атап өтті. Тұрғындарды электр энергиясымен қамтамасыз ету мәселесі бүгінде маңызды мәселе ретінде қарастырылып отырғаны белгілі. Олай дейтініміз, электр энергиясымен қамтамасыз етуге байланысты мұндай мәселелер біздің өңірге қарасты бірқатар шалғай ауылдарда әлі де өз өзектілігін жойған жоқ. Бұл мәселеге жауапты аудандағы бірден-бір мекеме саналатын облыстық «Жамбыл электр желілері» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне қарасты аудандық электр желілерін тарату мекемесінің атына түрлі деңгейдегі жиындарда тұрғындар тарапынан шағымдар айтылып, мәселелер көтеріліп жататынын өзіміз де көріп жүрміз. Солардың ең негізгілері ретінде электр желілеріне арналған бағаналардың әбден тозуын, әуе желілерінің ішінара істен шығуын атап айтуымызға болады. Міне, бұлардың барлығы ауыл тұрғындарына электр қуатын жеткізу ісіне едәуір кедергі келтіріп, өз кезегінде тұрғындардың да наразылығын тудырып отыр. Соның салдарынан, атап айтқанда, желілер мен қосалқы стансалардың (КТП) дұрыс жұмыс істемеуінен электр кернеуіндегі қуаттылық та өте төмен деңгейде берілуде. Осыдан кейін жеке секторлардағы электр қуатымен жұмыс істейтін тұрмыстық техникалар жиі-жиі істен шығады. Жарықтың да қуаты өте төмен болуымен қатар, желді-дауылды күндері электр жарығы да сөніп қала береді. Міне, 30-40 жылдан бері бұл салада жіберілген олқылықтардың орнын толтырып, тұрғындарды электр энергиясымен толыққанды қамтамасыз ету үшін соңғы екі жылдың көлемінде аудандық электр желілері мекемесінің басшысы Рабат Сәрсеновтың басшылығымен бірқатар жүйелі жұмыстар атқарылуда. Мекеме басшысы Рабат Полатұлының айтуынша, мекемеге қарасты желілерде ақауды болдырмас үшін биылға дейін облыстық мекеме басшылығының қолдауымен тозығы жеткен электр бағаналары мен тіреуіштер жаңасына ауыстырылған. Мұндай мәселе негізінен ауданымыздың таулы өңірінде орналасқан ауылдарға қатысты болғандықтан тұрғындардың өтініші негізінде биыл да бұл бағыттағы жұмыстар өз жалғасын тауып отыр. Атап айтар болсақ, биыл Боралдай ауылдық округіне қарасты Ертай ауылында ескірген бағаналарды және әуе желілерін ауыстыру жұмыстары толықтай атқарылды. Оның ішінде әбден ескіріп, құлауға шақ тұрған ағаш бағаналардың барлығы темір-бетоннан жасалған арнайы бағаналармен алмастырылды. Ертай ауылында барлығы 159 бағана жаңасына ауыстырылатын болса, соңғы есеп бойынша оның 114 данасы қойылып үлгерді. – Электр энергиясындағы ақаулықтарды жойып, ауыл тұрғындарына электр қуатын беруде ешқандай қиындық болмас үшін биыл біздің мекеме тарапынан ауқымды жұмыстар атқарылып жатыр. Әрине, мұның бәрі облыстық «Жамбыл электр желілері» ЖШС басшылығының қолдауымен инвестициялық бағдарламалар арқылы жүзеге асырылуда. 2022 жылдың жұмыс жоспарында таулы өңірде орналасқан төрт бірдей ауылдың электр желілеріне арналған бағаналарды және әуе желілерін, сонымен қоса қосалқы стансаларды да жаңасына ауыстыру жұмыстары болса, қазіргі таңда оның біразы еңсерілді. Биыл көктем шығып, күн жылына салысымен ең бірінші Ертай ауылында қарқынды жұмыс жүргізілді. Соның нәтижесінде аталған ауылдағы барлық бағаналар мен желілер жаңасына ауыстырылып, екі қосалқы станса жаңаланды. Сонымен қатар биыл тұрғындардың өтінішімен Боралдай ауылдық округінің орталығы Көлтоған ауылы және Қошқарата ауылдық округінің орталығы Қошқарата, сондай-ақ Күреңбел ауылдарында тозығы жеткен бағаналар, қосалқы стансалар жаңасына ауыстырылды. Соңғы екі жылдың көлемінде ауданға қарасты ауылдарда электр желілеріне қатысты төменгі кернеуліктегі әуе желілерін жоғары кернеуге ауыстыруға байланысты жұмыстар атқарылуда. Бұл жерде айта кететін бір жайт, бағаналар мен әуе желілерінің басым бөлігінің жаңасына ауыстырылмағанына 40 жылға жуық уақыт болған. Қазір осы олқылықтардың орнын толтырып, тұрғындарды электр энергиясымен қамту ісінде осындай іркілістерді болдырмауға күш салып келеміз. Оған мекеме қызметкерлерінің кәсіби құрамы мен әлеуеті толық жетеді деп сеніммен айта аламын, – дейді аудандық электр желілерін тарату мекемесінің басшысы Рабат Сәрсенов. Электр энергиясын жеткізуге жауапты мекеме басшысының сөзінше, облыстық «Жамбыл электр желілері» ЖШС басшылығының қолдауымен жүзеге асырылған инвестициялық бағдарлама өз тиімділігін көрсетіп отыр. Соның есебінен қазіргі таңда әуе желілерін ауыстыру жұмыстары жүргізілген ауылдарда электр энергиясының берілуі тұрақталған. Оның қуаттылығында да ешқандай проблема жоқ. Мекеме басшысы Рабат Полатұлы өз сөзінде бұл бағыттағы жұмыстардың (инвестициялық бағдарлама бойынша) алдағы жылдары да өз жалғасын таба беретінін айтады. Бұл жұмыстар бірінші кезекте тұрғындарды электр энергиясымен қамтамасыз ету ісін біржола ілгерілетеді деген сеніміміз бар. Жуалы ауданының әуе желілері 220 кВ Л-2819 «KEGOС»-тан және 110/35/10 кВ «Пригородная» қосалқы стансасынан электр энергиясын алады. Ал Билікөл аймағындағы бөлім Жуалы ауданымен көршілес жатқан Талас ауданының 35/10 кВ «Майтөбе» қосалқы стансасынан алады. – 2022 жылға жоспарланған инвестициялық бағдарламаның аясында Ертай ауылындағы №104 және 323 10/0,4кВ қосалқы стансалардың күштік трансформаторлары ауыстырылды. Осы қосалқы стансалардан таралған 0,4кВ әуе желілерінің бағаналары (104 дана), электр сымдары (15 000 метр) ауыстырылды. Қошқарата ауылының №112 қосалқы стансасынан 0,4кВ әуе желілерінің бағаналары (105 дана), электр сымдары (11 160метр) ауыстырылды. Күреңбел ауылында қосымша 10/0,4кВ қосалқы станса қойылу жоспарлануда. 10кВ әуе желісі (27 дана бағана, 1 440 метр сым тартылып) дайын тұр. Көлтоған ауылында №134 10/0,4кВ қосалқы стансадан тарайтын 0,4кВ әуе желісінің бағаналары мен сымдары жаңасына ауыстырылуда. Жоспар бойынша 86 дана бағана және 12 000 метр электр сымы ауыстырылады, – дейді аудандық электр желілері мекемесінің бас инженері Саржан Тұрсынқұлов. Аудандық электр желілері мекемесінің жұмысы туралы әңгімелесек, оған қарасты диспетчерлік бөлімнің жұмысы туралы айтпай кетуге болмайды. Мұндағы қызу жұмыс тәуліктің қай мезгілінде де тоқтамайды. Бұл бөлім аталған электр желілерін тарататын мекеменің негізгі «жүрегі» саналады. Осындағы негізгі қосалқы стансаға келіп тұрған жоғары кернеулі электр энергиясы осы жерден басқа қосалқы стансаларға беріледі. Ары қарай қан тамырына ұқсап ауылдардағы тұтынушыларға тасымалданады. Электр энергиясының қосалқы стансаларға берілуін реттеу, желілерде орын алатын бұзылыстар мен апаттарды қалпына келтіру – диспетчерлік бөлімге қарасты бригада мүшелерінің негізгі міндеті саналады. Қорыта келгенде, энергетика саласы мен саясатының ілгерілеуіне және тұрғындарды электр энергиясымен ұдайы қамтамасыз ету ісінде аудандық электр желілерін тарату мекемесі ұжымының қажырлы жұмысын үлгі етуімізге болады.

Нұржан МАНАСҰЛЫ, журналист, Жуалы ауданы

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар