ҚЫСТАН ҚЫСЫЛМАЙ ШЫҒА АЛАМЫЗ БА?
Қараша айының ортасынан ауа райы күрт құбылып, қыс қыр астында екенін қатаң ескерткендей болды. Еліміздің бірқатар өңірлерінде қар аралас жаңбыр жауып, республикалық маңызы бар жолдар жабылды. Кейбір облыстарда қалың қар жауып, халықты аяқ астынан әбігерге түсірді. Облысымызда да ауа райы тосын мінез танытып, жиі-жиі боран көтеріліп, мезгілсіз жауған жаңбырдың соңы аязға ұласып, салдарынан қала көшелері, облыстық, республикалық маңызы бар автомобиль жолдары көктайғаққа айналды. Өңірлерде табиғаттың тосын мінезінен туындаған қолайсыздықтар ешнәрсе емес, әсіресе Екібастұздағы төтенше жағдай қалың қазақтың қабырғасын қайыстырып, елдің есін алып тұр.
Еске сала кетсек, 2022 жылдың 27 қарашасында Екібастұзда жылу-электр орталығындағы қазандық агрегаттары жұмыс істемей қалған. Қала билігінің 28 қарашадағы мәліметі бойынша, 17 көпқабатты тұрғын үй, 5 әлеуметтік және 21 заңды тұлға нысаны жылудан ажыратылған. Екібастұздағы аяз салдарынан орын алған төтенше жағдайға Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та алаңдаушылық танытып, Үкімет басшысына энергетикалық активтерді мемлекетке қайтаруды тапсырды. Ол аздай, 29 қараша күні Өскемен қаласындағы жылу-электр орталығында да қазандық істен шықты. Бір күн бұрын датчиктерден шыққан ақауға байланысты №15 қазандық сөніп қалған. Мамандар құрылғыны 1,5 сағаттан кейін қайта іске қосқан.
... Қош, Екібастұздағы елді алаңдатқан мәселе де шешіліп, кінәлілер өз жазасын алар. Қала тұрғындарының қалыпты тіршілігіне тезірек оралып, қыстан қысылмай шығуына тілектеспіз. Енді өз облысымызға оралайық. Құдай бетін аулақ қылсын, Екібастұздағы оқиғаның облысымызда да қайталанбасына кім кепіл?!
Апат айтып келмейді. Сондықтан кейін опық жеп, бармақ тістеп қалмас үшін алдын алу жұмыстарына ерекше назар аударған жөн. Ендеше Екібастұздағы төтенше жағдайдан кейін көңіліне қорқыныш ұялап қалған облыс тұрғындарының алаңсыз күн кешуі үшін жылыту маусымының өту барысын саралап көргенді жөн көрдік.
Алдымен «Облысымыздағы жылу-энергетика кәсіпорындарының жай-күйі қалай?» деген сауалға жауап іздеп көрсек. Облыс әкімдігі энергетика және тұрғын үй- коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары Руслан Мұздыбековтің айтуынша, аймақтағы 9 негізгі жылу-энергетика кәсіпорны және 565 әлеуметтік нысанның автономды қазандығы арқылы
1 650 көпқабатты тұрғын үй, 782 білім, 388 денсаулық сақтау, 467 мәдениет, 81 спорт нысаны жылумен қамтамасыз етілуде.
– ҚР Құрылыс нормалары мен ережелеріне сәйкес облыста жылыту маусымы 164 тәулікті құрайды. Бүгінгі күнге дейін жылыту маусымының 51 тәулігі өтті. Осы аралықта жылу-энергетика кешендерімен жалпы 181 мың гигакалорий жылу энергиясы өндірілді.
Облыстағы жылу энергия көздері жоспарға сәйкес қажетті резервтік отын қорымен қамтамасыз етілген. Резервтік көмір қоры 1,4 мың тоннаны құраса, нормативтік мазут қоры 11,9 мың тоннаны құрайды.
Сонымен қатар отын-энергетика кешендерін әлеуметтік мазутпен қамтамасыз ету үшін облысқа 25,5 мың тонна мазут бөлінді. Кестеге сәйкес Жаңатас қаласына ай сайын жоспарланған 2 000 тонна мазут отыны тұрақты тасымалдануда. 30 қарашаға дейін 7 869 тонна мазут жеткізілді. Алдағы уақытта қалған 5 561 тонна мазут кестеге сәйкес 2023 жылдың ақпан айына дейін тасымалданатын болады. Қазіргі таңда қазандықта 76 тәулікке жеткілікті 4 610 тонна мазут бар. Тәуліктік тұтыну көлемі – 58-60 тонна. Қаратау, Шу және Жаңатас қалаларының орталық қазандықтарын 20,8 миллион текше метр табиғи газбен және 13,4 мың тонна мазутпен қамтамасыз ету үшін облыстық бюджеттен 2,2 миллиард теңге қарастырылды. Облыс бойынша жылыту маусымының өту барысы тұрақты бақылауға алынған. Барлық отын-энергетика кешендері штаттық режимде жұмыс істеуде. Сенім телефондары арқылы және әлеуметтік желілерге келіп түскен тұрғындардың арыз-шағымдарына тұрақты мониторинг жасалып, кері байланыс орнатылған. Өтінімдерге сәйкес уәкілетті органдармен құрылған жұмыс тобымен жергілікті орынға шығып, жылу жүйелеріне зерделеу жұмыстары жүргізілуде. Шағымдардың басым көпшілігі тұрғындар тарапынан өз кезегінде үй ішіндегі тік құбырларды тазаламау, құбырлардан ауа шығармау себептерінен орын алуда. Дегенмен жылу беруші ұйымдардың тарапынан көмек ретінде ақауларды жоюға көмек көрсетіліп келеді. Жылу беруші ұйымдардың диспетчерлік қызметтері де тәулік бойы қызмет атқаруда. Тұрғындардың диспетчерлік орталықтарға немесе 109 қызметіне тікелей хабарласып, өтінім беруіне болады, – дейді Руслан Орынбекұлы.
Басқарма басшысы орынбасарының сөзіне сүйенсек, алаңдауға ешқандай негіз жоқ. Алайда Энергетика министрлігінің Электр энергетикасын дамыту департаментінің ақпаратын оқысаң аза бойың қаза болады. Департамент мамандарының айтуынша, Екібастұздағыдай апат болуы мүмкін қалалардың қатарында Астана, Петропавл, Павлодар, Семей, Қарағандымен қоса Тараз қаласы да бар екен. Министрліктің дерегінше, Қазақстан бойынша жылу-электр орталықтарының негізгі жабдықтарының тозу көрсеткіші орташа есеппен – 55,42 пайыз. Тозудың ең жоғары деңгейі Жамбыл облысында – 89,3 пайыз. Ал республика бойынша жылу желілерінің тозуы орта есеппен 59 пайыздан асқан көрінеді.
Министрліктердің дерегі төбе шашымызды тік тұрғызып, жанымызды түршіктірді. Сонда кімге сенеміз?! Басқарма басшысының орынбасары жауырды жаба тоқып, өтірік мәлімет берді ме?! Әлде министрлік мамандары «Самарқанды су алдырып», қара аспанды төндіріп отыр ма? Анық-қанығын Руслан Орынбекұлының өзінен сұрадық. Дегенмен басқарма басшысының орынбасары әуелгі «алаңдауға негіз жоқ» дегенінен танбады.
– Жалпы республикамыздағы жылу қазандықтары өткен ғасырдың 60-70-жылдары салынған. Жарты ғасырдан аса уақытта кез келген нәрсенің тозатыны, ескіретіні айтпасам да бәріңізге белгілі. Дегенмен бүгінгі таңда облысымыздағы жылу-энергетика кәсіпорындары қалыпты жұмыс істеуде. Жыл сайын өңіріміздегі жылу қазандықтары, бу турбиналары тұрақты түрде күрделі жөндеуден өткізіліп тұрады. Биылдың өзінде 1 бу турбинасы, одан бөлек «Таразэнергоорталық»-та орналасқан 1 бу қазандығы толық күрделі жөндеуден өтті.
Сондай-ақ кез келген жылу-энергетика кешенінің жылыту маусымына дайындығы бойынша қорытынды беретін арнайы тәуелсіз ұйым болады. Жұмыс істеп тұрған барлық кәсіпорын тәуелсіз ұйымның қорытындысын алуға міндетті болады. Ұйымның қорытындысының негізінде министрлік тарапынан құрылған комиссия және жергілікті атқарушы органдардан құрылған комиссия облысымыздағы жылу-энергетика кешендерінің дайындығына тағы қорытынды береді. Одан бөлек басқарма тарапынан жылыту маусымының қалыпты жұмысын үйлестіру мақсатында облыстық штаб құрылып, жұмыс кестесіне сәйкес ай сайын штаб отырысы өткізілуде. Осылайша жылу-энергетика кешендерінің жұмысын әрдайым бақылауда ұстап отырамыз. Бір сөзбен айтқанда, жылыту маусымы кезінде басқа облыстарда болып жатқан оқыс оқиғалар өңірімізде орын алады деп ойламаймыз. Себебі жоспарға сәйкес тиісті жұмыстар атқарылды. Сондықтан министрліктің қандай негізге сүйеніп айтқанын білмедік. Бір анығы, облысымыздағы жылу қазандықтарының, жылу желілерінің жай-күйі басқа облыстармен салыстырғанда әлдеқайда жақсы. Себебі жылу-энергетика кешендері ағымдағы және күрделі жөндеуден өткізіліп тұрады. Жылу желілері тұрақты түрде ауыстырылады. Мәселен, 2022 жылы Қаратау қаласында жылу желілерін ауыстыру бойынша 3 жоба жүзеге асырылды. Өткен жылы Шу қаласында жылу желілері ауыстырылды. Әрине, әлі де атқарылатын жұмыстар аз емес. Сондықтан жыл сайын жоспар бойынша тиісті жұмыстар жүргізіле береді, – деген Руслан Орынбекұлы өңірімізде көмір қоры да жеткілікті екенін мәлімдеді.
Айтуынша, облысқа жылыту маусымына қажетті көмірдің көлемі 221,1 мың тоннаны құрайды. Қазірге дейін тұрғындар 145,5 мың тонна көмірмен қамтылған (91 пайыз).
Тараз қаласы және облыс аумағында көмірді жеткізу және таратумен 31 жеке компания айналысып жатқан көрінеді. Көмір бағасы да бақылауда. «Шұбаркөл», «Қаражыра» маркалы көмірлердің 1 тоннасы сортына қарай 14-17 мың теңгеден сатылуда. Ал шалғай елді мекендерге жеткізу құнымен есептегенде 1 тоннасы 18-21 мың теңгеден айналады.
Руслан Орынбекұлы көмір вагондары тұрақты келіп жатқанын, қазіргі таңда теміржол тұйықтарында 21,4 мың тонна көмір бар екенін айтты. Осылайша жылыту маусымының барысы жайлы жан-жақты ақпарат берген басқарма басшысының орынбасары сөз соңында әлеуметтік нысандарды газға қосу бойынша да ауқымды жұмыстар жүргізіліп жатқанын баяндады.
– Салыстырмалы түрде айтар болсақ, республика бойынша әлеуметтік нысандарды газдандыру бойынша облысымыз алдыңғы қатарда келеді. Тоқсан пайызға жақындап келеміз. Жыл сайын әлеуметтік нысандардағы қазандықтарды кезең-кезеңімен газға ауыстыру жұмыстары жүргізілуде. 2022 жылы
8 әлеуметтік нысан газға ауыстырылды. Сондай-ақ 8 елді мекенде орналасқан медициналық нысандар газға қосылды. Егер елді мекендерге газ тартылса, тиісінше әлеуметтік нысандардағы қазандықтардың барлығы газға ауыстырылатын болады. Сондықтан әлеуметтік нысандарды газға қосу елді мекендерге көгілдір отынның жеткізілу деңгейіне байланысты, – деді Р.Мұздыбеков.
Қыстың ақ бораны мен сары шұнақ аязы бейқамдықты кешірмейді. Салғырттықтың салдары ауыр зардаптарға алып келуі әбден мүмкін. Сол үшін де облысымызда төтеннен келген апаттарға жол бермеу мақсатында және қыстан қысылмай шығу үшін жоспарға сәйкес тиісінше жұмыстар атқарылған. Дейтұрғанмен «алаңдауға негіз жоқ» деп арқаны кеңге салатын уақыт емес. Жоспарлы жұмыстар әлі де жалғасуда. Ал атқарылған жұмысқа алдағы қыс сыншы.
Талғат НҰРХАНОВ
Келесі мақала