Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

«Шабытыңмен шарықтай бер, Шапағат!»

«Шабытыңмен шарықтай бер, Шапағат!»
ашық дереккөз
«Шабытыңмен шарықтай бер, Шапағат!»
Мәншүк Мәметова атындағы №27 мектепте облыстық «AR-AI» жастар газетінің тілшісі, республикалық «Алтын Тобылғы-2021» әдеби байқауының Гран-при иегері Шапағат Әбдірұлымен оқушылар арасында «Шабытыңмен шарықтай бер, Шапағат!» атты кездесу кеші өтті. Жас таланттардың өмір жолын өскелең ұрпаққа өнеге тұтып, жеткіншектерді кітап оқуға құлшындыратын іс-шара жастардың еліне, жеріне деген сүйіспеншілігін арттыра түскені анық. Жастардың шығармашылығы дәріптелген тағылымы мол кешті мектеп директоры Азиза Алтыбаева ашты. Ол жас ақынды оқушыларға қысқаша таныстырып, іс-шараның мән-маңызына тоқталды. – Ақын-жазушы іспетті сөз зергерлерінің төл туындылары адамға тіл ұстарту үшін ғана керек емес. Ол адамға тәрбие берумен қатар, адамның ойлау жүйесін дамытып, ішкі рухани дүниесін байытатын, бір ғана оймен оқырманның сезімін селт еткізетін сан түрлі қасиетке ие. Әдебиет өкілдерінің жазған дүниелері адамды рухани жұтаңдықтан сақтайды. Сондықтан ел назарында жүрген, «сүйегіне сөз сіңген» өңірдегі, еліміздегі талантты жастарды оқушылармен кездестіріп тұру осы мектепте бірнеше жылдан бері дәстүрге айналған. Мәселен, елге белгілі Қалқаман Сарин, өз облысымыздағы Үміт Битенова, Есет Досалы, Нұржан Қадірәлі секілді басқа да ақындар осы мектепте болып, жеткіншектерге тағылым боларлық ойларымен бөліскен, – деді Азиза Абдыхалыққызы. Кездесу барысында оқушылар Шапағат Әбдірдің өлеңдерін жатқа оқып, ән салып, би биледі. Сондай-ақ шайыр жырларының кейбіріне талдау жасап, өлең шумақтарында кездесетін көнерген сөздердің, теңеулер мен астарлы ойдың мағынасына үңілді. – Іс-шараны мектептегі «Қазақ тілі мен әдебиеті пәні» бірлестігі ұйымдастырып отыр. Ш.Әбдірмен кездесу кеші қазақ тілі мен әдебиеті пәндері апталығы аясында өтуде. Мектебіміз қазақтың батыр қызы М.Мәметованың атын иемденгендіктен оның туғанына биыл 100 жыл толу мәселесі де ескерілді. Ал іс-шараның негізгі миссиясына келер болсақ, мақсат – жас ақындардың шығармашылық әлеуетін пайдалана отырып, оқушыларды ұлттық болмысқа сай тәрбиелеу. Осы арқылы балалар ортасындағы рухани дүниетанымды кеңейту. Орыс халқының ақыны, драматург және журналист Михаил Светлов: «Поэзия дегеннің не нәрсе екенін мен білмеймін, бірақ анық керек нәрсе, соның ішінде маған керек екенін жақсы білемін», депті. Біздің оқушылар да осы кештен өзіне керекті рухани азық ала алғанына сенімдімін, – дейді қазақ тілі мен әдебиет пәні мұғалімі Дәулеткүл Сейдахова. Өңірге, елге танымал, халықтың ыстық ықыласына бөленіп жүрген жас қаламгерлеріміздің жалынды жырларын мектеп оқушыларына насихаттау мақсат етілген кеш соңында жасөспірімдер Шапағат Әбдірұлына «Поэзия адамға не береді?», «Қазіргі поэзияның деңгейі қандай?», «Шын ақын мен өлеңшінің айырмасы неде?», «Сөздің киесі, құдіреті бар ма?» деген секілді сұрақтар қойып, тұшымды жауапқа қанықты. Өз кезегінде Ш.Әбдір «болашақта ақын болсам» деген ниеттегі ақындыққа жаны жақын ізбасарларына ақыл-кеңесін айтып, ақ тілегін арнады.

Әлия Алдоңғарова, «Қазақ тілі мен әдебиеті пәні» бірлестігінің жетекшісі

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар