Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Елім деген ерлерге ерекше құрмет

Елім деген ерлерге ерекше құрмет
ашық дереккөз
Елім деген ерлерге ерекше құрмет
Ел ішіндегі тыныштықты күндіз-түні дамылсыз күзеткен шекарашылардың еңбегі де, ерлігі де өлшеусіз. Сырттан келер сұм пиғылдылардың жасырын әрекетін қалт жібермейтін қырағы көзді болу, аяқасты қауіп төнсе, шапшаң қимылдап, жылдам шешім шығара білу де шекарашыларға жүктелген зор жауапкершілік. Сол үдеден шығу үшін күнделікті жаттығып, үздіксіз білімін жетілдіріп отыру ел шебін дамылсыз күзеткен жауынгерлерге тән міндет. Ал олар ел сенімін ақтауды перзенттік парыз, асқақ абырой деп біледі. Биыл Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметіне 30 жыл толды. Осыған орай бұл жолғы «Шекарашылар күні» әдеттегіден бөлекше салтанатпен өтті. Айтулы мереке әскери борышын өтеу кезінде қаза болған шекарашылардың ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, тағзым етумен басталды. Отанның берік қалқаны бола жүріп өз жанын қиған боздақтардың рухына құрмет көрсеткен жұрт олардың ерліктерін тебірене еске алды. Ата-ана, туыстарына Тәңірден медет тіледі. Бұдан соң сап түзеген шекарашылар жас жауынгерлермен бірге Асқар Тоқпанов атындағы қазақ драма театрына жиналды. Театр алдында ел қауіпсіздігін күзетуде әскерилер қолданатын қару-жарақтардан көрме ұйымдастырылып, барша жұрттың назарына ұсынылды. Аталған өнер ордасында өткен салтанатты жиын барысында Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туы көтеріліп, мемлекеттік Әнұранның шырқалуымен сахна шымылдығы түрілді. Мерейлі мерекеде облыс әкімінің жүрекжарды лебізін жеткізген облыс әкімінің бірінші орынбасары Нұржан Календеров: «Ел аумағының тұтастығы мен қоғамның қауіпсіздігін қамтамасыз етуде сіздерге жүктелген жауапкершілік жүгі өте салмақты. Бұл міндетті абыроймен атқарып, Тәуелсіздік тұғырын биіктетуге сүбелі үлес қосып келесіздер. Қазақстан Республикасы Президентінің 1992 жылғы 18 тамыздағы шекара әскерлерін құру туралы Жарлығымен ҚР Ұлттық қауіпсіздігі комитетінің Шекара қызметі құрылды. ҚР Ұлттық қауіпсіздігі комитеті шекара қызметінің Жамбыл облысы бойынша департаменті 2020 жылы сәуір айында құрылғаннан бастап өзіне жүктелген міндеттерді қырағылықпен, абыроймен атқаруда. Шекарашыларды мемлекет тарапынан қолдау шаралары тұрақты жүргізіліп келеді. Бұл бағытта шекара қызметінің облыс бойынша департаментіне осы жылдың сәуір айында жаңа әкімшілік ғимарат қолданысқа берілді. Қырғыз Республикасымен шектесетін облыс аумағындағы мемлекеттік шекараның ұзындығы 719 шақырымды құрайды. Бүгінгі таңда Жамбыл облысында 8 бақылау-өткізу пункті және 4 қосымша пункт жұмыс істеп тұр. Осы аумақта мемлекеттік шекарадан заңсыз өтіп кетпеуін қамтамасыз ету жұмыстары аталған департаментке қарасты шекарашылар тарапынан мінсіз атқарылуда. Мемлекеттік шекараны заңсыз кесіп өтуге жол бермей, еліміздің аумақтық тұтастығын қамтамасыз етудегі қызметтеріңіз асқақтай берсін, Отанымыздың шекарасы берік болсын! – деп бірқатар шекарашыларды облыс әкімінің Құрмет грамотасы және Алғыс хатымен марапаттады. Лебіздер легін облыстық мәслихаттың хатшысы Махметғали Сарыбеков жалғап, өз ісіне аянбай берілген шекарашыларға Жамбыл облысының Құрмет грамотасын табыстады. Мемлекеттің тыныштығы мен тұрақтылығы үшін күндіз-түні кірпік қақпай қызмет ететін шекарашыларды облыс прокуроры Нұрғалым Әбдіров, ҚР Ұлттық қауіпсіздігі комитеті Шекара қызметінің Жамбыл облысы бойынша департаментінің басшысы, генерал-майор Мұхтар Сәбитолданов құттықтап, ақ тілектерін ақтарды. Ерен еңбегімен дараланған шекарашылардың біразы арнайы марапаттарға ие болды. Сонымен қатар «ҚР Ұлттық қауіпсіздігі комитеті Шекара қызметіне 30 жыл» мерекелік медалі 300-дей адамға берілді. Салтанатты жиынның соңы мерекелік концертке ұласты. Батыр бабаларымыздың қиян-кескі шайқастағы ел мен жер үшін жан берісіп, жан алысқан ерліктері сахналанды. Әскерилерге арналған әндер Кенен Әзірбаев атындағы облыстық филармония өнерпаздарының орындауында шырқалды.

Қ.Рахметуллина

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар