Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

«Тәтті мұң» кітабы оқырманға жол тартты

«Тәтті мұң» кітабы оқырманға жол тартты
ашық дереккөз
«Тәтті мұң» кітабы оқырманға жол тартты
Өткен өмірдің өрнегі мен жылдар жылнамасының сүбелі тұстарының кітапқа қатталуы дәстүрлі үрдіс. Ал оны сөз зергерлерінің қаузап, кітап қылып шығаруы заңдылық. Осындай сүбелі туындылардың авторы – журналист-қаламгер, «AR-AI» газетінің тілшісі Қамар Қарасаеваның «Тәтті мұң» кітабының тұсауы кесіліп, оқырманға жол тартты. Бұл кітап автордың өз-өзіне есеп беруі іспетті. Өйткені автор журналистік жолында күнделікті өмірінде кездескен оқиғалар мен тағдыр иелері туралы жазған әдемі әңгімелерін, өрнекті өлеңдерін, тарихи повесін топтастырыпты. Бір ғана «Өгей ана» әңгімесін алып қарайық. Тосын әсерге кез қылатын шығарма аты айтып тұрғандай өгей ана мен кішкентай қыздың арасындағы күрделі байланысқа құрылған. Әдетте өгей шешенің бауырына басқан бөтен анадан туған перзентке қысым жасауы – қазақ прозасында жиі кездесетін типтік ситуациялардың бірі. Бұл арадағы жағдай керісінше: жолдасының бұрынғы әйелінен қалған баласына деген өгей шешенің ықыласы айрықша. Баланың жанын жаралап алмау үшін айналып-үйіріліп, оны қалай да бауырына тартудың қамында жүргенімен, ақыры осынау таза пейілін отағасы көрмейді де, сезбейді. Осындай мейірімді өгей ана Райхан мен қызы Жаннұрдың арасына жік салған – күйеуінің өзі. Автордың туындыларының барлығы да осылай өмірден алынған шынайы оқиғаларға негізделген. Сондықтан да оқырман жанын түрлі сезімдерге бөлеп, елітіп әкетеді. Көзі тірісінде Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Қазақстанның халық жазушысы Әзілхан Нұршайықов Қамардың қаламынан туған бірқатар шығармаларға оң бағасын беріп кеткен. Ә.Нұршайықов пен белгілі жазушы Нұрдаулет Ақыштың осы кітапқа алғы сөз жазуы автордың әдебиеттегі орнын айқындай түскендей. Әзілхан Нұршайықов: «Қамар Рахметуллақызы – қалыптасып қалған жазушы. Жазушыға керек тіл байлығы, шынайы сезімталдық, психологиялық білгірлік, табиғат тылсымын тамаша суреттей білу сияқты асыл қасиеттерінің бәрі бойында бар. Ақыл-парасаты да жетерлік. Бойында бұлқынып тұрған әдеби күш бары байқалады. Сол сезім, шеберлік қуатын лап еткізіп, романға төксе, жарқ еткізіп, жалынды да дарынды повестер жазса, 28 жасында екі томдық «Индиана» романын жазған француз жазушысы Санд Жорждан кем түспейтінініне сенемін», – деп жазушының кез келген кісі көре бермейтін қасиеттерін дөп басып, лайықты бағасын берген. Жаңа кітаптың тұсаукесері облыстық «Анаға тағзым» орталығында өтті. Салтанатты кешті жазушының қызы Айкен анасының «Болармын мүмкін» атты өлең жолдарымен ашты. Мұнда да үлкен мағына жатыр. – Нық ұстап намыс туларын, Ұлың боп неге тумадым?! Өз елін қорғар сарбаздай, Белімді бекем бумадым. Қамықпа әке, мен сенің, Болмасам-дағы дүлдүлің. Шындықты шырқар шарықтап, Болармын мүмкін бұлбұлың, – деп келетін жыр жолдары «бала Қамар» бейнесін көз алдымызға әкеліп, балалықтың елінен қол бұлғап тұр. Шығармашылық кеште алғашқы сөз Қамар Қарасаеваның әдебиет әлеміндегі анасындай болып кеткен ардақты ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Шырын Мамасеріковаға берілді. Жанына жақын тартқан Қамар қызының қуанышына ортақтасу үшін Меркіден арнайы келген ақын журналист-жазушының адами, қаламгерлік қасиеттеріне тоқталып тебірене сөйлеп, сый-жоралғы жасады. Мұнан соң «Aulieata-Media» ЖШС бас директоры Оралхан Дәуіт пен ақын Ғайни Әлімбекқызы кеш иесіне тілектерін арнап, жаңа кітаптың лентасын қиды. – «Айша бибі» хабарын жүргізіп жүрген кезім. Қамардың әңгімелеріне Әзілхан Нұршайықовтың өзі жақсы пікірін білдіргенін естіп қатты қуандым. Сол туралы жақсы хабар жүргізейік деп ұсыныс жасадым. Табиғатынан ұяң, қарапайым Қамар әуелгіде бас тартты. Мен «Неге ұяласың, менмін деген жазушылар да Әзілханнан баға алмаған. Бұл әдебиет адамы үшін нағыз бақыт» деп көндірдім. Сонда да мақтап жатсам ұялып, тоқтатып қояды. Сол кезде Қамар қандай ұяң, ибалы болса әлі де сол болмысынан айнымаған. Мен сіңілім үшін қатты қуаныштымын, – деді Ғайни ақын толқи сөйлеп. «Aulieata-media» ЖШС бас директоры Оралхан Дәуіт болса журналист еңбек ететін «Ar-Ai» газеті қаншама таланттың қанатын қомдаған киелі шаңырақ екендігін айта келіп, қалам иесінің жазушылық жолына сәттілік тіледі. Өз кезегінде кештің құрметті қонақтары Үміт Битенова, облыстық «Аq jol» газетінің бас редакторы Хамит Есаман, «Анаға тағзым» орталығының директоры Эльмира Мырзағали сөз сөйлеп, жаңа туындының оқырман көңілінен шығуына тілектестігін білдірді. Айта кету керек, қаламгерді өзі еңбек ететін облыстық «АR -AI» газетінің ұжымы да толық құрамда құттықтап келді. Осы орайда басылымның бас редакторы Тұрсынбек Сұлтанбеков ізгі тілегін арнап, әріптестер қауымының сый-сияпатын табыстады. Әдеби кеште «Анаға тағзым» орталығының жас тәлім алушылары Аймереке Қайнарқызы, Айзере Мақсатқызы кеш иесінің әсерлі өлеңдерін оқып, рухани жиынды әрлендіре түсті. Облыстық мектеп олимпиадаларын және мектептен тыс іс-шаралар өткізу орталығының тәлім алушылары жазушының әңгімелерінен үзінділер оқыды. Қаламгердің жақын досы, «AR-AI» газетінің қызметкері Ғалия Садықованың жанды дауыста, гитараның сүйемелдеуімен шырқаған әні кеш қонақтарын бір серпілтіп тастады. Жазушының әріптесі Шапағат Әбдірдің кеш иесіне арнауы да сәтті шықты. Рухани кеште ғалым Сейсекүл Исматова, кітапханашы Гүлдариға Жаңабаева, шымкенттік ақын Салтанат Мадияр, ақындар Есет Досалы, Марал Хантөреқызы, кеш иесінің досы Үміт Серікқызы, журналист-жазушының ұстаздары Гүлнара Әлімбаева, Шакизат Шонатаева толғана сөйледі. Қысқа ғана уақыт ішінде кітаптың алғашқы беттерімен танысып үлгерген балалар жазушысы Марат Құлибаев кеш иесінің «Адасу» атты әңгімесінен үлкен әсер алғанын айтып, жан-жақты талдап берсе, педагог-журналист Гүлнар Есмаханова өз сөзінде Қамардың әңгімелері мектеп оқушыларына диктант жаздыруға дәл келетінін, ұсынысын көп кешіктірмей қолға алатынын жеткізді. Қонақтар рухани ләззат алған кешті автор өз сөздерімен түйіндеп, қуанышымен бөлісе келген қонақтарға алғысын жаудырды.  width= – Биыл адам өмірінің биік белестерінің бірі – қырық жасқа келіп жатырмын. Осы уақыт аралығында қандай дәрежеге жетіп, не тындырдым, әдебиет адамы ретінде қандай қолтаңбамды қалдырдым деген сұрақтар көптен бері ойымда жүрді. «Тәтті мұң» – сансыз сұрақтарымның жауабы, өз-өзіме берген есебім. Кітаптағы хикаяттардың бәрі шынайы оқиғаға құралған. Қандай шығарма жазсам да, қиялдан емес, өмірдің өзінен, өмірде бар адамдардың тағдырынан аламын. Мәселен, кітапқа енген «Айнымас болмыс» атты повестімде сонау тар замандарда туған жерінен көшіп, шетелдерде талай қиындықты бастан өткерген өзімнің туған нағашымның ғұмыры баяндалады. Бір адамның тағдыры арқылы әлемнің әр бұрышында тарыдай шашылған қазақтардың тағдырын жеткізгім келді. Оқып, бағасын бере жатарсыздар. Өзім үшін маңызды сәтте қасымнан табылып, қолдау білдіргендеріңізге рақмет, – деді автор. Өмір даңғылындағы құштарлық пен іштарлық, шынайылық шеңберіндегі адалдық пен ақ пейіл, ізгілік пен зұлымдық қатар суреттелген жазушы прозасы, ақын поэзиясы бүтін бір ғұмырдың ағын судай дариясы. Сондай көркемдік пен тазалыққа толы шығармашылық иесі – Қамар Қарасаеваны тұңғыш кітабының жарық көруімен шын жүректен құттықтап, шабыты шарықтай беруіне тілектестігімізді білдіреміз.

Ақтоты Жаңабай

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар