Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Аграрлық сала ғылымсыз алға баспайды

Аграрлық сала ғылымсыз алға баспайды
ашық дереккөз
Аграрлық сала ғылымсыз алға баспайды
Тоғыз жолдың торабында орналасқан Шу ауданының экономикалық əлеуеті өзге аудандармен салыстырғанда жоғары. Қай саласын алып қарасаңыз да ілгерілеу бар. Оған облыс əкімі Нұржан Нұржігітовтің ауданға жасаған жұмыс сапары барысында көзіміз жете түсті. Аймақ басшысы алдымен талай тарихты ішіне бүгіп жатқан көне Ақтөбе-Баласағұн қала жұртының орнында болып, ондағы өлке мұрағатымен танысты. Ақтөбе қалашығындағы ғылыми-зерттеу жұмыстары ХІХ ғасырдың аяқ жағынан басталып, əлі күнге дейін жалғасын тауып келеді екен. Зерттеу жұмыстарының нәтижесінде қалашықтың VІ-ХІІІ ғасырлар аралығында өмір сүргені анықталып, ол жерден қамалдар, мұнаралар, салтанатты сарайлар кешені, қақпа, монша, шеберхана тағы басқа бөлмелері ашылған. Дегенмен мұнда атқарылып жатқан жұмыстарға әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің профессоры Мадияр Елеуовтың көңілі толмай отыр. – Осында қазба жұмыстарымен 1974 жылдан бері айналысып келемін. Соңғы 10 жылда археологиялық қазба жұмыстары тоқтап қалды десе де болады. Бұл жұмысты жалғастырып, қала жұртын қазуға қаражат керек. Бұл орынды тамаша туристік базаға айналдыруға болады. Сол үшін осыған қаржы бөлдіріп, көне қала жұрты орнын туристік орталыққа айналдыруға қолдау көрсетсеңіз, – деді ол. Облыс əкімі салаға жауапты орынбасары мен мамандарға жəне аудан əкімі Сəкен Арубаевқа ғалымдармен бірлесе жұмыс істеп, бір ай ішінде нақты жоспар жасап ұсынуды тапсырды. Облыс əкімі Нұржан Нұржігітов Шу ауданындағы жұмыс сапары барысында «Егінжай күні – 2022» дала семинарына қатысып, диқандардың берекелі басқосуының куəсі болды. Дала семинарында аймақ басшысы «QYZYLSHA» серіктестігінің жүгері, пияз жəне қант қызылшасы алқаптарымен танысты. Серіктестіктің бас директоры Мұхаш Үсенбаев жүгері алқабындағы жаңа тұқымды Венгрия мемлекетінен алдырып, шетелдік əріптестерімен тұқым шаруашылығын құру бағытында жұмыс істеп жатқанын айтты. М.Үсенбаев биыл жүгері алқабының əр гектарынан 3 тоннадан тұқым жинамақ ниетте. Келесі кезекте аймақ басшысы 25 гектар алқапқа орналастырылған пияз алқабын көрді. Кəсіпкер Лугмар Самдуровтың айтуынша, пияздың бір гектарынан 800 центнерден өнім жинамақ. Қазу жұмысын жаңа бастаған кəсіпкер пияздың бір келісін алқап басынан алушыларға 45-50 теңгеден өткеріп жатыр екен. Маусымдық жұмысқа тартылған бір жұмысшыға күндігіне 7-10 мың теңге төлеп отыр. Сондай-ақ Нұржан Молдиярұлы «Келет» компаниясының насос қондырғыларымен, техника, тыңайтқыш, пестицид пен тұқым көрмесімен, «QYZYLSHA» серіктестігінің қант қызылшасы алқабымен жəне «Volmant» компаниясының «Valley» заманауи құрал-жабдықтарымен танысты. Дала семинарында ғалымдар мен ауыл шаруашылығы құрылымдарының өкілдері баяндама жасап, өз жобаларымен, ғылыми ұсыныстарымен бөлісті. Атап айтсақ, Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің профессоры Марат Қожахметов, Қазақ егіншілік жəне өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының білімді тарату жəне əзірлемелерді өндіріске енгізу орталығының басшысы Сейіткəрім Қалтаев жəне басқа да ғылыми-зерттеу институттарының, қаржылық ұйымдар мен агроқұрылым директорлары мен басшылары сөз алып, өз тəжірибелерін ортаға салды. Ең бастысы олар шаруалармен бірлесе өнімділікті арттыру бағытында жұмыс істеуге əзір екендіктерін жеткізді. – Бүгінгі таңда шаруалар өз күшімен өнімділікті мүмкіндігінше жоғарылатты. Енді олар ғалымдармен бірлесе жұмыс істеуі керек. Өйткені аймақта тұқым мəселесін шешпей, жақсы өнім жинай алмаймыз. Қарап отырсақ қант қызылшасы болсын, көкөніс, бақша дақылдары болсын, барлық дақылдың тұқымын шетелден аламыз. Сол үшін оны өндіруді кешіктірмей қолға алуымыз керек. Бұл бағытта жұмыстар басталды. Қазір облыста астық бойынша 8 шаруа қожалық тұқым дайындаумен айналысуда. Енді мұндай қожалық Шу ауданында да құрылуда. Жуалы ауданында картоп тұқымын қолға алмақ ниеттеміз, – деді Нұржан Нұржігітов. Сондай-ақ аграрлық салада атқарылып жатқан жұмыстар туралы облыс əкімдігі ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Ербол Жиенқұлов та есеп беріп өтті. Семинар соңында Нұржан Нұржігітов агроқұрылым басшылары мен семинарға қатысқан шаруа қожалық жетекшілері тарапынан қойылған сұрақтарға жауап берді.

Марат ҚҰЛИБАЕВ, Шу ауданы

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар