«Alina Group»-тың аяқ алысы қуантады
Тараз қаласындағы «Alina Group» компаниясы заманауи автоматтандырылған, құрылысқа қажетті материал шығаратын зауытты іске қосты. Гипстен жасалған саңылаулы плиталар өндіретін зауыт Әулиеата өңірінде бұрын-соңды болған емес. Мұның бір артықшылығы, қандай да бір нысан ішін бөлмелерге бөлгенде құрылысшылар кірпіш қалап әуреге түсіп жатпайды.
Нысан ішін осы тақтайшаларды бір-біріне желімдеу арқылы құрастыра отырып бөлсе, жұмыс тез әрі оңай аяқталады. Сонымен қатар осы құрылыс материалынан құрастырылған қабырға әрлеуді қажет етпейді. «Alina Group»-тың жаңа зауытының жылына 380 000 шаршы метр өнім шығаруға әлеуеті жетеді. Жобаға 3,5 миллиард теңге инвестиция салыныпты.
Зауыт салу жобасы 20 айға созылған. Оның жабдықтары 30 жылдан астам гипс өнеркәсібі үшін өндірістік желілерді әзірлеп, дайындап, іске қосып келе жатқан француздық «Alphaplatre» компаниясынан сатып алынған екен. Өндірістік нысанның ресми ашылу салтанатына облыс әкімінің бірінші орынбасары Нұржан Календеров, Тараз қаласы әкімінің міндетін атқарушы Қайрат Исмаил, өңірдің кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық дамыту басқармасының басшысы Аспандияр Сейсебаев, «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» акционерлік қоғамы облыстық филиалының директоры Бақытжан Исақов, «Alina Group» серіктестері және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.
– Бұл құрылыс индустриясындағы өте тамаша жоба. Біз дәстүрлі материалдар мен құрылыс әдістерінен біртіндеп алшақтайтын боламыз. Шын мәнінде мұны жасау оңай. Жамбыл өңірінде өнеркәсіптік өндіріс пен инвестициялардың көлемі бұрынғыдан да маңызды. Біз бұл жобаны индустрияландыру бағдарламасы аясында жүргіздік. Ешқандай іркілістер болған жоқ. Оны іске асыруға атсалысқандардың барлығын жұмыстың сәтті басталуымен құттықтаймыз!», – деді Нұржан Сәбитұлы.
«Alina Group» компаниясының маркетинг директоры Елена Карикова саңылаулы гипстен жасалған плиталар өндірісі отандық құрылыс саласындағы жаңа технология екенін айтады.
– Бұл негізінен үй-жайлар ішіндегі арақабырғалар үшін қолданылатын дәстүрлі материалдарды алмастыратындықтан, қоғамда өнімге деген сұраныстың жоғары болатыны анық. Осы жобаны іске асыру арқылы біз «AlinEX»-тің жоғары сапада ұсынған өніміне сәйкес кәсіби шешімдерді өндіріске енгізу дәстүрін жалғастырғымыз келеді. 1990 жылдардың соңында «AlinEX» материалы еурожөндеу ұғымын әрбір қазақстандыққа ыңғайлы еткен болса, енді біз құрылыс саласына жаңашылдықты белсенді түрде енгізбекшіміз.
Алдағы екі жылда Тараз қаласын Қазақстанның оңтүстік облыстарымен қатар, көршілес жатқан Қырғыз Республикасын және Өзбекстан, Тәжікстан секілді Орта Азия елдерін құрылыс-әрлеу материалдарымен қамтамасыз ететін заманауи ауқымды алаңға айналдыруды көздеп отырмыз, – деді ол.
Жаңа өндірістің әлеуеті аймақтың кәсіби құрылыс-әрлеу материалдары мен бөлмелердің аралық қабырғаларына деген сұранысын толық өтейтіні бізді де қуантады. «Alina Group» ірі логистикалық орталық салуда алдыңғы қатардағы өндірістік компания десек артық айтқандық емес. Келер жылы «Alina Group» Тараз қаласында жаңа жаһандық жоба аясында қуаттылығы жылына 780 000 тоннаны құрайтын құрғақ құрылыс қоспаларын шығаратын тағы бір зауытты іске қоспақшы.
Нұрым СЫРҒАБАЕВ
Келесі мақала