Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Цифрлық сауаттылық –маңызды бағыт

Цифрлық сауаттылық –маңызды бағыт
ашық дереккөз
Цифрлық сауаттылық –маңызды бағыт
"Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясының құрылуымен құжаттандыру мәселесінің айтарлықтай алға жылжығаны белгілі. Тұрғындар фронт-офистерге келмей-ақ электронды негізде де тиісті қызметке жүгінуге мүмкіндік алды. Түптеп келгенде, мұның барлығы жұртшылықтың уақытын үнемдеп, шаруасының тез арада шешілуіне оң септігін тигізуде. Бұл жайттар елімізде цифрландыру үдерісінің қарқынды түрде дамып келе жатқандығын да аңғартады. Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, 2021 жылдың 10 айында фронт-офистер арқылы 893 538 құжат қабылданса, оның ішінде 2749-ы электронды негізде жүзеге асты. Ал биылғы сәйкес мерзімде фронт-офистер арқылы 654 054 қызмет көрсетілсе, оның ішінде 2 547 қызмет электронды негізде орындалған. Яғни жалпы қабылданған құжат саны 25 пайызға кемісе, электронды қызмет саны 9 пайызға азайған. Әрине, бұл халық арасында өз беттерінше қызмет алуға үйретуге бағытталған насихат және оқыту жұмыстарының нәтижесі деп білеміз. Арнайы бекітілген жоспарға сәйкес, биыл облыс бойынша халықтың цифрлық сауаттылығын арттыру мақсатында сауда орталықтарында, базарларда, мемлекеттік мекемелерде, білім беру ұйымдарында 211 592 оқыту жүргізілді. Халықтың әлеуметтік жағынан осал тобына жататын азаматтардың үйлеріне барып қызмет көрсету үшін «Help desk» бағдарламасы жасалған. Әлеуметтік жағынан осал топтарға 1 және 2-топтағы мүмкіндігі шектеулі азаматтар, мүгедек балалар, ҰОС ардагерлері, 70 жастан жоғары егде жастағы адамдар жатады. Сонымен қатар фронт-офистерде жоғарыда көрсетілген азаматтарға кезексіз қызмет көрсету мақсатында жеңілдік терезелері қарастырылған. Биылғы 10 айда мүмкіндігі шектеулі азаматтарға 1 190 шығу жүзеге асырылып, 1 433 қызмет көрсетілді. Сонымен қатар шалғай орналасқан елді мекендерде мемлекеттік қызмет көрсету үшін «Мобильді ХҚКО» жобасы да іске асырылуда. Есепті мерзімде филиал тарапынан бекітілген қызметтік көліктер арқылы «Жылжымалы халыққа қызмет көрсету бойынша мобильді топ» алыс ауыл-аймақтарға жалпы 613 рет сапар шегіп, 10 119 мемлекеттік қызмет көрсеткен. Халыққа қызмет көрсетіп отырған соң мамандардың біліктілігін шыңдауға айрықша басымдық берілуде. Осы орайда филиалдың HR және сапа-менеджмент жүйесін дамыту басқармасы және бөлім тәлімгерлерімен бірлесе отырып, қызметкерлердің құзыреттілігін арттыру мақсатында 2013 жылғы 15 сәуірде қабылданған ҚР "Мемлекеттік қызмет туралы" Заңы, 2016 жылғы 22 қаңтардағы №52 "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы қызметінің қағидасы, сондай-ақ қолданыстағы нормативтік құқықтық актілер және мемлекеттік қызмет көрсетуге бекітілген ережелер бойынша фронт-офис қызметкерлеріне оқыту және түсіндірме жұмысы күнделікті жүргізілуде. Ағымдағы жылдың 10 айында 6 393 оқыту сабағы өткізілді. Уақыт талабына сай жаңа сервистер де іске қосылуда. Қазіргі таңда азаматтар уақытын үнемдеу мақсатында дайын құжаттарды қызмет алушылардың мекенжайына жеткізу сервисі жұмыс жасайды. Жеткізу тек Тараз қаласы ішінде жүзеге асырылады. Халыққа қызмет көрсету бойынша Тараз қалалық №1, 2, 3, 4 бөлімдерде азаматтар тарапынан сервисті қолдануға мүмкіндік бар. Электрондық төлемдерді дамыту мақсатында халыққа қызмет көрсету бөлімдерінде мемлекеттік бажды, төлем кассаларына жүгінбей, QR арқылы төлеуді жүзеге асыруға болады. Сондай-ақ азаматтарды тұрғылықты мекенжайы бойынша «Электронды үкімет» порталы арқылы тіркеуге мүмкіндік бар. Бұдан бөлек электронды цифрлы қолтаңбаны онлайн алу қарастырылған. Яғни ХҚКО бөлімдеріне бармай-ақ қашықтан электрондық сандық қолтаңба алуға болады. Ол үшін өзімен бірге қолданыстағы жеке куәлігі немесе ҚР азаматының паспорты (Қазақстан Республикасында берілген суретімен жеке куәлік құжаты) болуы тиіс. Кіріс SMS-хабарламаларды алу мүмкіндігімен ұялы телефоны болуы қажет. Сол сияқты сіздің дербес компьютеріңізде веб-камера болуы керек. Электрондық сандық қолтаңбаны одан әрі орнату және пайдалану үшін NCALayer бағдарламасын орнатқан абзал. Сонымен қатар құжаттандыру бағыты бойынша жүгінген азаматтардың кезекте күту уақытын азайту мақсатында қалалық бөлімдерде корпорация қызметкерлеріне кейбір категориялар бойынша құжат рәсімдеуге рұқсат берілді. Халыққа қызмет көрсету орталықтары ашылған алғашқы уақыттарда лайықты ғимараттар табу оңай соққан жоқ. Ал қазір материалдық-техникалық база кезең-кезеңімен жақсарып келеді. Осы сөзіміздің нақты дәлелі ретінде жуырда ғана Тараз қаласында көші-қон қызметтері орталығының өз жұмысын бастағанын айтуға болады. Тараз қаласы, Сүлейменов көшесі, 300-үй мекенжайында орналасқан орталық екі қабаттан тұрады. Ғимараттың жалпы ауданы шамамен 1000 шаршы метрді құрайды. Бірінші қабатта төлемдерді қабылдауға арналған касса, сақтандыру, нотариус қызметтері және басқа да қосалқы секторлар жұмыс істеуде. Ал екінші қабатта консультация секторы, операциялық зал, күту залы орналасқан. Мұнда барлығы 11 штаттық бірлік қарастырылған. Орталықта шетелдіктерге және азаматтығы жоқ адамдарға Қазақстан Республикасында уақытша тұруға рұқсат беру; ҚР-да уақытша болатын шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарға ЖСН қалыптастыру; еңбекші көшіп келушіге рұқсат беру, ұзарту және кері қайтарып алу және басқа да мемлекеттік қызметтер көрсетіледі. Жаңа бөлімнің ашылуы фронт-офистерге жоғары жүктемені азайтуға, сондай-ақ Қазақстан Республикасында уақытша болатын шетелдік азаматтарға мемлекеттік қызметтерді бір жерден алуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ Байзақ аудандық бөлімінің «NEW CON» жобасын жүзеге асыру мақсатында жаңа ғимаратқа көшуі де көптің көңілінен шыққан жаңалық болды. Халықтың цифрлық кеңсесі Байзақ ауданы, Сарыкемер ауылы, Байзақ батыр көшесі, 313 "д" мекенжайы бойынша бір қабатты ғимаратта орналасқан. Ғимараттың жалпы ауданы шамамен 1080 шаршы метрді құрайды. Цифрлық кеңсе тіркеу, дайын құжаттарды беру, жылдамдық, әлеуметтік қызметтер, жайлылық, жеке құжаттарды рәсімдеу аймақтарынан тұрады. Сонымен қатар фото аймақ, байланыс аймағы, ену аймағы да келушілерге қолайлы жағдай туғызуда. Бұдан бөлек видеокабинка, Ана мен бала, жұмыскерлер, оқу бөлмелері де қарастырылған. Сол сияқты жинақтау аймағы, ИПЦ РМК қызметкерлеріне арналған кабинет жасақталып, төлемдерді қабылдау үшін касса орналасқан. Мұның бәрі де биылғы 10 айдың көлемінде атқарылған тірліктер. Жұртшылықтың игілігіне бағытталған жұмыстар алдағы уақытта да жүйелі жалғаса беретін болады.

Данияр МЕДЕТБЕКОВ, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамы облыс бойынша филиалы директорының орынбасары

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар