Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Сан қырлы талантын сағынды ел...

Сан қырлы талантын сағынды ел...
ашық дереккөз
Сан қырлы талантын сағынды ел...
Бір бойында қаншама таланты бар жандарға «Сегіз қырлы, бір сырлы» кісі екен деп әдемі теңеу айтып жатамыз. «Жігітке жеті өнер де аз» деген мәтел де осындай жандарға арналған. Журналистігі бір төбе, поэзия мен музыканың тілін бірдей түсініп, сырын тең ұғынған сондай талантты жандардың бірі – белгілі ақын, сазгер Тынышбай Рахым еді. Ол «Он сегіз гүл дәурен», «Қаратауым – ақ отауым», «Жиырма бес – жыр дәурен», «Тоғыз перне – тоқсан күй», «Көкірегім – күй сандық» сияқты 20-ға жуық жыр жинақтары мен «Алтайдан сәлем» атты ән жинағының, халыққа танымал «Кеш жарық» хабарының авторы, әрі жүргізушісі болды. Қаламгер «Бесігіміз – бейбіт күн» атты кітабы үшін Қазақстан Жазушылар Одағының І.Жансүгіров атындағы сыйлығының лауреаты атанған. Біраз әні «Өнер» баспасынан шыққан әуесқой композиторлардың жинағында жарияланып, «Алтайдың ар жағынан келген ару», «Боз орамал», «Алтайдан сәлем» сияқты танымал әндері эстрада орындаушылардың репертуарынан әлі күнге дейін шықпай жүр. Ақынның өлеңдері де өміршең. Жақында Тараз қаласындағы «Анаға тағзым» орталығы мен «Көшбасшы» педагогикалық орталығының бірлесіп ұйымдастыруымен ақынды еске алуға арналған әдеби сазды кеш өтті. Кешке Алматыдан ақынның ұлы Таңат Тынышбайұлы, бірге туған бауырлары Айткүл, Аманкүл Рахимовалар арнайы келіп қатысты. Сонымен қатар жиынға медицина ғылымдарының докторы Сағындық Ордабеков, айтыскер Ербол Қамбатыров, ақын Ғайни Әлімбекқызы, филология ғылымдарының кандидаты Сейсекүл Исматова, есімі облысқа танымал өзге де белгілі азаматтар қатысты. Іс-шара Аман Малдыбаевтың «Көне Тараз» күйімен ашылып, «Анаға тағзым» орталығы «Ерке сылқым» би үйірмесінің бишілері мың бұрала биледі. Алғашқы болып сөйлеген танымал журналист, ардагер ұстаз Гүлнар Есмаханова әлеуметтік желілерде кең тараған Тынышбайдың Мұқағалиға арнаған өлеңін тыңдап, ақынның еске алу кешін өткізу мақсаты содан кейін туындағанын, ұсынысты орталық басшысы Эльмира Мырза-Ғали қызу қолдау білдіргенін айтып өтті. – 1991 жылы Жаңатас қалалық мәдениет үйінде ақынның шығармашылығына арналған кеш ұйымдастырдым. Сол кешке уақытының тығыздығына қарамастан Тынышбай ағамыз келіп, керемет өлеңнің, әдебиеттің мерекесі өтіп еді. Тынышбай Рахым ақынға Тараздан бола ма, Жаңатастан бола ма, мектептің немесе көшенің аты берілсе. Ақын оған лайық, – деп еске алды Гүлнар Жанкеқызы. Кенен Әзірбаев атындағы облыстық филармонияның әншісі, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Бақыт Шағырбаев «Алтайдың ар жағынан келген ару» әнін ( сөзі де, әні де Тынышбайдікі) орындағанда әсерлі әнді жиналған жұрт қосыла шырқады. Ақынның төлқұжатындай болған өміршең шығарма әр жүректі толқытып, тербеп тұрды. Жиында ақынның баласы Таңат Рахым сөз алып, кешті ұйымдастыруға мұрындық болған жандарға алғысын жеткізді. – Менің әкем – қазақ халқының перзенті, елдің баласы. Өмірден өтсе де шығармалары жасап жатыр. Алда да өлеңдері мен әндері өміршең боларына көзіміз жетіп отыр. Анам Қарашаш осы іс-шараға келгісі келген. Жолдың алыстығына, денсаулығына байланысты келе алмай, баршаңызға рақметі мен сәлемін жолдады. Ақынның есімі халық арасында жиі атала бермейтіні шындық. Бұл іс-шара әкеме деген құрметтің ізашары деп білейік. Ұйымдастырушыларға көп рахмет, – деді ақынның ұлы толғанысын жасыра алмай. Ағаларының есімі ұлықталған кешке Алматыдан қуана жеткен ақынның туған қарындастары Айткүл, Аманкүл Рахимовалар да ағынан жарылып, естеліктер айтты. Рухани кеште ақынның немере қарындасы, Тараздағы №38 орта мектептің мұғалімі Жаңылған Рахимова бір топ оқушыларымен елдің алдына шығып, Тынышбай ақынның «Мұқағалимен кездесу», «Ана тілі», «Тау ұлымын», «Бүркіттім», «Қаратау саздары», «Балкондағы ұя» өлеңдерін мәнеріне жеткізіп оқып берді. Рухани кеште ақынның көзін көрген, өнерін бағалайтын белгілі азаматтар да естеліктерімен бөлісті. Медицина ғылымдарының докторы, ҚР Журналистер одағының мүшесі Сағындық Ордабеков толғана сөз сөйлесе, айтыскер Ербол Қамбатыров ертеректе Тынышбай Рахым жүргізген «Кеш жарық!» бағдарламасына жары Үміт Битенова екеуі түскендерін, сол бағдарлама арқылы танылғандарын айтып, жұбайы Үміт Битенованың Тынышбай ағасына арнау өлеңін оқып берді. Үміт ақын өлеңіндегі: «Төгілдірсе әдемі тылсымды әнге, Ие болар ақиқат бір шын мәнге, Тауды аңсап өткен ең, Бұлтқа айналып, Ар жағында Алтайдың жүрсің бе әлде...» деген жүрекке жетер шумақтар көзге еріксіз жас үйірді. Ақын Ғайни Әлімбекқызы да толғана сөйлеп, тебірене өлең оқыды. Тынышбай ағасының болмысын ашып, құрметін білдірді. Мектептің немесе көше атауын беру туралы ұсынысты қолдаймын деді. Ақынның келіні Несіпкүл Әубәкірова да жақсы лебізін арнады. Сан қырлы саңлақтың өзі қатты құрметтейтін Мұқағали ағасымен өткізген бір күні, әдебиет тарихында «Январдың үші еді» деген өлең жолдарымен сақталған әдемі естелігі де сөз болды. Ақынның бір қарындасы ағасының композиторлық мұрағатында әлі халық біле бермейтін 80-ге тарта мұрасы бар екендігін, уақыты келгенде ол әндердің жарыққа шығатынын жеткізді. Аталған орталықтағы «Сырғалым» клубының жетекшісі Балауса Оралбаева кеш иесінің «Боз орамал» әнін нәшіне келтіре орындап, кеш қонақтарын бір серпілтіп тастады. Іс-шараны жас ақын Марал Хантөреқызы әсерлі жүргізгенін айта кеткен жөн. Жиынды «Анаға тағзым» орталығының директоры Эльмира Мырза-Ғали қорытындылап, қонақтарға алғысын білдіріп, құрмет көрсетті. Іс-шара барша қатысушылардың «Алтайдың ар жағынан келген ару» әнін бірге қосылып шырқауымен мәресіне жетті.

Ақтоты ЖАҢАБАЙ

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар