Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Қараша келді, аз кетті...

Қараша келді, аз кетті...
ашық дереккөз
Қараша келді, аз кетті...

Көне көздеріміз қауыс деп атайтын қара сұр тұманды қараша келіп, жамбастағалы да жарты айдан асты.

Тобылғы қатып, тоң жүретін бұл айдың тоңазытқан ауасы деміңмен кіріп, денеңді салқындатады. Дейтұрғанмен мұндайда жайсаңдыққа салынған қазақ жаныңды жадыратып, әлде бір тылсым сұлулықты суреттеп: «Қар жауар қарашада қатқақ болып, Қалады жердің жүзі батпақ болып. Құдашам отыр ма екен, жатыр ма екен, Сұңқардай үш түлеген әппақ болып», деп әуендетпеуші ме еді?! Міне, сол қараша биыл қарсыз келді. Бірақ қарсыз кетпесі анық. Біздің қазақтың «Қараша келеді, жақсылыққа бақса бетегеден биік, жусаннан аласа келеді, жамандыққа бақса қары мен жаңбыры таласа келеді» дейтін айы да осы ай. Қарашаның келуі ақынның жүрегін жібітпек түгілі, жылан екеш жыланның да уы әлсірейтін ай емес пе?! Бұл айда ақынның көңіл күйі де, халықтың көңіл күйі де аумалы-төкпелі болатыны несі екен дейсіз?! Мүмкін көңілін қайтқан құстар толқытар, бәлкім көшкен бұлттар босатар, кім білсін?! Халқымыз бұл айдағы күннің сууын, алғашқы қардың жаууын «Қарашаның қайтуы» деп атайды. Шынымен де бұл айдың ауа райы да ақынның көңіл күйіндей аумалы-төкпелі ғой. Сондықтан қазақ оны әртүрлі атаулармен атаған. Құстың қайтуына, қардың түсуіне байланысты «Қарашаның қанат қағары», «Қарашаның қанат жуары», «Балалы қарашаның ұшуы» деген сияқты бірнеше кезеңдерге де бөлген. Әр кезеңнің өзінің белгісі болған. Бірінде жауын-шашынды болса, бірінде боранды дегендей. Тіпті қарашада алғашқы жауған қардың ерімей жатуына байланысты қыстың қысқа-ұзақ болатынын да болжап үлгеретін болған дана қазақ. Дәл осындай құс қайтқан мезгілде құс туралы терең зерттеген ақын Есенғали Раушановтың мына бір естелігі еске қайта-қайта түсе береді. «Қайтпайтын шақты сағынып, Қайғысын шегіп арманның. Қараша қарын жамылып, Қамығып əнге салған кім, десек, ол құс, əлбетте сушылқара. Сушылқара өзенде мұз қатқанда келіп, суық суға сүңгіп қорек іздейтін ерекше құс. Осы бір ақтөс қоңыр торғай туралы əңгіме де, аңыз да көп. Қарашада келетін тек бұл ғана емес, сондай-ақ қайшы ауыз, əсемшымшық, суықторғай, сарышымшық, шекілдектер алыстан келсе, саңырау құр, шіл, тентекқұс, сарыторғай, қарақұр, қарға, сауысқан, торғайлар қыстап қалады. Дегенмен жаздың кеткені білінеді. Алда не күтіп тұр? Көңіл алаң. Əлденені күтесің, сағынасың», дейді қазақтың құс көңілді ақыны Есенғали. Сіз құс туралы ойланып тұрғаныңызда есіңізге «Жаз өмірін – мәз өмірін қысқартып, бара жатыр, бара жатыр құс қайтып» деген Тұманбайдың өлеңі оралады да жүрегіңіз әлде бір сағынышты саздың әуеніне тербетіліп, сыздап қоя береді. Кейде ойлайсың, осы құстар қайтқанда қайда барады екен. Сөйтсек оларды басқа жақта күтіп алатын дәл өзіміздей адамдар бар көрінеді. Құс та адам сияқты ма дейсің кейде. Олар да жылы жақты іздейді, жылы құшақ аңсайды. Қыстың келіп, күннің суытқанынан емес, өздерінің қызығы қайтып, адамдардың оларды аулауға деген ынтызарлығы артқанынан, көңілдері суи бастағанынан олар басқа жаққа ауып кететін сияқты көрінеді кейде. Тіпті кей деректерге сүйенсек, біздің жерді мекен еткен құстардың 360 түрі бар. Олардың 138 түрі кетпей, қыстайды. Ал кетіп қалатын құстардың әлемнің 65 елімен байланысы бар екен. Қараңызшы, ғажап емес пе? Тіпті біздің елімізден күзде кеткен құстар Еуропа, Африка, Таяу Шығыс, орталық, оңтүстік, оңтүстік-шығыс және шығыс Азияны барып қыстап шығады. Рас, құста шекара жоқ. «Қаздар қайтып барады мекеніне, қанаты бар мақұлық кетеді де» деп Мұқағали айтпақшы, олар өздерінің қалаған мекеніне баруға дайын. Қараша туралы айтқанда дана Абайдың өзі: «Қарашада өмір тұр, Тоқтатсаң тоқсан көнер ме, Арттағы майда көңіл жүр, Жалынсаң қайтып келер ме?» дейді. Міне, қараша адамды осылай толғандырмаса қараша бола ма?! Біздің елдің ақындары да елге келген құстардың легіндей, бірінен кейін бірі туып отыратын сыңайлы. Кім біледі, біздің даламызда әр құс қайтқанда бір ақын, әр құс келгенде бір ақын дүние есігін ашатын шығар. Бәлкім әр құс келгенде бір өлең, әр құс қайтқанда бір өлеңмен олардың көңіл көзіне құс бейнелі бәдіздер қонатын шығар?! Ақын Хамит Есаман «Қараша хаттары» жинағында: «Сен сол бір әнді айтқанда, Тұнық боп атқан таң мүлдем. Қараша қаздар қайтқанда, Қамығып мұнда қалдым мен» деп мұңаяды. Шіркін, ақынды мұңайтып жалғыз қалдырып кетіп бара жатқан қаздар ма, әлде уақыт па? Кім білсін, осы күнде бәріміз сол жалғыздығымыздан айырылғымыз келмей, жан шуағын іздеп жүрген шығармыз? Әйтеуір қалай болмасын қараша біздің бейсанамызда мұңның суретін салып жататыны анық. Сөзіміз де қарашаның бұлтындай сұр, әніміз де құстардың қанатындай желпіндіргіш көңілді. Бейне ақын Ерлан Жүністің: «Қараша, Құс қайтқанда – күзгі қайғы, Күзгі қайғы жанымды сызғылайды, Сызғылайды жанымды күзгі қайғы, Бөлмеде теріс қарап қыз жылайды», деген тіркесіндей мұңлы бұл айдың әрбір күні. Мүмкін жылаған оның көктемі шығар? Неге ғана қараша сондай мұңлы күй тербетіп, жүректерді езеді екен?! Аспанда тізбектелген құстай ақынның жүрегінен жыр сауласа, қыздың көз жасы төгілетіні несі екен дейсіз мұндайда? Бәлкім қараша ескірген сезімдердің есінеуінен кейінгі пайда болған айдың есімі шығар?! Қараша адам жүрегінің жалғыздығы, құлазыған көңілдің құба құмдарын көшіріп сапырылыстырғанмен оның да табиғат үшін, әсіресе қанаты бар мақұлық үшін, төрт аяқты хайуан үшін таусылмас қызығы да бар ай. «Қараша қауыс, кәрі құртаңды тауыс» деп мақалдаған халқымыз осы айдың аяғына қарай үркердің бататынын да жақсы болжаған. Сол себепті қыстың қаһарына ілінбей азық-түлігін дайындап, соғымын сойып, қоржынын тоғайтқан. Бұл ай өзі ысқырған суық жел тұратын ай болғандықтан әрнәрсеге ат қойғыш қазекем оған да «ықтырма» деп ат қоя салған. Өйткені адам мен малды ықтырып, тоқтамай соғатын қарашаның қара бораны қай кезде де сүйектен өтетіні белгілі. Сонымен қатар жоғарыда айтқандай бұл айда ақынның көңілі құлазығанмен аңдар мен құстардың көңілі марқаятыны да бар. Өйткені әртүрлі өңірдің табиғатына қарай осы айдың соңын ала киіктер үйірге түсіп, ұрпақ қамына кіріседі. Оны қазақ «Киіктің бел басары», «Киіктің матауы», «Бұғының ауыз шайқауы» деген сияқты амалдарға жатқызса керек. Қараңызшы, табиғат пен аң-құстардың арасындағы байланысты қазақ қандай қырағылықпен байқап, әдептілікпен ат қоя білген деп тамсанып, қазағыңа деген махаббатыңды қараша айы оятып: «Қараша келген шақтарда, Қызарып тұрған бақтарда, Қурайлар сыңсып жатқанда, Жапырақ жайрап жатқанда, Есіңе мені алғайсың», деп Мұқағалиша мұңайып, ән ырғағымен ыңылдап, қарашаның алақаншық желінің үнінен бөлмеңнің сыртына шығасың да көкжиекте көшкен бұлттың арасынан шыққан тырналардың тырауына құлағыңды шалып, ұзақ тұрасың мұндайда. Иә, қазақ даласын қар басты. Бұл қар тыныштық пен пәктіктің символы. Ендеше тазалығымызды кірлетпей, тыныштығымызды тынымсыз қарашаның желінен басқа ештеңе бұзбай жасай берейік деген тілекпен тізгін тарттық біз де.

Шапағат ӘБДІР

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар