ЖАҢА ОҚУ ЖЫЛЫНДА ҚАНДАЙ ӨЗГЕРІСТЕР КҮТІП ТҰР?
Міне, жазғы демалыстың аяқталуына санаулы күндер қалды. Ала жаздай тыныққан балалар қазір алтын ұя мектептеріне оралуға асығып, қажетті оқу құралдары мен киім-кешектерін дайындауда. Ал білім ошақтарының дайындығы қандай? Осы сұрақ төңірегінде облыс әкімінің орынбасары Еркін Үйсімбаев пен облыс әкімдігі білім басқармасы басшысының орынбасары Айдын Досыбаева брифинг өткізді.
Биылғы жаңа оқу жылы облыс оқушылары үшін бірқатар жаңашылдық пен өзгеріске толы болмақ. Еркін Құлымбайұлының баяндауынша, 1 қыркүйекте облыстағы 447 мектепке 240 мыңнан аса оқушы келеді деп күтілуде. Болжаммен мектеп табалдырығын аттайтын оқушылар саны – 22 899. Жаңа оқу жылында 6 жаңа мектеп есігін айқара ашады.
Облыс мектептері 51 771 компьютермен қамтылған. Өңірдегі білім ошақтарының барлығы бірдей интернет желісімен қамтамасыз етілген. Барлық мектеп «Күнделік» ақпараттық жүйесіне қосылады.
Оқу жылына оқулықтар мен оқу-әдістемелік кешендерді және қосымша оқу құралдарын сатып алу үшін 2,9 миллиард теңге қаржы бөлінген. Жыл сайын оқу жылы қарсаңында оқулық жетіспеушілігі басты мәселеге айналып келеді. Биыл бұл кемшілік басты назарға алынып, жаңа оқу жылында оқушылар оқулықтармен жүз пайызға қамтамасыз етіледі деп жоспарлануда. Бүгінде оқулықтарды баспадан тасымалдау жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Бұл жұмыстар 25 тамызға дейін аяқталады.
Білім мекемелерінде балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету де өзекті мәселе. Осы мақсатта аймақтағы мектептер мен балабақшаларда жүз пайыз бейнебақылау камералары орнатылған. Осылайша қауіпсіздік талаптарын күшейту бойынша жоспарлы жұмыстар жүргізілуде.
Қазіргі таңда аймақта ерекше күтімді қажет ететін 7 898 бала бар. Ол жеткіншектерге білім беру үшін «Дара», «Қамқорлық», «Болашақ», тағы да басқа республикалық қайырымдылық қорларымен бірлескен жұмыстар жүргізілуде.
– 1-30 тамыз аралығында «Мектепке жол – Шекарасыз жақсылық!» ұранымен «Мектепке жол» жалпы республикалық қайырымдылық акциясы өтуде. Акцияны ұйымдастыру және өткізу жөнінде өңірлік іс-шаралар жоспары әзірленіп, бекітілді. Жоспарға сәйкес акцияны өткізуге облыстық, аудандық, қалалық ұйымдастыру комитеттері құрылды. Бүгінгі күні акция аясында жергілікті бюджет пен демеушілер есебінен 1 382 балаға 29 миллион 843 мың теңгеге көмек көрсетілді, – деді Еркін Құлымбайұлы.
Брифингте Айдын Досыбаева жаңа оқу жылындағы өзгерістер жайына тоқталып өтті. Спикердің айтуынша, жаңа оқу жылының ұзақтығы 1-сыныптарда 35 оқу аптасын, 2-11-сыныптарда 36 оқу аптасын құрайды. Бұл мектептердің 5 күндік оқумен жұмыс істеуіне, мектеп оқушыларының қажетті білім көлемін алудағы олқылықтың орнын толтыруға мүмкіндік береді.
– Бастауыш білім берудің үлгілік оқу жоспарына сәйкес бірінші сыныпта тек қазақ тілі пәні жүргізіледі. Ал орыс сыныптарында қазақ тілі және орыс тілі оқытылады. Орыс тілі 2-сыныптан, ал ағылшын тілі 3-сыныптан бастап жүргізіледі. Бірінші сыныпта «Көркем еңбек» пәні екі пәнге бөлініп, «Еңбекке баулу» және «Бейнелеу өнері» пәндері жүргізіледі, – дейді А.Досыбаева.
Білім беру саласындағы мемлекеттік саясат қағидаттарын сақтау мақсатында облыстың барлық орта білім беру ұйымдарында 2022-2023 оқу жылдарында 1-сынып оқушылары үшін бірыңғай қою көк түсті мектеп формасы ұсынылып отыр екен. Бұл ата-аналарға форманы базардан да, сауда үйінен де сатып алуға ыңғайлы болмақ. Сонымен қатар оқушы мектеп ауыстырған жағдайда да жаңа форма сатып алудың қажеттілігі болмайды. Яғни ата-ана мектеп формасын бір өндірушіден сатып алуға міндеттелмейді.
Мемлекеттік білім беру ұйымдарының бірінші басшыларын ротациялауды жүргізу қағидаларына сәйкес бүгінгі күнге дейін бір елді мекен шегінде 7 жылдан аса еңбек етіп отырған 30 мектепке дейінгі мекеменің, 29 орта білім беру ұйымдарының басшылары қызмет ауыстырды. Ал білім беру ұйымдарына педагогтерді қабылдау конкурстық негізде жүргізілуде.
Ақтоты Жаңабай
Келесі мақала