«Халықтық ІРО»-ға қатысқыңыз келсе...
Газетіміздің өткен санында отандық қор биржасы нарығындағы жағымды жаңалық – «Халықтық ІРО» нарыққа қайта оралғанын жазғанбыз. ІРО тәсілі арқылы еліміздегі ең жетекші мұнай-газ компаниясы –
«ҚазМұнайГаз» Ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамының акциялары Қазақстандық қор биржасы (KASE) және «Астана» халықаралық қаржы орталығы арқылы (AIFC) жаппай сатылымға шығарылды. Бұл мақалада осы ІРО-ға қалай қатысуға және жалған брокерлерден қалай сақтануға болатынын шамамыз келгенше түсіндіруге тырысамыз.
«ҚазМұнайГаз» – сенімділік пен тұрақтылық кепілі
Алдымен ІРО деген не екеніне және неліктен «ҚазМұнайГаз» компаниясының акциялары нарыққа ұсынылып отырғанына жауап іздеп көрейік. ІРО-ға анықтама берердің алдында жоғарыда аталған ұлттық компанияның әлеуетіне көз жүгіртіп көрейік. «ҚазМұнайГаз» – сенімділік пен тұрақтылық, перспектива тұрғысынан өзін әлдеқашан дәлелдей алған, көпжылдық тарихы бар мемлекеттік компания, ұлттық мұнай-газ операторы. Ол Қазақстанда мұнай өндіру, өңдеу және тасымалдау бойынша көшбасшы орынға ие. Тиімді корпоративтік басқаруын халықаралық стандарттар деңгейіне көтерген тәжірибелі менеджерлер тобы қалыптасқанын да айта кеткен жөн. Әлемдік ірі кен орындарына қолы жетіп, өзінің инфрақұрылымы арқылы мұнай өткізу нарықтарына да жолы ашық. Барлау және өндіру бағытындағы Қашаған, Теңіз және Қарашығанақ сынды 3 алып кен орындары арқылы жоғары сапалы өндіруші активтер портфелі жинақталған. Еліміз аумағында 14 мұнай-газ геологиялық барлау жобасын жүзеге асырып келеді. Каспий, Қара және Жерорта теңіздері арқылы мұнай тасымалдайтын жеке танкерлері және бар. Қазақстанда 4 ірі және Румынияда екі мұнай өңдеу зауытының жұмысын жандандырып отыр. Бір сөзбен айтқанда отандық мұнай тасымалдау нарығының 50 пайызын, мұнай өңдеу нарығының 80 пайызын уысында ұстап отыр. Тағы бір айта кетерлігі, алдағы жылдары Теңіз кен орнында өндіріс көлемінің артатыны күтілуде. Мәселен, биыл аталған кен орнының жылдық өнім көлемі 28 миллион тонна төңірегінде қалыптасатын болса, 2024 жылы ол 34 миллион, 2025 жылы 40 миллион тоннаға көбейеді деген болжам бар. Бұл дегеніміз компанияның табыс қоржыны қаржыға еселеп толады деген сөз. Сондай-ақ компания менеджерлері Қашаған кен орны жобасының 8,44 пайыз үлесін қайта сатып алу арқылы ақша түсімдерінің тағы да артатынын алға тартып отыр. Ал «ҚазМұнайГаз»-дың қазіргі барланған шикізат қоры 16,5 жылдық мұнай өндірісіне жетеді екен. Халықаралық ірі мұнай-газ өндірушілердің өзінің орташа қоры 11 жылға жететінін ескерсек, біздің отандық компанияның келешегіне сенуге әбден болады. Бұдан бөлек компания полипропилен, бутадиен және полиэтилен сынды мұнай өнімдерінің балама өндірісін де қолға алып келеді.IPO дегеніміз не?
IPO – ағылшын тіліндегі Initial Public Offering деген қор нарығы терминінің қысқартылған нұсқасы. Яғни қандай да бір компания өзінің акцияларын бірден қор нарығына шығармас бұрын алдымен ІРО-ға арқа сүйейді. Бұл арқылы компания өз акцияларын биржада орналастыру арқылы оны инвесторлардың шектеусіз тобына алғаш жария түрде ұсынады. Қарапайым тілмен түсіндірсек, мәселен, шартты түрде сіз өзіңіз ауылдағы сиырыңыздың сүтінен өндірген құрт, ірімшігіңізді бірден алыстағы қалаға алып ұшпай, алдымен көрші-қолаңға, үй маңындағы дүкендерге өткеріп көресіз. Егер алымсақ ойдағыдай шығып жатса сәл тәуекелге бел буып, өнімді көбірек өндіріп, әлеуметтік желі арқылы жарнамалап немесе қаладағы бір өндіріс цехымен келімшарт жасасуыңыз мүмкін. Міне осылайша өндіріс қарқыны да артады, сіз де көпшілікке таныласыз, сөйтіп сізге ірі дүкендер серіктес болуға келеді. ІРО деген осы. Дала заңы сияқты, жылдар бойы қалыптасқан қор биржасы нарығының да кез келген тәуекел мен қателікті кешіре бермейтін өз заңы қалыптасқан. Сол себепті акциялар биржасының «қан базарына» бірден қойып кетпей, алдымен ІРО-ның есігін ашып көру керек. Табысыңыздың тасы ойдағыдай өрге домалап жатса, тиыннан теңге құрап үйреніп қалған ірі инвесторлар өздері-ақ сізді іздеп келеді. ІРО-ға қатысудың тағы бір мақсат-мұраты – осы жүйе арқылы компанияның танымалдылығын арттыру. Ал ол компания сол танымалдылығының арқасында табысының тұрақтылығын қамтамасыз етпек. Қазақстандық «ҚазМұнайГаз» компаниясы мұнай-газ өндірісінде көшбасшы болғанымен, әлемдік қор биржасы нарығында әлі танымал емес. Сондықтан Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың тапсырмасы бойынша мемлекеттің үлесі бар компаниялардың активтерін жекешелендіру және қарапайым акцияларын жекелеген инвесторларға сату үшін «ҚазМұнайГаз»-дың 85 пайыз үлесіне иелік ететін «Самұрық-Қазына» АҚ инвестициялық холдингі алдымен ІРО-ның тәсіліне жүгінуді жөн көріп отыр.Бағалы қағаздарды қалай сатып алуға болады?
Қор биржасы нарығында өмір бойы есте ұстайтын бұлжымас бір қағида бар: ол – компания өз акциясын ешқашан өзі сата алмайды. Сондықтан акциясын сатуға қойған компаниямен аттас брокерлер мен дилерлерді, банктік қосымшаларды әлеуметтік желіден, сайттардан көріп жатсаңыз, жоламаңыз. Жосықсыз жалған брокерлік компаниялар өзіне клиентті сендіру үшін көбіне танымал компаниялардың брендтік логотиптерін қолданады. Бір ғана мысал, жуырда «ҚазМұнайГаз» акцияларын сатып алуға өтінім қабылдау басталады деген ақпарат шыққаннан осы компаниямен аттас әрі логотипін пайдаланған жалған брокерлер, олардың мобильді қосымшалары қаптап кетті. Сондықтан тек қана ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің лицензиясы бар инвестициялық делдалдарға – брокерлер мен дилерлерге жүгіну қажет. Брокерлердің тізімімен қаржы реттеушісінің www.gov.kz сайтында танысуға болады. Олардың саны әзірге – 38. Агенттіктің интернет-ресурсында көрсетілген инвестициялық делдалдың деректемелері брокердің лицензиясындағы деректемелермен сәйкес келуге тиіс екеніне қатты назар аударыңыз. Егер сіз бағалы қағаздарды тұрақты түрде сатып алу-сату бойынша одан әрі операцияларды жүзеге асырғыңыз келсе, қор нарығы бойынша талдамалық материалдарды да алғыңыз келсе, онда брокерлерге хабарласыңыз. Көптеген брокерлер қызметтерін өз клиенттеріне веб-сайттар немесе мобильді қосымшалар арқылы ұсынады. Бірақ брокермен шартқа қол қоймас бұрын, кейбір жағдайларды зерттеп алыңыз – ол туралы басқа клиенттердің пікірлерін, БАҚ пен интернеттегі өзге де жарияланымдарын барынша зерделеңіз. Өйткені олардың арасында да өзіндік бәсеке бар. Бәсеке бар жерде дамудың болатыны заңдылық. Сол себепті брокер таңдауда да мұқият болыңыз. Акцияларды сатып алудың тағы бір тәсілі – «Астана» халықаралық қаржы орталығының (AIFC) Tabys мобильді қосымшасы. Осы қосымшаның «Тікелей жазылу» бөлімі арқылы өзіңізді әбден жаттықтырсаңыз болады. Ол акцияларды бірден сатуды жоспарламағандарға немесе брокерлік шотты кейін ашқысы келетіндерге арналған. Акцияларды кейіннен сату үшін брокерде шот ашу қажет болады. «Тікелей жазылу» шеңберінде клиенттің шоты АХҚО-ның Орталық депозитарийінде (AIX CSD) ашылады. Интернет жақсы тартпайтын еліміздің алыс өңірлерінде тұратын инвесторлар «Қазпошта» АҚ бөлімшелеріне жүгіне алады. Брокерге жүгінген кезде Қазақстанның қор биржасында (KASE) сауда-саттық жасау үшін сіз шот ашуыңыз керек. Биржаның мүшесі – брокер оны бағалы қағаздарды есептеуді, есепке алуды және сақтауды жүзеге асыратын мамандандырылған ұйым – депозитарийде шарт жасалғаннан кейін ашады. Шот ашу үшін жеке басты куәландыратын құжатыңызды, банк деректемелері туралы ақпаратты ұсынасыз және жеке деректері бар сауалнаманы толтыруыңыз қажет. Керек болса, өз брокеріңізден брокерлік шот ашуға қажетті құжаттар тізімін нақтылау да артықтық етпейді. Брокерлік шотты цифрлық арналар арқылы ашуға да болады. Ол үшін ЭЦҚ, SMS, серпінді немесе биометриялық идентификаттау сияқты қашықтан идентификаттаудың заманауи тәсілдері пайдаланылады. Өзіңіздің брокерлік шотыңызды ашқан соң, ол шотқа ақша саласыз. Сөйтіп, керекті компанияңыздың акциясын сатып алып, ары қарайғы аяқ алысын бақылап, егер табыс төмендеп бара жатса қайтадан сатып жіберуге болады. Әліптің артын бағып, әлгі акцияның бағасы тұрақталған соң қайтадан сатып аласыз. Былайша айтқанда саудаласасыз. Әрине акцияны саудалаудың амал-тәсілдерін, айла-шарғыларын бірден игеріп кету қиындау. Сондықтан алғашында брокерлік кеңесшімен жұмыс істеген абзал. Біз көбіне шетелдіктерге қызығамыз. Тұрған үйіне тамсанып, астындағы көлігі мен туристік сапарларын аузымыздың суы құрып айтып отырамыз. Ал ол өркениетті елдердің азаматтары ақшаны үйде тығып ұстамайды, оны генерациялайды. Яғни, осындай қор нарығының тетіктерін тиімді пайдаланып, тиыннан теңге құрайды. Ол сіздің де қолыңыздан келеді. Сондықтан қаржылық сауаттылығыңызды арттырып, қолдағы ақшаңыз үйіңізде немесе банктік шотыңызда құр бекерге қор болып жатпас үшін қор нарығының саудасын меңгеріңіз. Инвестор болуға талпыныңыз. Өйткені ақша тыныштықты жақтырмайды.Жасұлан СЕЙІЛХАН
Келесі мақала