Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

ҚАЗАҚ ЕЛІНІҢ ҚАРЫШТЫ ҚАДАМЫ

ҚАЗАҚ ЕЛІНІҢ ҚАРЫШТЫ ҚАДАМЫ
ашық дереккөз
ҚАЗАҚ ЕЛІНІҢ ҚАРЫШТЫ ҚАДАМЫ
Халықаралық қауымдастықтың жауапты да белсенді мүшесі ретінде бастамалар көтеріп жүрген Қазақстанға әлем назары ауып отырғаны бәрімізді қуантады. Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін алғашқы күннен бастап-ақ бейбітшіл саясат ұстанып және халықаралық аренада өз орнын қалыптастыру үшін маңызды істерді қолға алғаны белгілі. Қазақстанның бітімгерлік бастамалары мен елдің ішкі дамуына қызмет етіп жатқан бағдарламалары Орталық Азияда көшбасшы болуымызға септігін тигізуде. АҚШ және басқа да ірі мемлекеттермен жақсы қарым-қатынастарымыз да өз жемісін беруде. Біріккен Ұлттар Ұйымының Қауіпсіздік кеңесіне төрағалық еткеніміз де халықаралық аренада қазақ елінің беделі артып келе жатқанының нақты дәлелі деуге тұрады. Байыпты бастамалардың ең алғашқысы ядролық қарудан бас тарту деп айтуға болады. 1991 жылы 29 тамызда Семей жеріндегі ядролық полигон жабылса, 1992 жылы еліміз Кеңес одағынан қалған үлкен ядролық арсеналдан бас тартып, бейбітшілік саясатын ұстануды басты мақсат етіп қойды. Дегенмен де ядролық қарудан айырылмауға кеңес берген адамдар немесе мемлекеттер де болды. Қазақ елі Азия құрлығында жатқандықтан көптеген Ислам мемлекеттері біздің «қаруға» құда түспекші де болды. Дегенмен ел басшылығы тек Қазақстанның тыныштығын ойлап қана қоймай, Азия құрлығының, оның ішінде Орталық Азия елдерінің болашағына да бейжай қарамай, оңды да дұрыс шешім қабылдады. Ядролық қарудан бас тарта отырып, Тұңғыш Президент Н.Назарбаев АҚШ, Ресей, Қытай және Ұлыбритания сияқты әлемдік алпауыт елдерден Қазақстан тәуелсіздігіне беретін кепілдіктерін алуы үлкен жетістік болып табылады. Осылайша жас қазақ еліне шетелден экономикамыздың дамуына арқау болатын инвестициялар келе бастады. Егер мұндай сәтті бастама болмағанда Солтүстік Корея немесе Иран мемлекеттері сияқты халықаралық оқшаулауға түсіп, қазіргі таңда экономикамыз үлкен күйзеліс үстінде болар еді. Қазақстан басшылығы 2003 жылы қоғам мен мемлекеттердің дамуындағы діннің ерекше рөлін есепке ала отырып, Әлемдік және дәстүрлі діндер съезін өткізу туралы ұсыныс жасаған болатын. Сол жылы 23-24 қыркүйекте Астана қаласында ислам, христиан, иудаизм, буддизм және басқа да ірі дін өкілдерінің алғашқы съезі болды. Мұндай кездесу өткізудің идеясына сол кездегі Кофи Аннан, Джордж Буш, Маргарет Тэтчер, Цзянь Цземинь, Нелсон Манделла сияқты ірі саяси тұлғалар қолдау білдірген. Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары арасындағы сенім мен өзара түсіністікке негізделген диалог осы саладағы халықаралық ынтымақтастық үшін кең мүмкіндіктерге жол ашып, күш көрсету, экстремизм және терроризм сияқты келеңсіз құбылыстарды еңсеруге ықпал етіп отыр. Алғашқы съезден кейін 2006, 2009, 2012, 2015 және 2018 жылдары да жалғасын тауып, қазірге дейін бірнеше форум өткен. Ғаламдық рухани дағдарыстарға бірігіп қарсы тұруға осындай қадамдар жасап отырған еліміз бұл бағытта әлі талай шараларға ұйытқы боларына сенімдіміз. Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының саммиті Қазақстанның төрағалық етуімен 2010 жылы өтті. Қазіргі таңда Еуропа, Орталық Азия және Солтүстік Америка елдерінің 56 елі мүше болып отырған салмақты саяси ұйымға ТМД елдерінің ішінен бірінші болып басшылық ету еліміздің халықаралық аренадағы беделінің қандай екенін көрсетсе керек. Еліміз аталған ұйымға басшылық етіп қана қоймай, 1999 жылдан бері өткізілмей келе жатқан саммитті өткізуді қолға алды. 2010 жылғы 1-2 желтоқсанда Астанадағы «Тәуелсіздік» сарайында Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының бесінші саммиті өтті. Саммитке ЕҚЫҰ-ға мүше 38 мемлекет және үкімет басшысы, жоғары лауазымды шенеуніктер, сонымен қатар басқа да халықаралық және өңірлік ұйымдардың өкілдері қатысты. Еуроатлантикалық және Еуразиялық кеңістіктердегі қауіпсіздік мәселелері, Ауғанстандағы жағдай және көпке созылып келе жатқан қақтығыстарды шешу жайы саммиттің негізгі тақырыптары ретінде талқыланды. Кездесу соңында Астана декларациясы қабылданды. Декларацияда саммитке қатысушылар ЕҚЫҰ-ның Хельсинки актісінде және жаңа Еуропаға арналған Париж хартиясында, ұйымның өзге де құжаттарында бекітілген міндеттемелерін, қағидаттары мен құндылықтарын қуаттау туралы айтылды. Сонымен бірге қатысушы елдердің өкілдері әлемде орын алып жатқан қақтығыстарды реттеуде күш-жігерді арттыруға, адам құқықтарын қорғауға, заңның үстемдігін қамтамасыз етуге және жаңа қатерлерге лайықты түрде қарсы тұру мүддесі жолында ұйым жұмысын жаңаша жолға қою керектігін атап өтті. Астана экономикалық форумы – өзінің ауқымы бойынша бүкіл Еуразия кеңістігінде теңдесі жоқ жаһандық мәселелерді талқылауға және шешуге арналған жыл сайынғы сұхбат алаңына айналған әлемдік масштабтағы үлкен шаралардың бірі. Форумда 120 елден әлемге танымал саясаткерлер, сарапшылар, ғалымдар, мемлекет және қоғам қайраткерлері және түрлі қаржы институттары мен бизнес-қоғамдастық өкілдері бас қосады. 2008 жылы өткен алғашқы форумда сол кезде басталып жатқан әлемдік қаржы дағдарысы жағдайында дүниежүзілік экономика мен қаржы жүйесін оңалту және дамыту мәселелері талқыланып, басқосу бірден ықпалды халықаралық алаңға айналып үлгерді. Жыл сайын өтіп келе жатқан экономикалық сұхбат алаңында әлемдегі өзекті экономикалық және қаржылық проблемалар талқыланып қана қоймай, онда нақты шешімдер Біріккен Ұлттар Ұйымынан бастап, түрлі халықаралық ұйымдарға ұсынылып келеді. XI Астаналық экономикалық форумы да Global Challenges Summit жаңартылған форматында өтіп, оған әлемнің 101 елінен 300-ден астам спикер және 6 120 қатысушы жиналды. Форум барысында әлемдік сарапшылар қауымдастығы бүгінгі күні адамзаттың алдында тұрған сын-тегеуріндерді еңсеруге және болашақтың мега қалаларын ұйымдастыруға қатысты мәселелерді талқылау үшін бірікті. Сирия бойынша Астана процесі де жұрттың жадында. Сирия Араб Республикасында талай жылдан бері жергілікті халықты әбден мезі қылып, ұлттық трагедияға айналған соғыс жүріп жатқанын білеміз. Қазақстан басшылығы жоғарыда атап өткеніміздей, бейбітшілік саясатын ұстанатын ел болғандықтан басқа елдерді, әсіресе қантөгістер көп болып жатқан мемлекеттерді ымыраға шақырып, бітімгершілік шараларымен айналысып жүргені белгілі. Шам еліндегі азаматтық соғыс лаңкес ұйымдардың қазіргі Сирия билігіне қарсы әскери іс-қимылдарынан бастау алған. 2017 жылғы 23-24 қаңтарда Қазақстанның бастамашылдығымен және Түркия, Иран, АҚШ және Ресей сияқты елдердің қолдауымен екі тарап – Сирия үкіметі мен өздерін Башар Асад билігіне оппозициялық деп есептейтін қарулы топтың өкілдері шақырылды. Сонымен қатар жоғарыда аталған елдер өкілдерімен бірге Біріккен Ұлттар Ұйымының да делегациясы келіссөздерге қатысты. Бұл соғысушы екі жақтың ресми жоғары деңгейдегі ең алғашқы кездесуі болды. Басқосу барысында әскери және гуманитарлық сипаттағы келісімдерді бұзбау мен 2016 жылғы 30 желтоқсандағы Ресей мен Түркия арасындағы атысты тоқтату туралы келісімнің толықтай сақталуы айтылды. Оппозициялық күштер өз талаптарын тек Мәскеу мен Анкараға ғана қойғанымен, Ресей, Түркия және Иран делегациялары бірлескен мәлімдеме жасап, ең алдымен Сирияның тұтастығы сақталуы керектігін баса айтты. Аталған саяси шара талай жылдардан бері жалғасып келе жатқан әскери қақтығыстарды реттеудің алғашқы басқосуы болды. Бұдан кейін Сириядағы жағдай бойынша өтіп жатқан бітімгершілік кездесулері осы Астана процесінің жалғасқан раунды болып келеді. Аталған жағдайды реттеудің басқа ешқандай тетігі болмағандықтан біздің елдің осы бастамасы түбінде оң нәтижеге жеткізетін құрал болатынына сенімдіміз. EXPO-2017 халықаралық көрмесі 2017 жылдың 1 маусымы мен 1 қыркүйегі аралығында Елордада өткені белгілі. Қазіргі жаһандық үлкен проблемалардың бірі экология болса, оның ішінде Жер планетасының жылдан-жылға жылып бара жатқандығы әлем елдерінің басты көңіл бөліп отырған өзекті мәселесі болып есептеледі. Сондықтан да Қазақстанның бастамасымен кезекті көрме тақырыбы болашақтың энергиясы – «Жасыл экономикаға» арналды. Көрмеге 115 мемлекет пен 22 халықаралық ұйым қатысса, оны тамашалауға 3 миллион адам келген. Қатысушылар өздерінің болашақта экологиялық таза энергияны пайдаланатын құрылғылар мен машиналарын тамашалауға қойды. Дүниежүзіндегі энергетикалық ресурстар бітіп, экология мәселесі ушығып тұрғанда баламалы энергия көзіне көшу адамзат дамуында үлкен өзгерістердің бірі болмақшы. Ислам ынтымақтастығы ұйымына Қазақстанның төрағалық етуі де еліміздің бауырлас мұсылман елдер арасындағы өте жоғары беделін көрсетті. 1969 жылы негізі қаланған ұйымға мүше 57 елде 1,5 миллиард халық тұрады. 2011 жылғы 28-30 маусымда елордада Қазақстан төрағалық еткен ұйымның Сыртқы істер министрлері кеңесінің 38-сессиясы өтті. Бұл басқосуда Ислам конференциясы ұйымы «Ислам ынтымақтастығы ұйымы» деп өзгертіліп, тарихи шешім қабылданды. Сонымен бірге Адам құқықтары жөніндегі тұрақты комиссия құрылып, тұңғыш рет ұйымның Орталық Азиямен ынтымақтастық жөніндегі іс-әрекет жоспары қабылданды. Қазақстанның жаһандық бастамалары мұнымен бітпек емес. Әлемдік саясатта сарабдал көзқарас ұстанып отырған еліміздің бүгінгі көтеріп отырған мәселелері өте көкейкесті. Сондықтан бұл бастамалардың баянды болуы біз үшін қашан да маңызды.

Қасымхан ТӨЛЕНДИЕВ, «Жаңару» сыбайлас жемқорлыққа қарсы жалпыұлттық қозғалысы» РҚБ Жамбыл облыстық филиалының директоры, Жамбыл облысының Құрметті азаматы

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар