Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

«Дамудың» демеуімен жаңа фабрика іске қосылды

«Дамудың» демеуімен жаңа фабрика іске қосылды
ашық дереккөз
«Дамудың» демеуімен жаңа фабрика іске қосылды
2011 жылдан іске кіріскен «Super Pharm» фармацевтикалық зауыты бүгінде 400-ге жуық фармацевтикалық заттарды өз елімізден басқа көршілес мемлекеттерге де экспорттайтын бірден-бір ірі кәсіпорын.  Мұнда тоқылмаған материалдан жасалған бірреттік стерильді емес «Нәрия» медициналық халаттары, хирургиялық киімдер жиынтығы, аса жұқпалы және инфекциялық аурулардан сақтануға арналған бетперделер мен шприцтер, системалық құралдар, спиртті салфеткалар мен бинт, лейкожапсырмалар, ота жасауға арналған құрал-жабдықтар, яғни қайшы, пышақтар жиынтығы өндіріледі. Дегенмен коронавирус инфекциясы салдарынан орын алған әлемдік пандемия кезінде өңірде медициналық маска тапшылығы туындағаны есте. Сол кезде аталған бетпердені өндіретін «Super Pharm» зауыты шикізат таппай қалған болатын. Өйткені қажетті өнімді өндіру үшін кәсіпорын шикізатты Қытайдан алдырып жүрген. Сол кездері шикізат үшін шетелге тәуелді болудан арылуды ойлаған зауыт құрылтайшысы «Super Pharm» кәсіпорнының аумағында шикізат өндіретін зауыт құрылысы қолға алынғанын айтқан еді. Жақында аталған «Ерсад-2021» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің тоқыма емес маталар фабрикасы іске қосылды. Біз бұған «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» акционерлік қоғамының Жамбыл облыстық филиалы ұйымдастырған баспасөз туры барысында куә болған едік. Зауыттың ашылу салтанатына облыс әкімінің орынбасары Қанатбек Мәдібек пен «Halyk bank» Жамбыл облыстық филиалының директоры Нұрлыбек Сейдахмет қатысып, нысан лентасын қиды. Енді бұл компания медициналық өнімдерден бөлек, бірқатар салалар бойынша да шикізат дайындауды қолға алыпты. Тарқата айтқанда, ауыл шаруашылық саласында жылыжайға арналған, жол құрылысы барысында асфальт астына төсейтін жабынды, жиһаз шығаратын зауытқа қажетті өнім түрлері өндірілуде. – Компания спанбонд типті тоқыма емес бұйымдарын өндірумен айналысады. Спанбонд – бұл өте жеңіл, экологиялық жағынан таза, ұзаққа созылатын, ең жұқа полипропилен жіптерінен жасалады. Спанбонд қымбат материалдарды ауыстыру үшін қолданылады. Материалдың негізгі қасиеттері оның ыстыққа төзімділігі мен беріктігі және тыныс алуға қолайлылығында. Бұрын осы маталарды Ресейден алып жүрдік. Кейін рубль қымбаттағанда Қытайдан ала бастадық. Дегенмен біз қаржы аударып, ол маталар осында жеткізілгенше арада 4 айдан астам уақыт өтіп кететін. Қазір осы машақаттан құтылдық. Құрылғыларды Қытайдан әкеліп орнаттық. Сол жақтан екі маман келіп, біздегі қызметкерлерге өнім-өндіру технологиясын үйретті. Дәл осындай зауыт ТМД елдерінде бар-жоғы үшеу-ақ. Оның бірі Мәскеуде болса, екіншісі Украинаның Киев қаласында. Қазақстан бұрын жол, ауыл шаруашылығы, медицина саласына қажетті осы маталарды шетелден алдырса, енді оны біз дайындап береміз. Негізгі мақсатымыз шетелден келетін осы шикізат түрін нарықтан ысыру болған. Қазір соған қол жеткізіп отырмыз. Жұмысшылардың 99 пайызы Айшабибі ауылының тұрғындары. 1 ауысымда 9 адам еңбек етсе, мұнда жұмысшылар 4 ауысым бойынша жұмыс істейді. Еңбекақылары 200 мың теңгеден жоғары. Оларды тасымалдайтын арнайы автобус бөлінген. Өндірілген өнімнің өзіндік құны шетелдік жеткізушілер ұсынған бағадан бірнеше есе төмен. Тоқылмаған матаны өндіруге тұтынылатын шикізат мұнай қалдықтарынан алынады. Компания оны отандық мұнай өңдеу зауыттарынан сатып алады. Тәулік бойы жүк тиейтін зауыттың өндірістік қуаттылығы айына 920 тонна дайын өнімді құрайды. Зауыттың іске қосылуы Қазақстан мен Орталық Азиядағы тоқыма емес материалды пайдаланатын барлық кәсіпорындарды толық қамтамасыз ете алады, – дейді компания кұрылтайшысы Қайрат Қаймолдаев. Компанияның жобасына «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» акционерлік қоғамы қолдау көрсеткен. Мәселен, 2021 жылғы 10 тамызда «Даму» қоры «Сбербанк» АҚ ЕБ-да (қазіргі «Bereke Bank» АҚ ЕБ) мақұлданған кредит бойынша басым жобаларға кредит беру тетігі шеңберінде сыйақы мөлшерлемесінің бір бөлігін субсидиялауды мақұлдаған. Несие сомасы 865 миллион теңгені құрапты. Оның сыйақы мөлшерлемесі – 15 пайыз, «Даму» қоры тарапынан субсидиялау мөлшерлемесі – 9 пайыз, ал қалған 6 пайызды компания өзі төлейді екен. 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба және Басым жобаларға кредит беру тетігі («Қарапайым заттар экономикасы») бағдарламаларын іске асыру шеңберінде «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры осы облыстың кәсіпорындарына пайыздық мөлшерлемені субсидиялау және кепілдік беру түрінде қолдау көрсетті. «Сыйақы мөлшерлемесін субсидиялау» құралы іске асырылған сәттен бастап өңір кәсіпкерлерінің жалпы несие сомасы 255,9 миллиард теңгені құрайтын 4 700-ден астам жоба қолдау алды. Оның ішінде 3 200-ден астам жобаға «Даму» қорының кепілдігі берілді, онда несиенің жалпы сомасы 56,6 миллиард теңгені құрады. 2022 жылдың 10 айында жалпы несие сомасы 26,9 миллиард теңгені құрайтын 1 203 жоба пайыздық мөлшерлемені субсидиялау түрінде қолдау алды. Сондай-ақ биыл «Кепілдендіру» құралы бойынша облыс кәсіпкерлерінің жалпы несие сомасы 14,6 миллиард теңгеге болып, 1 389 жобаға қолдау көрсетілсе, онда кепілдік сомасы 9,2 миллиард теңгені құрады. Осы жылдың тамыз айында өңдеу өнеркәсібі саласында жұмыс істейтін шағын және орта бизнес субъектілерін қолдау бағдарламасы (Даму-Өндіріс) шеңберінде «Ерсад – 2021» ЖШС айналым қаражатын толықтыруға «Қазақстан Халық банкі» АҚ арқылы кредит алды. Кредит сомасы 400 миллион теңгені құраса, оның 200 миллион теңгесі 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба шеңберінде берілген «Даму» қорының кепілдігі, – дейді «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ Жамбыл облыстық аймақтық филиал директоры Бақытжан Исақов. Аталған қордың қолдау көрсеткен кәсіпорнының бірі Тараз қаласындағы «Достық и К» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Баспасөз туры барысында БАҚ өкілдері осы нысанға да ат басын бұрып, зауыт жұмысымен танысты. Бұл компания нарықта 2004 жылдан бері жұмыс істейді және тұтынушыға сыйымдылығы 0,25 литрден 1, 1.5, 1.9, 2, 3 литрге дейінгі шыны банкаларды шығарумен айналысады. 2020 жылы бұл зауытқа «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ «Бизнестің жол картасы 2025» бизнесті қолдау мен дамытудың мемлекеттік бағдарламасы аясында көмек қолын созған. Соның нәтижесінде аталған бағдарламаның «Субсидиялау және кепілдік беру» тетігі арқылы компания процесті автоматтандыру үшін жабдықтар, сондай-ақ өзге де шығыс материалдарын сатып алу бойынша «Қазақстан Халық банкі» акционерлік қоғамынан қаржы алған. Несие сомасы 314 миллион теңгені құраған. Ал компания үшін несиенің мөлшерлемесі 6 пайыз болып, кепілдік сомасы 132,7 миллион теңгені құраған. – Зауыт 2016 жылдан бері бір күнге де тоқтаған емес. Мұнда 120 жұмысшы бар болса, оның барлығы да жергілікті тұрғындар. Күніне 70-80 мың шыны банкасын өндіреміз. Сұранысқа қарай өндірілетін банканың сыйымдылығы өзгеріп отырады. Мысалы сыйымдылығы 0,25 литр шыны ыдысқа тапсырыс түссе, ондай өнімнің минутына 34 данасы шығарылады. Жұмысшылардың айлықақысы 100-200 мың теңге аралығында – дейді цех басшысы Есберген Еламанов. Өнімнің жартысы өз елімізде өткерілсе, қалғаны Грузия, Қырғыз Республикасы, Ресейге экспортталады екен. Шыны ыдыс шығару үшін кварц құмы еліміздің Арал өңірінен тасымалданса, калцийлендірілген сода, сульфат, доломит секілді қосындылар Ресей мен Өзбекстаннан жеткізіледі. Одан бөлек, зауыт жұртшылықтың тұтынғанынан қалған шөлмек, сынған әйнек, банка секілді тұрмыстық қалдықтарды да қабылдап, шикізат ретінде пайдаланады. Банка шығару үшін мұндай шынының күніне 25-30 тоннасы пайдаланылады. Зауытта 7-8 цех болса, бір цехта 14 жұмысшы бар.

Нұрым СЫРҒАБАЕВ

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар