ОТАНДЫҚ ӨНІМНІҢ ОРНЫ БӨЛЕК
Бүгінгі таңда елімізде қай салада болмасын отандық өнімнің үлесін арттыру – күн тәртібіндегі мәселе. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та әр жылдардағы Жолдауларында отандық өнім мәселесіне айрықша мән беріп келеді.
Мәселен, ел Президенті 2020 жылғы Жолдауында: «Шетелдің арзан әрі сапасыз тауарлары отандық өнім ретінде ұсынылып, сатып алу конкурстарында жеңіп шығатын кездері жиі болып тұрады. Отандық өнім өндірушілердің тізімі де, индустриалды сертификаттар да жалған өндірушілерге нақты тосқауыл қоя алмай отыр. Үкімет «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп, жыл соңына дейін Қазақстанның қамту үлесін арттыру үшін нақты ұсыныстар әзірлейді» десе, 2021 жылы «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты стратегиялық құжатта: «Жалпы ауыл шаруашылығы саласының басты міндеті – елімізді негізгі азық-түлік өнімімен толық қамтамасыз ету.
...Біздегі дәрі-дәрмек пен медициналық құрал-жабдықтың 17 пайызы ғана – отандық өнім. 2025 жылы оны 50 пайызға жеткізу қажет» деп, Үкімет пен тиісті ведомстволардың алдына жаңа мақсаттар мен міндеттер қойды.
Жасырып-жауып қайтейік, тәуелсіздік алғанымызға отыз жылдан асса да отандық өнімнің өрісі кеңейіп, тынысы ашылмай-ақ қойды. Әсіресе халықтың әлеуметтік әлеуетін көтерудегі ықпалы өлшеусіз жеңіл өнеркәсіп саласына мемлекет тарапынан барынша қолдау көрсетілсе де төрт аяғына тең тұра алар емес. Егер сөзімізге нанбасаңыз, қаладағы кез келген сауда нүктесіне бас сұғып көріңіз. Ішіп-жем дейсіз бе, киім-кешек дейсіз бе, бәрі-бәрі шет мемлекеттерден импортталады. Тек жеңіл өнеркәсіп қана емес, кез келген салада отандық өнім мәселесі әлі де ақсап тұр. Дейтұрғанмен ауызды қу шөппен сүртіп, атқарылып жатқан жұмыстарды жоққа шығаруға тағы болмас. Ең бастысы, Президент тапсырып, сең қозғалып, мәнді мәселеге баса назар аударылып, қарқынды жұмыстар жүргізіліп жатыр. Облыстық кәсіпкерлер палатасының жобаларды сүйемелдеу бөлімінің басшысы Динара Садированың айтуынша, жергілікті отандық тауар өндірушілерді қолдау мақсатында палата тарапынан ақпараттандыру және түсіндіру жұмыстары белсенді және тұрақты негізде жүргізілуде.
– Өткен айда ғана облыстық кәсіпкерлер палатасы алаңында қазақстандық «Qazindustry Индустрия және экспорт орталығы» АҚ және «QazTrade» сауда саясатын дамыту орталығы» акционерлік қоғамы бизнес субъектілері үшін семинар ұйымдастырды. «QazIndustry» және «QazTrade» өкілдері бизнес шығындарының бір бөлігін өтеу бойынша өнеркәсіпті мемлекеттік ынталандыру шаралары туралы жан-жақты мағұлматтар берді. Бүгінгі таңда облысымызда аталған мемлекеттік қолдаудың шапағатын «Бурненская сүт компаниясы», «Сәуле кондитерлік фабрикасы», «Мерке-ата комбинаты», «Kaz-Ir Agro», «Жамбыл цемент өндірістік компаниясы», «Talas Investment Company», «Rola-7»ЖШС секілді компаниялар сезінуде. Жергілікті отандық тауар өндірушілерді қолдау түрінде кәсіпкерлер палатасы тарапынан бүгінгі күнге дейін жергілікті өндірушілердің тауарларына 159 СТ-КЗ сертификат, 3 индустриялық сертификат және экспортталатын тауарларға 3 927 сертификат берілді. Бұдан басқа, инвестицияларды тарту шеңберінде басқа республикалардың делегацияларымен тығыз өзара іс-қимылды жолға қою бойынша іскерлік кездесулер өткізілді. Нәтижесінде бүгінгі таңда Иран Ислам Республикасына, Литваға, Өзбекстанға, Тәжікстанға, Түркияға, Францияға жергілікті өндірістік компаниялардың тауарлары экспортталады. Тоғыз айдың қорытындысы бойынша Жамбыл облысының экспорты 198947,6 мың АҚШ долларын құрады. Ал осы кезеңде экспорт 115057,6 мың АҚШ долларын құрады, – дейді Динара Садирова.
Ал облыс әкімдігі кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық дамыту басқармасының басшысы Аспандияр Сейсебаевтың айтуынша, 2022 жылдың қаңтар-қазан айларының қорытындысы бойынша облыстағы мемлекеттік мекемелердің сатып алудағы (4,8 миллиард теңге) жергілікті қамту үлесі 66,2 пайызды (3,2 миллиард теңге) құрапты. Жергілікті қамту үлесін арттыру мақсатында облыстағы отандық өнім өндірушілердің каталогі әзірленіп, еліміздің барлық өңірлеріне және ірі кәсіпорындарға жолданған. Каталог әрдайым жаңартылып отырады екен.
– 2022 жылдың 30 маусымындағы ҚР Үкіметінің 452 қаулысымен бекітілген «Елішілік құндылықты және экспортқа бағдарланған өндірістерді дамыту бағдарламасын іске асыру жөніндегі іс-шаралар (іс-қимыл) жоспарының» 41-і тармағына сәйкес қазіргі таңда Жамбыл облысының Елішілік құндылықты және экспортқа бағдарланған өндірістерді дамытудың 2022-2026 жылдарға арналған бағдарламасының жобасы әзірленуде. Бағдарлама шеңберінде импортты алмастыру және экспортқа бағдарланған жобаларды іске асыру жөніндегі шаралар, қаржыландыру, шикізатпен, инфрақұрылыммен және инженерлік-техникалық кадрлармен қамтамасыз ету және тағы да басқа жүйелі шаралар көзделген. Жалпы 2026 жылға дейін облысымызда қара металлургияда – құрылыс арматурасы, түсті металлургияда – доре алтыны өндірісі, химия өнеркәсібінде – натрий цианиді, минералды тыңайтқыштар, құрылыс индустриясында – кірпіш (керамика, керамзит,), темірбетон, бетон, құрғақ қоспалар және басқа да тауарлар өндірісін ұлғайту жоспарлануда. Мәселен, қара металлургияда «Тараз арматура зауыты» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі қуаттылығы жылына 200 мың тоннаға дейінгі құрылыс арматурасын шығару жобасын жүзеге асыруды жоспарлауда. Түсті металлургияда «Monterra Qazaqstan» серіктестігі тау-кен металлургия комбинатын салу және алтын кен орындарын игеру жобасын жүзеге асыруда. Жобалық қуаты жылына 10 000 келі алтын өндіру. Химия өнеркәсібінде «Talas Investment Company» серіктестігі натрий цианиді өндірісін жылына 30 мың тоннаға дейін кеңейтуді көздеуде. Сондай-ақ «Қазфосфат» серіктестігі минералды тыңайтқыштар өндірісін жылына 1 миллион тоннаға дейін кеңейту жобасын және «Qazaq soda» серіктестігі кальцийлендірілген сода өндіретін зауыт салу жобасын жүзеге асыруда. Ал «ЕвроХим Тыңайтқыштар» серіктестігі минералды тыңайтқыштар шығаратын химиялық зауыт салуда. Сонымен қатар құрылыс материалдарын өндіруде «Жамбыл Гипс» акционерлік қоғамы өндірілетін тауарлардың (гипсокартон, құрғақ қоспалар), «Алина ПРО» серіктестігі (гипс плиталар, құрғақ қоспалар және тағы да басқа) түрлерін кеңейтуде.
Аталған жобалардың барлығы отандық өнімнің үлесін арттыруға айтарлықтай септігін тигізетін болады, – деген Аспандияр Мұраталыұлы отандық өнімнің оңды нәтижесі экономикалық әлеуетті арттыра түсетінін жеткізді. Бұрын отандық өнім десе тұтынушылар сапасына күмән келтіріп, үрке қарайтын. Ал кейінгі жылдары «Қазақстанда жасалған» отандық өнімдер ел нарығын біртіндеп жаулай бастады және алыс-жақын шетелдерге де экспортталуда. Мұның өзі бек қуантарлық жайт. Жоғарыда сең қозғалып, жұмыс басталғанын айтып өттік. Енді басталған жұмысты әрмен қарай жетілдіру, дамыту қиынға соқпас.
Талғат НҰРХАНОВ
Келесі мақала