Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Билікөлге газ тартылатын күн алыс емес

Билікөлге газ тартылатын күн алыс емес
ашық дереккөз
Билікөлге газ тартылатын күн алыс емес
Кеше Жуалы ауданына жұмыс сапарымен барған облыс әкімі Нұржан Нұржігітов алдымен Билікөл ауылдық округіне қарасты Қарабастау ауылының тұрғындарымен кездесті. Нұржан Молдиярұлы халықпен кері байланыс орнату көптеген өзекті мәселелердің дер кезінде шешілуіне мүмкіндік беретінін айтып, ауыл тұрғындарының сан сауалына жауап беріп, ұсыныстары мен пікірлеріне құлақ түрді. – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының: «Әкімдердің халықпен кездесулерін өткізу туралы» Жарлығына сәйкес халықпен кездесулер жаңа форматта өтуде. Бүгінгі күнге дейін барлығы 610 кездесу өтіп, жергілікті атқарушы орган халықты толғандырған түрлі мәселелермен танысты. Бірқатар оң нәтижелерге қол жеткіздік. Кері байланыс – қоғам мен билік арасындағы диалогтың, өзара іс-қимыл мен ынтымақтастықтың негізі, – деді Н.Молдиярұлы. Жиында алғашқы сауалды жолдаған ауыл тұрғыны Лесбек Түгелбайұлы газдандыру мәселесін көтерді. – Билікөл ауылдық округі аудан орталығынан 60 шақырым қашықтықта орналасқан. Орталықтан шеткері жатқандықтан ба, барлық игілік біздің ауылға кеш жетеді. Ауылды газдандыру мәселесін көтеріп келе жатқанымызға 20 жылдан асты. Бармаған жеріміз, баспаған тауымыз қалмады. Келген әкімдер де уәдені үйіп-төгеді. Бірақ нәтиже болар емес. Осыдан 25 жыл бұрын сол кездегі облыс әкімі Амалбек Тшанов ауылымызға арнайы келіп, халықпен кездесіп, көптеген өзекті мәселелердің оң шешімін табуына үлкен үлесін қосқан болатын. Ширек ғасырдан кейін өзіңіз ат басын бұрып отырсыз. Сондықтан ендігі бар үмітіміз сізде, – деді ауылдық округтің ардагерлер кеңесінің төрағасы. Осы орайда елді мекендерді газдандыру бойынша облысымызда атқарылып жатқан жұмыстарға егжей-тегжейлі тоқталған Нұржан Молдиярұлы билікөлдіктердің де көгілдір отынның қызығын көретін күні алыс емес екенін жеткізді. – Жуалы ауданында он жеті жыл жұмыс істедім. Өңірдің тыныс-тіршілігі мен қордаланған мәселелері жақсы таныс. Ал Билікөл ауылына келмегеніме он жылдан асыпты. Кездесудің алдында ауылды аралап шықтым. Көп өзгеріс бар екен. Он жыл бұрынғы уақытпен салыстыруға мүлдем келмейді. Халық тұрмысының жақсарғаны, өмір сүруіне қолайлы жағдайлар жасалғаны көрініп тұр. Дегенмен мәселелер де жоқ емес. Ең өзекті мәселе – газдандыру. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес 2025 жылға дейін облыстағы халық саны екі жүзден асатын елді мекендер 100 пайыз ауызсумен қамтылып, табиғи газды тұтынатын болады. Билікөл ауылдық округіне қатысты айтар болсам, газ тарту бойынша жобалық-сметалық құжаттары дайындалуда. Одан кейін мемлекеттік сараптамадан өткізу керек. Яғни келесі жылы газ құбырын тартуды бастаймыз. Айта кетейін, барлық мәселе бюджеттен бөлінетін қаржыға байланысты. Егер мүмкіндік болса 2023 жылы толық бітіреміз немесе 2024 жылға өтпелі болады, – деді Н.Нұржігітов. Мұнан кейін сөз алған Балғын Мұратбаев су тапшылығы мәселесін көтеріп, «Дарбаза» су қоймасын жөндеу қажеттілігіне тоқталды. Тұрғынның айтуынша, ауылға су жеткізетін канал да қалпына келтіруді қажет етеді. Аймақ басшысы ауылдық округ әкіміне су қоймасының және каналдың жөндеу жұмыстарына байланысты тиісті құжаттарды уақыт созбай дайындауды тапсырды. Кездесуден кейін облыс әкімі ауыл тұрғындарын жеке сұрақтарымен қабылдады. Облыс әкімінің халықпен кездесуі Нұрлыкент ауылдық округінде жалғасты. Сұрақ-жауап түрінде өрбіген кездесуде ауыл тұрғындары бірқатар әлеуметтік мәселелерді көтерді. Мәселен, ауыл тұрғыны Батырхан Досыбаев Түктібай ауылындағы орта мектептің әбден тозығы жеткенін, тіпті оқушылардың өміріне қауіп төндіріп тұрғанын тілге тиек етті. – Жалпы облысымызда 22 білім нысанының құрылысына 7,6 миллиард теңге қаржы бөлінді. Ағымдағы жылы 17 мектеп пайдалануға беріледі. Сонымен қатар 16 білім беру нысаны күрделі жөндеуден өтті. Жуалы ауданында 3 мектепке күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Біз осы қарқынды жоғалтпауымыз керек. Себебі жыл сайын мектеп табалдырығын аттайтын оқушылардың қатары өсіп келеді. Ал Түктібай ауылындағы мектепті күрделі жөндеуден өткізу жоспарланған. Дегенмен жуырда жауапты мамандармен ақылдаса келе Нұрлыкенттегі мектепті күрделі жөндеуден өткізіп, Түктібайда жаңа мектеп соғуды жоспарлап отырмыз. Келесі жылы жобалық-сметалық құжаттары дайындалса, 2024 жылы білім ошағының құрылысы басталады. 2025 жылы пайдалануға беріледі. Тағы бір ауыл тұрғыны Қалмұрат Демеусінов ауылдағы спорт алаңшасының пайдаланылмай жатқанын тілге тиек етіп, жөндеу жұмыстарына қолдау көрсетуді сұрады.  width= Осы орайда Жуалы ауданының әкімі Жалғас Мұртаза спорт алаңшасын 2022 жылы демеушілер есебінен жөндеу жоспарда бар екенін мәлімдеді. Егер демеушілер келісім бермесе, келесі жылы бюджет есебінен жөнделмек. Жиында ауыл тұрғындары тарапынан басқа да сұрақтар қойылып, өңір басшысы тарапынан нақты жауаптар берілді. – Жергілікті атқарушы органның негізгі міндеті – халықтың әлеуметтік мәселелерін шешу. Сіздер көтеріп отырған мәселелер біздің бақылауымызда. Ашығын айту керек, барлық шаруа бірден атқарылады дей алмаймыз. Дегенмен облыстың даму жоспар-жобасы бойынша жұмыстар әлеует пен мүмкіншілігімізге сәйкес кезең-кезеңімен жүзеге асатын болады. Бұл ретте билік пен халықтың өзара сенімі, ортақ түсінігі бәрінен маңызды. Біз бір-бірімізді қолдай білсек, айтарлық нәтижеге қол жеткізе аламыз, – деп жиынды қорытындылаған Нұржан Нұржігітов кездесуде көтерілген мәселелерді шешу үшін аудан әкіміне, басқа да жауапты мамандарға нақты тапсырмалар берді. Кездесу аяқталғаннан кейін облыс әкімі азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдады.

Талғат НҰРХАНОВ, Жуалы ауданы

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар