Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

МЕШІТ – ИМАНДЫЛЫҚТЫҢ ҰЯСЫ

МЕШІТ – ИМАНДЫЛЫҚТЫҢ ҰЯСЫ
ашық дереккөз
МЕШІТ – ИМАНДЫЛЫҚТЫҢ ҰЯСЫ
Жаратқан Алла Тағалаға сансыз мадақ, ардақты  Пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафаға көптеген салауат пен сәлем жолдаймыз. Ассаламуалайкум уа рахматуллаһи уә бәрәкәтуһ! Аса рақымды ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймын. Асыл дініміз Исламның ең үлкен құндылықтарының бірі – мешіт. Мешіт сөзі тілдік тұрғыда «масжид» сөзінен шығып, «сәждеге бас қоятын орын» деген мағынаны білдіреді. Ал шариғатымызда: «Аллаға иман келтірген мұсылмандаржиналып намазоқитын, өзгеде құлшылықтарын жасайтын қасиетті мекен» деген ұғымды білдіреді. Мешітті көңілі, жабырқау жандар пана тауып, өмірден тауқымет көріп, қиналып жүрген адамдар демеу көретін жер деп те атауға болады. Сол себепті де мешіт деген кезде ең әуелі оның сыртқы зәулім көрінісі ғана емес, адам жүрегін рахатқа кенелтіп, жан-дүниесін қанаттандырып жіберетін рухани жағы ерекше аталуы тиіс. Мешітте дүние ісімен емес Алланы ұлықтаумен, Алланы еске алумен айналысуымыз керек. Мешіттің ұлылығы мен маңыздылығын, жер бетінде алғаш тұрғызылған үй мешіт болғандығынан да көруімізге болады. Ешқандай үй жоқ кезде ең алғаш Алла Тағала Меккедегі өзіміз қажылыққа барып, тауаф жасайтын Қағбаны салдырған еді. Мұсылмандар һижрадан бұрын намазды көбінесе үйлерінде немесе өзге де ыңғайлы жерлерде оқитын. Мәселен, әйгілі сахаба Әркамның үйі Исламды үйрету орталығы әрі мешіт ретінде пайдаланылған. Хазіреті Омар (Алла оған разы болсын) иман келтіргеннен бастап мұсылмандар Қағбада намаз оқи бастады. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Меккеден Мәдинаға қоныс аударған кезде ең бірінші қолға алған ісі де осы мешіт салдыру болатын. Мұсылмандар мүмкіндігінше мешіт жоқ жерде мешіт салдыруға тырысады. Өйткені мешіт салу – Алла Тағаланың сүйген құлдары пайғамбарлар шұғылданған қасиетті іс. Алла Тағала қасиетті Құранның «Тәубе» сүресінің 18-аятында: «Алланың мешіттерін шынайы түрде Аллаға иман келтіріп, ақырет күніне сенген, намазды толық орындаған, зекет берген және Алладан ғана қорыққан кісі тұрғызады. Міне, солардың тура жол табушылардан болулары үміт етіледі», деп айтқан. Ал ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Кімде-кім Алла үшін мешіт салса, Алла Тағала оған тура сондай етіп, жәннатта бір үй тұрғызады», деген (имам Бұхари, Муслим). Қазақ жерінде де мешіт салу кейбір ғасырлардағы жаугершілік, шапқыншылыққа ұшыраған кезеңдер болмаса, тоқтаған емес. Тарихымыздағы ең көне мешіттер ретінде 893 жылы Тараз шаһарында салынған, кезінде Кедер деп аталған қазіргі Құйрықтөбеде болған мешіт, Маңғыстаудағы IX-X ғасырларда салынған Шақпақ ата мешіттері саналады. Жалпы Испид жап, Баласағұн, Фараб, Сығанақ сияқты көне қалаларымызда көптеген небір зәулім мешіттер болғандығына тарих куә. Қожа Ахмет Ясауи бабамыз салдырған (қылует) жертөле мешітінен бергі Құнанбай бабамыздың салдырған мешіттеріне назар аударсақ, мешіттердің халқымыздың өмірінде қаншалықты үлкен маңызға ие болғандығын түсінеміз. Ендеше, күмбездерінен азан үні естілген, мұсылмандығымыз бен иманд ыл ығымызд ы паш етіп тұратын мешіттердің рухани дамуымызға тигізетін пайдалары өте көп. Қасиетті Құранның аяттары мен ардақты Пайғамбарымыздың хадистерінде мешіттердің мынадай артықшылықтары жөнінде айтылған: Бірінші: Мешіт – Алланың үйі. Ол адамның жүрегі тыныштық тауып, жаны ерекше рухани ләззатқа бөленетін қасиетті орын. Анығында, бүкіл мүлік Жаратушымыз Алла Тағаланікі. Соның ішінде мешіттерге үлкен құрметті білдірту үшін оларды «Алланың үйлері» деп атаймыз. Алла Тағала қасиетті Құранда: «Шын мәнінде мешіттер Алланікі», деп айтқан («Жын» сүресі, 18-аят). Бұқар жырау бабамыз да осы мағынада: «Хақтың үйі мешітті, Ақты Құдай шешіпті» деп, мешітті «Хақтың үйі» атаған. Халқымыздың «Ағайынға жағам десең қазанды бол, Аллаға жағам десең азанды бол»  деп айтқанындай, азан айтылатын мешіттердің болуы сол елдімекенге ырыс пен береке алып келеді. Екінші: Мешіт – тәрбие ошағы. Ол тек құлшылық орны ғана емес, білім мен мәдениеттің, тәрбиенің орны. Ардақты Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) кезінде Медине қаласындағы салынған мешіт ғимаратына үйсіз-күйсіз, жалғыз-жарым қалып қойған мұсылмандар үшін қосымша тағы бір үй жапсарластырыла тұрғызылған болатын. Бұл үйге орналасқандар негізінен, діни ғылым-білім үйренетін. Олар: «асхабус-суффа» деп аталады. Басқаша айтқанда бұл үй мұқтаж мұсылмандар тегін жатып оқитын медресе іспеттес еді. Алла Елшісі (с.ғ.с) оларды ерекше назарда ұстайтын. Ауқатты мұсылмандар оларға жәрдем беріп, ас-суына қарасып тұратын. Осы үйден білім алған мұсылмандар төңіректегі елдімекендерге Ислам дінін насихаттап үйретуге жіберіліп тұратын. Пайғамбар заманында адамдар үйіне келгенде әйелдері олардан: «Бүгін мешіттен не нәрсе үйреніп келдің?» деп қарсы алады екен. Мешітке келетін әр адам намаз оқып, құлшылық жасаумен қатар қасиетті Құранды дұрыс оқу ережесін, оның мән-мағынасы мен тәпсірін, дініміздің көркем әдебін үйренуі тиіс. Ардақты Пайғамбарымыз (с.ғ.с): «Егер адамдар Алланың үйлерінің ішінен бір үйде жиналып Құран оқып, оны үйренетін болса, оларға әлбетте тыныштық түседі және оларды рахымшылық бүркеп, періштелер қоршауына алады», деген (имам Муслим). Ислам тарихына үңілер болсақ, мешіттерде шариғат ілімдерімен қатар медицина, математик а, астрономия секілді жаратылыстану пәндері де оқылғанын көреміз. Қазақ жерінде де мешіттер ғибадат орны болуымен қатар ағартушылық рөлді де атқарған. Оған дәлел ретінде кезіндегі халық қызметінде болған ардақты тұлғаларымыздың өмірбаянын оқи қалсақ, «Алғаш ауыл молдасынан сауатын ашқан», «Ауыл молдасынан хат таныған» деген сөздерді жиі кездестіруімізге болады. Үшінші: Мешіт – бірлік пен ынтымақ мекені. Ардақты Пайғамбарымыз (с.ғ.с) Мекке қаласынан Медине қаласына көшіп барғаннан кейін ең бірінші қолға алған ісі – мұсылмандардың барлығын туыс әрі бауыр деп жариялап, мешіт салдыртқаны. Пайғамбар мешіті салына сала түрлі ұлт пен ұлыс өкілдері ат басын тірейтін, екі адам дауласып қалса төрелік жасайтын, жоқ-жітік, міскіндерге жәрдем берілетін, халыққа насихат айтылатын рухани орталыққа айналды. Ал мешітті тек белгілі бір адамдар  тобына арнап салып, мұсылмандардың арасын бөлуге шариғатымыз тыйым салады. Мешіт адамдардың арасын бөлетін емес, оларды бірлік пен татулыққа, сыйластық пен сүйіспеншілікке шақыратын орын. Алла Тағала Құдси хадисте: «Расында құлдарымның ішіндегі Маған ең сүйікті болғандары: Мен үшін бір-бірін жақсы көрген, Менің мешіттерімде болуды әдет еткен және де таң сәріде Менен жарылқау тілегендері», деген (имам Байһақи).

Жұма уағызын жүргізген облыстық «Һибатулла Тарази» мешітінің найб имамы Ғалымбек ЖӘПЕК

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар