«Жастықтың оты жалындап, Жас жүректе жанған шақ...»
«Жастықтың оты жалындап, Жас жүректе жанған шақ. Талаптың аты арындап, Әр қиынға салған шақ» деп хәкім Абай жырлағандай, әр адамның өмірінде жалындаған жастық шақтың алар орны ерекше. Әсіресе қызығы мен шыжығы мол студенттік кезеңнің әсері тіптен бөлек. Бүгінгі күні студенттердің әр күні мерекедей өтсе де күнтізбеде белгіленген олардың өзіндік мейрамы бар. Ол – Халықаралық студенттер күні. Осы атаулы күнге қатысты деректер мен жоғары оқу орындарында оқып жүрген облыстың студент жастары жайлы жазуды жөн көрген едік.
Мерекенің тарихын білесіз бе?
Студенттер күнінің де өзіндік тарихы бар. Бүгінде бұл дата көңілді жастық шақ пен романтиканың күні болғанымен мұның әу бастағы оқиғасы көңілсіз жайттардан тұрады. Тарихи деректерге сүйенсек, 1939 жылы 28 қазанда фашистер басып алған Чехословакияның студенттері мен ұстаздары Чехословакия мемлекетінің құрылғанына жиырма бір жыл болғанын атап өту үшін шеруге шыққан. Басқыншылар шеруді басып тастап, сонымен бірге медицина факультетінің студенті Ян Оплеталды атқан. 1939 жылы 15 қарашада Ян Оплеталды жерлеу рәсімінде студенттер қайтадан наразылық танытқан. Шеруге шыққандардың көбі қамауға алынып, 17 қарашада таңертең студенттік жатақханаларды қоршаған. 1 200-ден астам студент ұсталып, Заксенхаузендегі концлагерьлерге қамалған. Студенттік қозғалыстың тоғыз белсенді студенті Рузина атты прагалық ауданда түрме қабырғасында сотсыз дарға асылған. Арада біраз уақыт өткен соң, яғни 1946 жылы 17 қарашада Прагада өткен чехиялық студент-патриоттардың құрметіне болған Бүкіләлемдік студенттер конгресінде бұл күн «Халықаралық студенттер күні» болып белгіленген. Міне, қайратты мінез, жігерлілік пен жастық шақтың мерекесі – Студенттер күнінің шығу тарихы осындай. Алайда бұл мереке көңіл қобалжытатын оқиғалардан бастау алғанымен, бүгінде жастар осы бір күнді асыға күтетіні сөзсіз. Биыл дәстүрлі мерекені жамбылдық студенттер де сән-салтанатымен атап өтпек. Жоғары оқу орындарында концерттер, кездесу кештері, көңілді тапқырлар сайысы ұйымдастырылып, студенттер жас театрлардың қойылымдарын тамашалайды.Жамбылда жайлы жағдай жасалуда
Елімізде жастар саясатына барынша көңіл бөлінуде. Біздің облыста да осы бағытта атқарылған істер аз емес. Ел ертеңі саналған жастарды бүгіннен болашаққа, ұлт мүддесін қорғай алатын, бәсекеге қабілетті етіп тәрбиелеу жауапты іс. Сондықтан жастар мәселесі әркез жүйелеп отыруға тиіс дүние. Облыс әкімдігі жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Жомарт Зұлпыхардың айтуынша, бүгінде аймақ жастарына көбірек көңіл бөлініп, өз-өздерін дамытуға, қоғамда лайықты орнын қалыптастыруға жағдай жасалуда. Қазіргі таңда облыс халқының саны 1,2 миллион адамды құрайды десек, оның 258 мыңнан астамы жастар. Басқаша айтсақ, жастар облыс халқының 22,4 пайызын құрап отыр. Жастардың 96 786-сы облыс орталығы Таразда, 161 378-і ауылдық елді мекенде тұрады. – Ағымдағы оқу жылында 2 жоғары оқу орнында 20 645 студент білім алуда. Нақтырақ айтсам, Тараз өңірлік университетінде – 14 994, Халықаралық Тараз инновациялық институтында (ХТИИ) 5 651 студент бар. Оның ішінде күндізгі бөлімде – 10 982, сырттай бөлімде– 2 595, қашықтықтан оқу түрінде – 2 089, магистратурада – 975, доктарантурада – 38, кешкі бөлімде 118 студент білім алып жатыр. Ал мемлекеттік грантта білім алушылар саны – 3 848. Сондай-ақ 46 техникалық және кәсіптік білім мекемесінде 23 700 студент 93 мамандық, 137 біліктілік бойынша оқып жүр. Облыс студенттерін жатақханамен қамтамасыз ету жағы да ойластырылған. Айталық, М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінде 3 жатақхана қарастырылған. Жатақханалардың жалпы сыйымдылығы 1 134 орын, бөлме саны – 418. Халықаралық Тараз инновациялық институтында 450 орындық 1 жатақхана бар. Сондай-ақ облыстағы 18 колледжде жатақхана бар. Жалпы 18 колледждегі жатақханалардың сыйымдылығы 2 329 орын, – дейді Жомарт Дүйсенұлы. Сонымен қатар қазір жас мамандардың жұмыспен қамтылуына да барынша көңіл бөлініп отыр. Мәселен, 2021-2022 оқу жылында оқу орнын 3 611 студент тәмамдаған. Тараз өңірлік университетінен 2 788 білімгер, ХТИИ-дан 823 талапкер түлеп ұшса, олардың ішінде 1 986 жас жұмыспен қамтылған. Одан бөлек жыл басынан бері 56 бос жұмыс орындарының жәрмеңкелері ұйымдастырылған. Жәрмеңкеге жалпы 3 829 жас қатысқан. Нәтижесінде 231 жас тұрақты жұмыстарға, 16-сы ақылы қоғамдық жұмыстарға, 271-і жастар практикасына жолданыпты. Бүгінде жамбылдық студенттер тек білім алып қана қоймай, қоғамдық жұмыстарға белсене араласып, өз үлестерін қосып жүр. Оның ішінде облыс көлемінде ұйымдастырылатын қайырымдылық шаралар мен акцияларға, форумдар мен басқосуларға ерекше белсенділікпен қатысады. «Жастарға кеңес» жобасы аясында мемлекеттік бағдарламалар мен жобалар туралы жастарға кеңес беру және ақпараттандыру мақсатында 813 ақпараттық кеңес беру алаңы өтіп, оларға 28 483 жас қатысқан. «Жастарға білім» бейресми білім беру жобасы аясында «Instagram», «Faсebook», «YouTube» және тағы да басқа әлеуметтік желілердегі тікелей эфирлер арқылы 121 онлайн мастер-класс өтіп, тікелей эфирге 4 200 жас қатысқан. Сонымен қатар республикалық Жол картасы аясында биыл жазғы және күзгі маусымда «Жасыл ел» еңбек жасағына 1 756 жасты маусымдық жұмыспен қамту межесі бекітілген. Оның ішінде қаладан 756, аудандардан 1000 жас жұмысқа тартылады. Биылғы 10 айдың қорытындысы бойынша, 1 531 студент жас маусымдық жұмысқа тартылып отыр. Аталған жұмыстарды жүргізуге жергілікті бюджеттен 108,8 миллион теңге қаражат бөлінген. Бөлінген қаражаттың 98,2 миллион теңгесі игеріліпті. Жыл басынан бері рухани-адамгершілік, әскери-патриоттық, спорттық, мәдени-шығармашылық, құқықтық, діни, психологиялық-танымдық, жастарға кеңес беру, экологиялық мәдениет, этносаралық келісім, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бағыттары бойынша жыл басынан бері облыстық, қалалық, аудандық деңгейде жастар ресурстық орталықтарының бекітілген іс-шаралар жоспарына сәйкес жалпы саны 7 455 іс-шара өткізіліп, оларға 181 888 студент жас қамтылған. Жоғарыда келтірілген деректерге сүйенсек, жастардың жайы назардан тыс қалмай келеді. Бос уақыттарын тиімді өткізу үшін түрлі мәдени-көпшілік іс-шаралар, түрлі байқаулар, спорттық жарыстар, интеллектуалды ойындар ұйымдастырылып, студент жастарды маусымдық жұмысқа тарту мәселесі де қарастырылған. Алайда Таразды іш пыстырарлық, өсуге қолайсыз қалаға теңеп, Астана, Алматы секілді мегаполистерге арман қуып кететін студенттер аз емес. Осы мәселе бойынша жастардың арасында сауалнама жүргізіп көргенімізде студенттердің пікірі түрлі тарапқа бөлінгенінің куәсі болдық. Замандастарымыздың басым бөлігі оқуын бітірген бойда жұмысты үлкен қаладан іздейтіндігін айтса, енді бір тарап Тараздың, облысымыздың күн өткен сайын көркейіп келе жатқандығын, жастардың да қоғамдағы орны айрықша екенін, өз өңірінде қалып, туған өлкесін дамытуға үлес қосатындығын жеткізді. Жамбыл жоғары медициналық колледжінің 3-ші курс студенті Дильназ Мейрамбек соңғы айтылған пікірді қолдайды. – Осыдан 5-6 жыл бұрын менен мектеп бітірген соң қайда оқуға тапсырасың деп сұраса, басқа қаладағы оқу орындарының бірін айтуым мүмкін еді. Мойындауымыз керек, біраз жылдар бұрын шаһар қазіргідей дамыған жоқ-тын. Серуенге қолайсыз болатын. Қазір қаламыз күн өткен сайын жасарып келеді. Группаластарымызбен сабақтан соң жаяулатып қыдырып, қаланың әсем жерлерін аралағанды ұнатамыз. Арбат, «Тектұрмас» этно-мәдени кешені, «Үшбұлақ» каналы, «Жеңіс», Қ.Рысқұлбеков атындағы саябақ секілді барлық мәдени-көпшілік орындар жастардың шат күлкісіне толы. Бәлкім, осындағы оқуымды аяқтаған соң медициналық білімімді жалғастыру үшін Қарағанды не болмаса Алматыға баруым мүмкін. Бірақ міндетті түрде өз қалама қайта ораламын. Өйткені Тараз – менің туған қалам. Жанымның бір бөлшегіндей. Туған інім Бекзат қазір оқуымен Ақтау қаласында. Бірақ бізге күніге хабарласып, Таразды қатты сағынғандығын айтады. Сондықтан өз басым Тараз жастардың қаласы емес деген пікірмен келіспеймін, – дейді Тараз қаласының тұрғыны Дильназ Сұлтанмұратқызы. Иә, қанша адам болса, сонша пікір бар. «Қызметте, не басқа да салада өсуіме қолайсыз» деп мегаполистерге үдере көшіп жатқан жастарды да кінәлай алмайсың. Оның үстіне Алматы мен Астананың жастардың қаласы атанып кетуі де бекер емес. Тіпті кейбір блогерлер мен әзілкештердің «Көне шаһар болғаны сонша, ескіліктен әлі құтыла алмай келеді. Таразға бюджеттен теңге емес, ділдә бөлінетін секілді» деген орынсыз сынына қарамастан, қаланы соншалықты жермен-жексен еткеніміз артықтау. Соңғы жылдарда шаһарымыз әжептәуір дамыды. Студент жастардың өмір сүруіне қолайлы жағдай жасалып-ақ келеді. Екі жоғары оқу орнымен қатар, колледждерде де жатақхана мәселесі оң шешімін тапқан. Жастар бас қосып отыратын, көңіл көтеруге арналған кинотеатр, драма театр, кофехана, кітапхана секілді түрлі мәдени орындардың қатары артуда. Тараз қаласы әлі талайдың таңдайын қақтыратын болады.
Келесі мақала