Жаңалықтар
«Ұстаз беделі біздің бойымызда оқушы кезімізден қалыптасты»
- author AR-AY
- 15 қараша, 2022
- 201
«Ұстаз беделі біздің бойымызда оқушы кезімізден қалыптасты»
Қазақ ауызекі тілде «Тал түс» деп атап кеткен алпыс жасқа иек артқан облыс әкімдігі тілдерді дамыту басқармасының басшысы Рахия Тұрмаханбетова елге еткен қызметінің елеулі бөлігін ұлт ұрпағын ұлылар жолына жетелеуге арнады. Бұл оның табиғатынан, жаратылысынан ұстаздыққа жаны жақын адам екенін көрсетсе керек. Шындығында, әр істі ақыл таразысына салып, көкірек зердесінен өткізіп барып әрекет ететін оның осы бір қасиеті маңайына сыйлы етіп, қызметте де сатылап өсуіне жол ашты. «Мемлекеттік қызметті мінсіз атқару – абыройлы іс» дейтін болсақ, осы талап үдесінен шыға білген Рахия Сейтбекқызымен сұхбаттасудың сәті түскен еді.
– Рахия Сейтбекқызы, қазақ бұл белесті адамның барды бағалап, өткенді саралайтын даналық жасы деп білген. Сіздің еңбегіңіз ел алдында. Десе де күйбең тіршіліктің қамымен осы уақытқа дейін кейінге ысырылып келген мақсат-мұратыңыз бар ма?
– Мен өмірде барлық нәрсеге бірдей үлгеруге тырыспаймын, маған дұрыс нәрсені уақытында жасау ұнайды. Өзіңіз айтқандай, еңбек жолымның көпшілігінде елдің қызметінде жүрмін. Мемлекеттік қызмет аса жауаптылықты талап ететіндіктен бүкіл ойымыз жұмыста болды. Үйге, отбасына көңіл бөлуге уақыт жетпей жатты. Әрине, оған өкініп отырған жоқпын. Өйткені осы жолда азды-көпті елге пайдамыз тиіп, жасаған еңбегімізді ел бағалап жатса, әрине, ол бақыт. Осылайша уақыттың қалай өткенін байқамай қалдық, қызыма кішкентайынан анам қарап, тәрбиеледі. Мектептегі жетістіктерінде, демалыстарында бірге болмадым. Сондықтан ендігі жерде, Алла жазса, тезірек әже атанып, немерелерімді балабақшаға, мектепке, музыка, спорт үйірмелеріне апарып жүрсем деймін. Сол немерелеріміз өмір сүретін Қазақстан бұдан әрі өркендеп, дамыса, бейбіт заман болса деймін. Міне, менің арман-мақсаттарым осылар.
– Ұрпағының тәрбиесіне алаңдау әр ата-анаға міндет қой. Сіз кімнің тәрбиесін көрдіңіз, қайда оқып, еңбек өтілін қай жерде бастадыңыз?
– Жуалы өңірінде туып-өстім. Әкем Сейтбек, анам Мейраш – үш ұл, төрт қыз өсірген көпбалалы отбасы. Ата-анам адал еңбек еткен, қарапайым шаруа адамдар. Олардың бір ғана мақсаты бізді елден кем қылмай өсіріп, жақсы білім беру еді. Әкемнің отбасы оқыған көзі ашық, көкірегі ояу кісілер болған. Үлкен ағасы Кенжебек мектеп директоры, екінші ағасы Кенжеғұл аудан прокуроры қызметтерінде жүрді. Қартайған ата-әжеме қарау кенже бала – менің әкеме жүктеледі. Сөйтіп, Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетінде 3-курста оқып жүрген жерінен әкем оқуын бітірмей елге оралған.
Кейін Шымкент қаласында цемент зауытта қарапайым жұмысшыдан цех жетекшісіне дейін көтерілді. Әкей басқарған цех өнім көрсеткіштері бойынша социалистік жарыс жеңімпазы атанып, заводтың ауыспалы туын жеңіп алады. Үздік табыстары үшін қалалық жұмысшылар слеті, партия хатшысы, сьезд делегаты болады. Ол кезде де ата-анаға қарау үлкен міндет болғандықтан елге оралуға тура келеді. Колхоз шаруашылығына араласып, ауыл өмірі мен партия жұмысына белсене атсалысты. Әйтеуір біз есімізді білгелі қоғамдық жұмыстарда шапқылап жүретін. Ал анам өте іскер адам, бойынан қазақ әйелдеріне тән барлық қасиеттерді көруге болады, бірақ қатал. Әкеміздің өмірден озғанына он бес жыл болды, қазіргі ақылшымыз анам.
Мен өскен ұяма ризамын. Әкем мен анамның еңбекқорлығы бізге үлкен өнеге болды. Олар бізді бала кезімізден адалдық, жауапкершілік, сабырлылық, мейірімділік сынды асыл қасиеттерге баулыды. Бауырларымның барлығы жоғары білім алды. Өмірден өз орындарын тауып, әрқайсысы жеке шаңырақ құрып, ғұмыр кешуде.
Үйдегі балалардың үлкені болғандықтан ата-анам бетімнен қақпай, еркін өсірді. Кішкентай кезімнен сабаққа аса ықтиятты, ұқыпты болып өстім. Ол кездерде Шымбұлақ ауылында сегіз жылдық мектеп болатын, онжылдықты Қарасаз ауылында интернатта оқып, үздік бітірдім. 1983 жылы Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық институтына оқуға түстім.
Біздің мектептің директорлары Жұмабай Қадыров, Сәбит Манашев, Ерсайын Әлжанов ағайлар беделді, мәртебелі, ерекше адамдар еді. Қыз болғаннан кейін Тұрсынкүл әпкей, Фрида Карловна, Мария Тимофеевна сынды мұғалімдердің жүріс-тұрыстарына қарап өстік, ұстаздарымның да берген тәрбиесі өмірлік азығым болды. Ол кісілердің сабақтарынан қалу деген мүлдем болмайтын. Егер сабағынан қалсам, бір нәрседен құр қалғандай күй кешуші едім.
Сынып жетекшіміз, директорымыздың оқушылардың кешке қайда, қалай жүргенін, кімнің үйінде қандай жағдай болғанын біліп отыратынына таңғалатынбыз. Құдды сыртымыздан қарап тұрғандай болатын. Ертеңіне ерінбей сөзбен сыбап алатын. Қазір ойласам, мұғалімдеріміздің сол кездегі бізге ұрысқаны тәртіпті, ұқыпты болуға баулығандығы екен ғой.
Осындай жандардың тағылым-тәрбиелерін бойымызға сіңіріп өсуіміз, бәлкім, біздің де үлкен өмірде адам болып қалыптасуымызға сеп болған шығар.
Институтта да мықты-мықты ұстаздардың алдынан өттім. Үлкен профессорлардан тәлім-тәрбие алып, физика-математика факультетін аяқтадым. Жуалыда алғашқы мұғалімдік жұмысымды бастадым.
Өзім оқыған мектепте үш жылдай мұғалім болып жүргенімде аудандық білім бөліміне әдіскерлікке шақырды, бір жылдан кейін аудандық комсомол комитетіне қызметке тұрдым. Жалпы мен кішкентайымнан қоғамдық өмірге құлшына араласатынмын. Менің тұлғалық дамуыма ұстаздарым, сол кездегі партияның көшбасшылары ерекше әсер етті.
– Мұғалім мамандығын таңдауыңызға не себеп болды?
– Ұстаз беделі біздің бойымызда оқушы кезімізден қалыптасты. Мектепте сүйіп оқитын пәндерім – математика, физика болатын. Бәлкім, осы пәндерден сабақ берген мұғалімдерімнің еңбегі болар. Математиктер Қанат Есмаханов, Дүйсенкүл Ердалимова, Әсия Молдағұловаларды қазір ойласам, білімдері терең, сабақ беру әдістері өзгеше, өз істерінің шебері екен ғой. Ауылда жүріп бізге мектеп оқушыларына арналған физика-математикалық «Квант» журналын жаздырып алып, сондағы есептерді шығартушы еді. Соның арқасында облыстық олимпиадаларға қатысып жүрдім. Бұл кісілер ауданның беткеұстар математиктері екенін кейін ауданға жұмыс істеуге келгенде түсіндім.
Институт бітіріп келген соң өзімнің ұстаздарыммен бірге математика мұғалімі, директордың орынбасары қызметтерін атқардым. Шындығында, бұл кезең менің болашағымды анықтаған нағыз өмір университеті еді.
– Тәуелсіздік алғалы бері елімізде тілдерді қолдану мен дамытудың әр жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы үздіксіз жұмыс істеп келді. Ал мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейтуде жүргізіліп жатқан облыстағы жұмыс қарқыны қандай?
– Жалпы мемлекеттік тіліміз жылдан-жылға дамып келе жатқанын жоққа шығармауымыз керек. Тәуелсіздік кезеңінде оның мәртебесі биіктемесе, төмендеген жоқ. Қаншама ақпарат құралдары мемлекеттік тілде хабар таратады. Газет-журналдар, кітаптар шығып жатыр. Облыста жергілікті атқарушы органдардың кіріс-шығыс құжаттарының 99 пайызы мемлекеттік тілде. Облыстағы мектептердің 70 пайызы қазақ тілінде, 28 пайыз аралас тілдерде білім беруде. Ал оқушылардың 77 пайызы қазақ тілінде, 23 пайызы орыс тілінде білім алуда.
Облыста тұратын барлық этнос өкілдеріне ана тілін дамытуға жағдай жасалған. Мектеп қабырғасында факультатив есебінен ана тілдерін 823 бала оқиды. Мысалы, Жамбыл ауданында дүнген тілі, Сарысу ауданында күрді тілі, Шу ауданында түрік, күрді, әзірбайжан тілдері. Этномәдени бірлестіктер жанында да тіл оқыту мектептері жұмыс істейді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, шын мәнінде, жастар неше тіл білсе, алдынан сонша елдің есігі айқара ашылады. Бұл туған еліңнің мүддесіне қызмет ету үшін қажет. Дегенмен де ең алдымен жастарымыз ана тілін – қазақ тілін білуі керек. Ана тіліміздің бірінші орында болуы бәріміз үшін негізгі басымдық болуы қажет.
Халықтың ересек топтарына тіл үйретудің тегін курстарын басқармаға қарасты «Тіл оқыту орталығы» жүргізеді. Этностар шоғырланған Қордай ауданында екі жыл бұрын «Тіл оқыту орталығы» аудандық дербес мекеме ретінде ашылды. Облыста мемлекеттік тілді оқытудың Жол картасы бар.
Биыл үш тіл (қазақ, орыс, ағылшын) бойынша барлығы 4 000-нан аса тыңдаушы тегін оқу курстарымен қамтылды. Соның ішінде мемлекеттік тілге оқыту курстарына 3 100-ге жуық тыңдаушы қатысты. Әр ауданда және Тараз қаласында қазақ тілін грамматикасыз үйретуге, сөйлеу мәдениетін жетілдіруге арналған «SŐILE» клубы ашылған. Клуб мүшелерне айына бір рет әртүрлі алаңда, мысалы, музейлерде, орталық саябақтарда, театрларда, кітапханаларда қазақ тілін еркін форматта үйретеді. Өз бетінше тіл үйренемін деушілерге «QazONLINE» айдарымен қазақ тілін тез үйренуге бағытталған бейнесабақ әлеуметтік парақшаларда тұрақты жарияланып тұрады.
Бұдан басқа мемлекеттік тілді қолданудың аясы мен сапасын арттыруға бағытталған әлеуметтік желіде 5 жоба жүзеге асырылуда. Олар – «Tarazlatyn», «Сауаттылық time» және «Мен қазақша сөйлеймін», «Termindi bil», «Til bailyq» жобасы.
– Өңір тұрғындарының және мемлекеттік қызметкерлердің қанша пайызы мемлекеттік тілді меңгерген? Жалпы сіз жетекшілік ететін мекемеде осындай статистика бар ма?
– Облыс тұрғындарының тілдік ахуалына 2021 жылы жүргізілген әлеуметтік сауалнаманың нәтижесі бойынша, мемлекеттік тілді меңгерген халық 85 пайыздан жоғары. Қазақ тілін білетін өзге ұлт өкілдері де аз емес, біздің тілді олардың 70 пайыздайы түсінеді, оқиды. Облыс аумағында мемлекеттік қызметшілер мемлекеттік тілді толық меңгерген деп айта аламыз. Жыл сайын «Қазтест» жүйесі арқылы мемлекеттік қызметке үміткерлердің мемлекеттік тілді білу деңгейі анықталады. Бірақ «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» Заңында мемлекеттік қызметшілердің мемлекеттік тілді білуіне қатысты ешқандай талап қойылмаған. Сондықтан бос мемлекеттік әкімшілік лауазымдарға жарияланған конкурстарға қатысушылардан мемлекеттік тілде немесе орыс тілінде эссе жазу ғана талап етіледі.
– Біз қазір цифрлық дәуірге қадам басып отырмыз. Осы мүмкіндікті пайдаланудың артықшылығы мол. Мемлекеттік тілді үйренемін деушілерге арналған мобильді қосымша немесе соған ұқсас қандай да бір дүние жасалған ба?
– Мемлекеттік тілге үйретуде оқыту курстарынан басқа да қолайлы жағдайлар туғызу – басты назарда. Осы мақстатта тіл үйренудің IT жобасы – «QazOnline» мобильдік қосымшасын әзірледік. Қазақ тілін қарапайым деңгейде (А1) үйренудің 16 сабағынан тұрады. Қосымшаны кез келген адам «Play Market» арқылы ұялы телефонына жүктеп алып, пайдалануына болады. Қазіргі уақытта А2, В1, В2 деңгейдегі сабақтары әзірленуде.
– Мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейтуде басқарма тарапынан бөлек жекелеген адам немесе қоғам не нәрсеге мүдделі болуы керек?
– Алматы жұртшылығымен кездесуде ел Президенті Қ.Тоқаев: «Өз тілімізді өзіміз ұлықтауымыз керек. Бұл – өте дұрыс. Бірақ өзге тілден бас тартуға болмайды. «Өз тілің бірлік үшін, өзге тіл тірлік үшін» деген сөз бар. Біз тіл саясатын байыппен жүргізуіміз керек. Сонда ғана көздеген мақсатымызға жетеміз. Қазақ тілін пайдаланып, саяси ойындар жүргізудің қажеті жоқ. Осындай теріс түсініктер кейбір елдерді қасіретке ұшыратты», деді.
Шындығында, алдымен қазақ тілін өзіміз ұлықтауымыз керек, сөйлеуіміз керек. Мысалы, басқарма қызметкерлері биыл халық жаппай шоғырланатын нысандар мен қызмет көрсететін орталықтарға барып, тіл туралы заңның талаптарын түсіндірді. Барлығы 86 кездесу (7 сауда үйі, 6 дәріхана, 4 дүкен мен салондар, 24 кәсіпорын мен 45 басқа да бизнес өкілдері) өтті. Бұл жерде екі нәрсенің куәсі болдық. Біріншіден, әрине, мемлекеттік тілде қызмет көрсете алмайтын қызметшілер кездесті. Оларға тегін тіл үйренудің мүмкіншіліктерін түсіндіріп, ондай мекемелерде қысқамерзімді «Тілашар» курстарын аштық. Жалпы кәсіп иелері, сатушылар тарапынан түсінушілік бар. Екіншіден, тұтынушы өзіміз қазақ тілінде қызмет алуды ұмытамыз.
Нотариаттық іс-әрекеттерді жасау кезінде де осы жағдай. Нотариустарда барлық рәсімделетін құжаттардың мемлекеттік тілдегі нұсқалары бар бола тұра тұтынушылар көбінде құжаттарын мемлекеттік тілде емес, яғни ресми тілде рәсімдейді. Сондықтан облыстық нотариустар палатасымен бірге өңірде жұмыс істейтін 182 нотариусқа тіл туралы заңнамалардың талаптарының сақталуы, басымдылықты барынша мемлекеттік тілге беру туралы әдістемелік көмектер көрсеттік. Әрине, тұтынушы қай тілде қызмет аламын десе өз еркі. Бірақ неге мемлкеттік тілде алмаймыз? Бұл ретте айтар едік, қоғам, әрбір қазақстандық мемлекеттік тілдің қолдану аясының артуына мүдделі болу керек.
Тағы бір назар аударылып отырған мәселе – ол қызмет көрсету орталықтарында бақылау-касса аппараттары арқылы жасалатын операциялардың тілі. Бақылау-касса аппараттары арқылы жасалатын операциялар тіл туралы заң талаптарына сәйкес жүргізілуі қажет. Осы ретте сауда нүктелері, банктер, әуежайлар мен қоғамдық орындар (асхана, дәмхана, мейрамхана, дәріхана, театр, кинотеатрлар және тағы басқасы) қамтылды. Барлығы 53 нысан иелеріне касса аппараттарында мемлекеттік тілдегі операциялардың болуы қажеттігі түсіндірілді.
– Еңбек жолыңызды білім беру саласында қызмет етуден бастап, осы салада сатылап өсіп, бір жылдары облыстық білім басқармасына да басшылық еттіңіз. Негізінде тәуелсіздік алғалы бері қазақ елінің білім жүйесі реформадан көз ашпай келе жатқанын, бұл сала әлі күнге сынақ алаңына айналғанын ел айтып жүр. Бәсекеге қабілетті, білімді ұрпақ тәрбиелеуде Қазақстанның білім беру жүйесінің алдында қазір қандай маңызды міндеттер тұр?
– Өзіңіз айтқандай, тәуелсіздік алғалы білім саласында өте үлкен өзгерістер орын алды. Қаншама заманауи мектептер, балабақшалар салынып жатыр. Жетістіктер де аз емес. Реформалар да жасалып жатыр. Білім беру жүйесінің өзекті бағыттарын Мемлекет басшысы биылғы қыркүйектегі Жолдауында айқындап берді. Мысалы, биылдан бастап орыс және ағылшын тілдерін оқыту бастауыш қазақ сыныптарында тоқтатылды. Жоғары сыныптарда жаратылыстану-математикалық бағыттағы пәндер мен ағылшын тілін оқытуды күшейту қажеттігін атап өтті. Әлем меңгеріп жатқан тілді біз де меңгеруге тиіспіз. Бұл – өте қажет дүние. Цифрлық Қазақстан қоғамын құруға ұмтылып жатырмыз. 2025 жылға дейін жайлы мектептер салынбақшы.
Жалпы кез келген реформа қоғамда бірден қабылданбайды. Міндетті түрде сын болады. Қарама-қайшылықтардан, қиындықтардан жаңа даму туындайтын заңдылық та бар. Сондықтан заман өзгерген сайын білім саласы, тек білім емес, кез келген салаға өзгерістер қажет. Жүргізілген реформалардың тиімділігін, әрине, уақыт көрсетеді. Бірақ осы жерде айтарым, жаңашылдықты жүзеге асыру педагог мамандардың сапасына тікелей байланысты. Жаңаша ойлайтын, оқыту мен тәрбиенің жаңа технологиясын күнделікті жұмысында қолданатын мұғалім болмаса, сапалы білімге қол жеткізу мүмкін емес. Үнемі ізденіс керек. Қазір кез келген адам ҰБТ тапсырып, мұғалім бола бермейді. Орташа балл – 100. Осыдан біраз жыл бұрын 50 балл жинаған үміткер мұғалімдікке оқуға түсетін. Жақсы мұғалімдер облыста баршылық, оған дәлел – сол мұғалімдер оқытқан оқушылардың жетістіктері.
– Кез келген адамның маңайына сыйлы болуы оның айлықақысының аздығы не көптігімен өлшенбейтіні белгілі. Ұстаз өз мәртебесін арттыруда қандай қасиетке, нендей артықшылыққа ие болуы қажет?
– Дұрыс айтасыз, адамның қоғамда орны оның ақшасымен, байлығымен өлшенбейді. Мінезімен, ақыл-парасатымен, істеген ісімен өлшенеді. Елімізде мұғалім мәртебесін өз тұғырына қондыруды мақсат еткен арнайы заң бар. Онда педагогтардың бірқатар әлеуметтік мәселелерін шешу тетігі, жалақы төлеу, жұмысқа қабылдау тәртібі көрсетілген. Қай уақытта да, қай салада да еңбектің лайықты бағалануы маңызды. Соңғы жылдары мұғалімдердің жалақысына да түрлі үстемелер қосылып, көбеюде. Жоғары айлық алғысы келсе, мұғалім сапалы білім беріп жүргенін дәлелдеуі керек. Әрине, бұл мұғалімдердің мәртебесін көтеруге жасалған қадам және мектепке білімді мамандарды тартуға мүмкіндік беру жолы. Сол заңда мұғалім қызметіне қоятын талаптарды күшейту де белгіленген. Сондықтан мұғалімдердің мәртебесі дегенде, ең әуелі, ойға ұстаздардың оқушы алдындағы беделі, ата-ана алдындағы абыройы оралады. Ал абырой өзінен-өзі келмейді. Ол үшін қалтқысыз еңбек ету керек. Сонда ғана қоғамдағы орның жоғалмайды.
Әр оқушы мұғалімге қарап бой түзейді. Оның жүріс-тұрысына еліктейді. Бәріміз солай өстік. Ең алдымен мұғалім мамандығын таңдаған адам өз пәнін, өз мамандығын шексіз жақсы көруі керек деп ойлаймын. Сонда барып мұғалім жұмысының рақатын өзімен қоса, шәкірттерге де сездіре алады. Ағылшын ағартушысы айтқандай: «Жай мұғалім хабарлайды, жақсы мұғалім түсіндіреді, керемет мұғалім көрсетеді, ұлы мұғалім шабыттандырады». Демек, мұғалім ақылшы, жол сілтей алатын, үнемі жаңалыққа ұмтылатын, педагогикалық шеберлігі жоғары, рухани дамыған тұлға болуы керек.
Бұл жерде тағы да бір екінші мәселе бар. Осы күні мұғалімге дөрекілік көрсететін, балағаттаудан тайынбайтын оқушылар көптеп кездесетін болды. Баласының сөзін сөйлеймін деп мектепті орынсыз кінәлап, мұғалімдерді жерден алып, жерге салатын ата-аналар да баршылық. Бұл ата-анаға да, ұстазға да, екеуінің арасында жүрген оқушыға да ешқандай пайда әкелмейді. Әр ұстаз алдындағы шәкіртін жаман болсын демейді. Сол бала жақсы болсын десек, ұстаздың жағасына жармаспағанымыз дұрыс.
– Он жылдан аса облыстың идеология саласында еңбек еттіңіз. Қазір әділетті Қазақстан құрылу үстінде. Екінші республикаға аяқ басқан қазақ қоғамы жаңа сапаға өтуі үшін қолға алынған жаңа идеология халыққа қызмет істеуі керек. Бұл тұрғыда біз істі неден бастауымыз қажет?
– Соңғы үш жылда еліміздегі Конституциялық реформалардың куәсі болдық. Жақында ғана ел Президенті саяси және әлеуметтік жүйелерді жаңғыртуға бағытталған бірнеше заңға қол қойды. Бұл заңдар Президенттің өкілеттіктерін биліктің басқа институттарына қайта бөлуге, биліктің өкілді тармағын қайта форматтауға, сайлау жүйесін жетілдіруге ықпал етеді. Мемлекет басқару ісіне азаматтардың қатысуына жол ашуға мүмкіндіктер туып отыр. Мұның бәрі де әділетті Қазақстанның негізгі принциптері. Біз бәріміз қоғамда өмір сүреміз. Барлық тіршілігіміз де, іс-әрекетіміз де қоғамда өтеді. Сондықтан әділетті Қазақстанды әр азамат өзінен бастауы керек. Әр басшы, әр маман, әр адам өз ісіне адал болуы керек. Жақсы қоғамға сәйкес мінез-құлықпен өмір сүру маңызды.
– Ішкі саясаттың басым бағытының бірі – мемлекет халықтың, тұрғындардың қандай қажеттілікке зәру екенін анықтау, сол бойынша жұмыс жасау. Егер қоғамда жұмыссыздық, қымбатшылық, халық талабын ескермеу секілді өзекті мәселелердің белең алуына жол берілсе, оның соңы дүрбелеңге, дағдарысқа, ішкі тұрақтылықтың бұзылуына әкеліп соғады. Бұған Қаңтар оқиғасы анық дәлел. Қазір мемлекетіміздің шынайы өзгеріске бет бұрып жатқанын халық санасына сіңіруде облыстағы идеологтардың жұмысы талап үдесінен шығып жатыр ма?
– Сұрағыңыз қызық екен. Менің өзім де идеология деген ерекше саланың бір бағытына басшылық жасап отырмын. Бағаны облыс тұрғындары беру керек деп ойлаймын. Біздің облыста идеологиялық жұмыс саласында бірқатар оңды істер атқарылып жатыр. Республиканың, облыстың белгілі тұлғаларының мерейтойларына арналған іс-шаралар өтуде. Көптеген ақын-жазушылардың кітаптары жарық көруде. Жастар арасында мәдениетті, тілімізді, дәстүрімізді сыйлау, құрметтеуге-дәріптеуге бағытталған, оларды қазақстандық отансүйгіштікке тәрбиелеу бойынша қанашама дүниелер жасалуда. Этносаралық жарастықты нығайту, қоғамның тұрақтылығы мен азаматтық келісімді сақтау жұмыстарына өңірлік Қазақстан халқы Ассамблеясы, азаматтық қоғам институттары атсалысуда. Соның бәрін халыққа жеткізіп отырған мына сіздерсіздер. Яғни ақпараттық, қоғамдық-саяси бағыттағы жұмыстар тоқтап тұрған жоқ.
Әрине, жұмыс болған соң сын айтылады. Бірақ кез келген жергілікті атқарушы орган халықпен бірлесіп түйткілді мәселелерді шешуге, ұсыныс-пікірлерді тыңдауға дайын деп айта аламын.
– Қандайда бір өзгерістер мен жаңашылдықтар озық ойлы жастардың қолымен жасалатыны белгілі. Осы орайда жастар қауымына не айтасыз?
– Жастар әр уақытта да жақсы. Жастар көрмегенін көріп, бармаған жеріне барып жүр. Ата-бабаларымыз аяқ баспаған жерге барып, оқып та жатыр, білім алып, тәлім-тәрбиесін де көріп жатыр. Бірақ соның тұщысын алып, ащысын қабылдамасын. Ата-бабаларымыздан үзілмей келе жатқан керемет қасиеттерімізді ұмытпай, ескімізді жоғалтпай, бірақ заманға сай өмір сүріп, заманмен ілесе жүрсін.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан Нұрым СЫРҒАБАЕВ