Жауапты әрі сауапты қадам
Ұрпағын ұлы іске ұйытып, өзі де өнегелі із қалдырған қазақ халқының көп дәстүрі ислам дінінен тамыр алғаны белгілі. Өйткені кісіге қиянат қылмау, жоқ-жітікке қарайласу, обал мен сауап, тазалық пен тектілік шариғатта көп мәрте ескертілген.
Қазіргі таңда осы істі жалғастырып, үлкен институт болып отырған іргелі ұйымның бірі – Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы екені ақиқат. Басқарма тәуелсіздік алғалы бері өркенін жайып, руханияттың дамуына айтарлықтай үлес қосып келеді. Әсіресе соңғы кездері қайырымдылық жасауды әдетке айналдырып, қалталы азаматтар мен қарапайым жандардың арасына алтын көпір орнатып отыр.
Мұндай шуақты шаруалар Шу өңірінде де өтіп жатқаны бізді қуантады. Отыздан аса мешіті бар ауданның бас имамы Бахтияр Амантайұлы он айдың ішінде оңды істердің атқарылғанын жеткізді. Мәселен, мешіт имамдарының басты бағыты болған уағыз-насихат саны 239 болса, оған құлақ түрген жамағаттың ұзын саны 4 500-ге жеткен. Бас имамның айтуынша, бұл бағыттағы жұмыстар жалғасын таба бермек. Сол секілді жалпы құны 29 938 650 теңге болатын қаражатқа 1 644 отбасыға қайырымдылық жасалған. Айтарлықтай алғыстар айтылатын шаралар Рамазан айында, атаулы күндерде жиі өтетін көрінеді.
Жалпы мұсылмандар арасында ғалымдар мен ғұламалар көп шыққаны белгілі. Олардың түрлі салада жаңалық ашып, адамзат игілігіне арналған дүниелер жасағанын да өмірде көріп жүрміз. Барлығына білім арқылы қол жеткізгендіктен оқу-ізденістің орны бөлек. Қаңтар мен қазан айлары арасында аудан мешіттерінен 180 ер, 85 әйел кісі білім алған. Бұл сандар аз болып көрінгенімен, арғы жағында біршама уақыт пен төзім жұмсалғанын айта кеткен жөн. Соған қарамастан, имам-молдалар ағарту жұмыстарын жандандыра түсуге ынталы.
Қазіргі таңда мешіт имамдарынан талап етілетін басты жұмыс – жамағатты теріс діни ағымдардан арашалау, білімсіздіктен ерген азаматтарды оңалту екені сөзсіз. Сондықтан бұл бағытта да айтарлықтай істер баршылық. Бас имам ұсынған мәлімет бойынша, теріс діни ағымдардан аулақ болу, олардың сипатын тану бағытында 56 іс-шара өткен. 33 азаматпен жеке кездесулер өтіп, әңгіме жүргізілген. Жұмыстар нәтижесінде 3 адам бастапқы ойынан қайтқан.
– Көпшілік – мешіттің көркі. Көп істер жаны жайсаң, жүрегі жомарт жамағаттың жұмылуымен бітеді. Бүгінге дейін соңына жеткен жұмыстарда демеушілердің үлесі зор. Сол секілді мешіт имам-молдалары да қал-қадірінше еңбек етіп, ел руханиятына үлес қосып келеді. Біз қолымыздан келген бар жұмысты аянбай жасап, Алла разылығына жету үшін тер төгетін боламыз. Жыл басынан жасалған жұмыстар жаман емес. Алдағы уақытта оны жалғастыра беру ойымыздағы іс, – дейді Бахтияр Амантайұлы.
Байжан Емберді, журналист, Шу ауданы