Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Табиғатынан текті, тумысынан табанды Маржан

Табиғатынан текті, тумысынан табанды Маржан
ашық дереккөз
Табиғатынан текті, тумысынан табанды Маржан
Ел басына күн туғанда ерлермен бірге атқа қонып, жауға атой салған қайсар қыздар қазақта аз болмаған. Тарихқа үңілсек, ғұн, сақ дәуірінен бастап кешегі дәстүрлі дала мәдениеті мен бүгінгі заманда да әйелдердің қоғамдағы маңызды рөлі жоғары болды. Бір кездегі жаугершілік заманда да, кешегі Екінші дүниежүзілік соғыс пен Желтоқсан көтерілісінде де нәзікжандылардың ұлт үшін суырылып алға шығып, ерліктің ерен үлгісін көрсетуі осы сөзімізге дәлел болады. Шындығында ерлік, өрлік, көрегенділік, даналық іспетті ұғымға келгенде қазақ қоғамы әйелдерді етектен тартпаған. Кімде қандай қабілет бар, оны ұлт мүддесіне жаратуда барынша мүмкіндік берілген. Қазіргі кезде де әр ісі даналыққа толы, ұлт үшін үйде қарап отыра алмайтын, қауымдасып күн кешуде де, отбасылық өмірде де «мынау ердің, мынау әйелдің жұмысы» деп бөліп-жармайтын қыз-келіншектер арамызда жетіп артылады. Біз сөз еткелі отырған қаршадай қыз – ҚР Қарулы Күштерінің сапында қызмет етіп жүрген ефрейтор Маржан Едіге. Ол Жуалы ауданында орналасқан 91 678 әскери бөлімі қаржы қызметінің аға маманы. 1993 жылы Тараз қаласында дүниеге келген Маржан 2015 жылы Астана қаласындағы Қазақ инженерлік-техникалық академиясында қаржыгер-экономист мамандығы бойынша білім алған. Айтуынша, әскери өмірдің тыныс-тіршілігі қандай болатынына бала күнінен қанығып өсіпті. – Өзім мектеп жасында-ақ еліміздегі ең үлкен әскери гарнизондардың бірі – «Отар» 40-әскери базасы аймағында анамның әскери қызметші болуына байланысты сол жақта тұрдық. Анам жұмысына барарда күнделікті әскери формасын кигенде өзіне жараса қалатын. Мен сол кезде қызыға қараушы едім. Менің үлкен арманымың бірі – Әлия Молдағұлова, Мәншүк Мәметова апаларым сияқты қазақтың батыл, қайсар тұлғасы болу. Сол кісілердің өмір жолы, тарихы менің әскери салада еңбек етуіме түрткі болды. Жас кезімнен бастап әскерилердің мінездерінің қайраттылығына, жүріс-тұрысына тәнті болып, өздерін ел алдында мәдениетті ұстауына, киім киісі мен киім үлгілеріне өте қатты қызығып өстім. Жоғары оқу орнын бітіре сала әскери бөлімге жұмысқа орналастым. Қазіргі таңда қызмет атқарып жүрген әскери бөлімім қазақтың ержүрек батыры, ұлы қолбасшы Б.Момышұлы атындағы ауылда орналасқан. Нақты айтқанда, Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің алдыңғы қатарындағы әскери бөлімде 2018 жылдың 1 наурызынан бастап өзімнің 5 жыл бойы оқып білім алған мамандығым бойынша 91 678 әсери бөлімінің қаржы қызметінің аға маманы, (бухгалтер) қызметін атқарып келемін. Негізі әскери қызметші болуымның себебін балалық шақтағы арманымның орындалуымен байланыстырамын. Бұл ретте маған үлгі бола білген адам анам екенін айтқым келеді. Отбасымызда 4 адамбыз. Әкем, анам, әпкем және үйдің кенжесі мен. Отбасымызда жақын туыстарым, анам әскери қызметті таңдағаннан кейін әпкем де заң қызметкері болуды мақсат етті. Анам қазіргі таңда әскери зейнеткер, үйде бейнетінің зейнетін көріп отыр. Қандай да бір жұмыстың өз қиындығы болатыны белгілі. Соның ішінде әскери қызметші болу, өз міндетіңді мінсіз атқару, еліміздің армиясын ел-жұртқа дұрыс жағынан көрсету, әскеріміздің мәртебесі биік, айбыны, абыройы асқақ болуы үшін тер төге білу оңай іс емес. Қызмет барысында қиналған да, жетістікке жетіп қуанған да кездерім болды. Бұл салада мынау ер, мынау әйел деп ешкімге жеңілдік берілмейді. Форма киген адамдардың барлығы бірдей жауапкершілік арқалайды, – деді ол. Әскери салада ауа райының қолайсыздығына қарамастан түрлі оқу-жаттығулар, экстремалды жағдайларда іс-қимылдар болып тұратыны белгілі. Маржан Мұхтарқызы әскери бөлім таулы-егерьлі полк болғандықтан арнайы мақсаттағы барлаушы әскери қызметкерлердің нұсқауымен қауіпсіздік ережесін қатаң сақтай отырып, жасанды өрмелеу қабырғасына шығатынын да сөз етті. Олар бұрымды әскери қызметшілерге жартасқа қалай өрмелеу қажеттігі жөніндегі әдіс-тәсілдерді жалықпай үйретеді. Кейіпкеріміз қайта бейімдеуден өтудің де оңай еместігін тілге тиек етті. Осыған қарамастан әскери өмірдің қиыншылығына қарағанда өз қызығы басымырақ дейді ол. Қайсар қыздың ату, оқу-жаттығу, саптық жүріс, қорғаныс сабақтарынан үйренгені көп. – Әскери қызметші болғаныма өте қатты қуанамын. Өз ісімді жақсы көремін әрі осы жинаған тәжірибемді ел мүддесіне жұмсау, өз ісімді дамыту, жақсарту, сенім үдесінен шығу, жұмысыма жауапкершілікпен қарау – міндетім. Жалпы қай елдің, қай өңірдің әскеріне болсын нәзік жанды әскери қызметшілер де қажет деп ойлаймын. Өйткені ерлерге тән мінезді, ерлікті, даналықты әйелдер де көрсете алады, – дейді М.Едіге. Бұл полкте қызмет атқаратын әскери қызметшілер, Отан алдындағы борышын атқарып жатқан сарбаздар ынталы, жігерлі және өз елінің нағыз патриоттары. Маржан да өз Отанын, өз елін, өз жұмысын сүйетін жан. Мәселен, 91 678 әскери бөліміндегі дене дайындығы және спорт қызметінің бастығы, майор Даурбек Жүнісбаев Маржанның осы уақытқа дейін көптеген әскери оқу-жаттығуларға, әртүрлі спорттық жарыстарға қатысып үлгергенін, көрсеткен нәтижесі көңіл көншітетінін сөз етті. – Маржанның жүлделі орындарға ие болып, әскери бөлімнің мерейін өсірген сәттері аз емес. Негізінде осы салада әскери және спорттық жарыстың өтіп тұруы заңдылық. Себебі әскери қызметтегі адам ол әйел немесе ер адам болсын ең алдымен физикалық тұрғыда мықты болуы шарт. Маржанның алғашқы әскери спорттық жарысы 2018 жылдары басталған. Ең алғашқы бақ сынауы Макаров тапаншасымен нысананы көздеп ату сыны еді. Сол сайыста біздің әскери командадан 2 адам қатысып, команда ІІ орыннан көрінді. Бұл жерде Маржанның да сіңірген еңбегі айрықша. Одан кейін де жүгіру, автоматпен, пистолетпен нысананы дәлдеп ату, суда жүзу, гранатаны арақашықтыққа лақтыру сияқты сан түрлі жарыстарға қатысып, жүлделі орындарға ие болған, – деді Даурбек Сардарбекұлы. Маржан Мұхтарқызы ең алғаш «Офицерлік үшсайыс» жарысы кезінде алған марапаты өзіне өте ыстық көрінетінін мақтанышпен әңгімеледі. Себебі сол жарыста ереже бойынша «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының әйел әскери қызметшілері арасында Макаров тапаншасымен нысананы көздеп ату, белгіленген арақашықтыққа уақытқа жүгіру, жүзу талаптарын сәтті орындап І орын алған еді. Осылайша аталған әскери қолбасшылықтың арнайы мадақтама грамотасы мен медаліне ие болыпты. Одан кейін де далалық өлкелерде кедергілермен жүгіру және әртүрлі жағдайларда әскери қызметшілердің қызығушылығын арттыратын жарыстарда абырой биігінен көрінген. Әскері мықты елдің әлеуеті де жоғары болатыны белгілі. Бұл ретте елдің ішкі тұрақтылығының қалыпты жағдайы мен қорғаныс саласының мықты болуына әскери саладағы қызметкерлердің қосып жатқан үлесі мол. Оның ішінде өз міндетін абыроймен атқарып жүрген қыз-келіншектердің еңбегі елеулі. Табиғатынан текті, тумысынан табанды әйелдер барда қазақ елі, қазақ қоғамы өркендей беретіні сөзсіз.

Нұрым СЫРҒАБАЕВ

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар