МЕМЛЕКЕТ ШАҢЫРАҚ БОЛСА, ӘСКЕР – УЫҚ
Әскерге бару, елінің сарбазы болу әрбір ер жігіттің туа біткен арманы болуы тиіс. Тіпті
бұл – бұлжымас қағида, жалтармас міндет. Алайда соңғы кезде жастар арасында әскерге барудан бас тартатын, тіпті әскери міндетін өтеуден босатылу үшін түрлі амал-айла қарастыратын өрендер де кездесіп жатыр
Оның ішінде кейбірі үйленіп алса, кейбірі медициналық тексерістен «өте алмай қалады» екен. Тіпті әскери есепке алу құжатын әдейі жоғалтып жіберетіндер де бар көрінеді. Мейлі, қалай болмасын әскерден қашуды, түрлі себептермен жалтаруды ойлап табатындар азаймай тұр. Алайда барлық жастар әскерден қашып жүр екен деген теріс түсінік қалыптаспау керек. Осыдан бірер жыл бұрынғы мәліметке қарағанда, жылдан-жылға әскерге барудан жалтару фактілері де азайып келеді екен. Біздің бұл сөзімізді облыстық қорғаныс істері жөніндегі департамент өкілдері де растап отыр.
– Биыл күзгі шақыру кезінде облыстан 1300-ге тарта азамат әскерге шақырылады. Оның ішінде 500-і Қарулы Күштерге, 500 бала Ұлттық ұланға, 230 сарбаз шекара қызметіне жіберіледі. Сондай-ақ қазіргі таңда облыстан арнайы әскерден жалтару ойымен шетел асып қашып кету сияқты деректер тіркелген жоқ. Өйткені шетел асып кетсе де олардан әскери билет талап етіледі. Бір жағынан, ол сол елдің азаматтығын алмайынша біздің азамат болып есепте тұра береді және келген соң бәрібір Отан алдындағы борышын өтеуге міндетті. Ал әскери міндетін орындағысы келмеген азаматтардың біздің облыста көбінде ісі сотқа жетпей тоқтатылып жатыр. Оған олардың өздерінің қателіктерін мойындап, ойын түзеп, қайтадан әскерге баруға ниет білдіруі себеп.
Келесі жылдан бастап әскерге барған азаматтардың мінездемесіне, әскери борышын өтеу барысында жеткен жетістіктеріне байланысты жоғары оқу орындарында тегін оқу мүмкіндігі беріледі. Оған біздің облыстан кемінде 10 бала ілінеді деп ойлап отырмыз, – дейді облыстық қорғаныс істері жөніндегі департамент бастығының орынбасары, полковник Қасен Қарабаев.
Әскерден де жастар әдейі қашпайды. Бірі оқуына, бірі денсаулығына байланысты уақытша әскер қатарына қосылудан босатылады. Алайда әдейі қашып жүргендер де аз емес. Оның үстіне балаларын әскерге жібергісі келмейтін ата-аналар да бар екен. Оның себебін біз тұрғындардың өзінен сұрап көрдік.
– Менің балаларым әскерден қашпайды. Алайда мені балаларымның денсаулығы мен өмірі алаңдатады. Әскердегі әлімжеттік мың жерден тыйылды десек те, былтырдан бері әскери борышын өтеуге даңқпен кеткен азаматтар табытпен оралып жатты. Оны әлеуметтік желілерден өздеріңіз де көріп-біліп отырсыздар. Міне, бұл жағдай қай ата-ана үшін болса да оңай тимейді, әрі алаңдатады. Сондықтан мен баламның өміріне алаңдап әскерге жібергім келмейді. Ал егер өміріне кепілдік болса, ешқандай зорлық-зомбылық жасалмаса, әрине, жіберуге дайынбыз, – дейді Жамбыл ауданы, Айша бибі ауылының Дүйсек есімді тұрғыны.
Мемлекет те өз әскеріне деген қамқорлығын аяғалы тұрған жоқ. Әскердегілердің жағдайын барынша жақсартып келе жатыр. «Жаңа Қазақстанның» ендігі бағыты мүлдем жаңа кезеңге аяқ басқалы отырғаны да шындық. Енді әскери борышын өтегендер ҰБТ тапсырмай оқуға қабылданып, тегін оқитындай жағдай жасамақ. Естеріңізде болса, бұл сүйінші хабарды ҚР Қорғаныс вице-министрі Дархан Ахмадиев өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында жариялаған болатын.
Оның айтуынша, Қорғаныс министрлігі мен Ғылым және жоғары білім министрлігі бірлесіп, 44 жоғары оқу орнымен әскери борышын өтегендерге 3 мың грант беру туралы меморандумға қол қойылған. Меморандум шарты бойынша бір жыл әскери міндетін өтегендер жоғары оқу орындарына ҰБТ сынағынсыз қабылданады. Әрі әскери борышын өтеуде жақсы нәтиже көрсеткендері ЖОО есебінен тегін білім алу мүмкіндігіне де ие болмақ.
Шын мәнінде, әскерге бару борышын өтеу ғана емес, ол да бір мектеп. Жігіттердің жігерін шыңдайтын, жалынын жандыратын орта деп түсіну керек. Бірақ ондағы жауынгерлерде сол жігер қайтсе шыңдалады, олардың жалынын қайткенде жандыра аламыз деген ой болу керек. Мемлекет соған баса мән бергені жөн. Өз әскерінің өз Отанына деген ыстық махаббатын ояту үшін барын салу керек. Әскерге барған әр ұлан өзін Қазақстанның нағыз жауынгері болғанын мақтан тұтатындай жағдай жасалуы тиіс. Сонда ғана жастар әскерден қашудың орнына, кезекке тұрып баратын болады. Ол үшін арнайы мамандар болашақ сарбаздардың әрбірінің психологиясына қарай, дене бітімінің қалыптасуына қарай жұмыс істеп, ең бастысы Отан қорғауға деген әр азаматтың идеясын қалыптастыра білу керек. Сонда ғана уықтай жастарымыз ұлтымыздың шаңырағы – мемлекетті шайқалтпай тұратын болады.
Шапағат ӘБДІР
Келесі мақала