Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Рухымызды көтерген Қайрат оқулары

Рухымызды көтерген Қайрат оқулары
Автор
Тараз қаласы әкімдігі білім бөлімі және «Желтоқсан – 76» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен №13 орта мектепте «Қайрат деген атым бар» атты байқау өтті.

Байқау барысында жеткіншектер қаһарман тұлғаның өмір жолы мен ерлікке толы тағдырын тереңірек танып, шығармашылық мұрасына ерекше назар аударды. Оқушылардың шығармашылық қабілеттерін дамытып, эстетикалық талғамдарын жетілдіру және ұлттық құндылықтарға деген құрметін арттыру мақсатында өткен сайыста жас буынның тарихи танымын кеңейтіп, дүниетанымын қалыптастыруға ерекше мән берілді.

Өскелең ұрпаққа берері мол жиынды Тараз қалалық мәслихатының депутаты Әсел Жапарова ашып, Қайрат Рысқұлбеков пен оның қанкөйлек достары туралы әңгіме өрбітті.

Сайысқа жалпы білім беретін мектептерден 38 оқушы қатысты. Осыдан-ақ жас буынның ұлт тарихына, ел тағдырына қатысты тақырыптарға деген қызығушылығының жоғары екенін аңғаруға болады.

Байқаудың мазмұнын арттыра түсу мақсатында іс-шараға желтоқсаншылар Айтжамал Ағыбаева, Салтанат Төлеу, Света Иманқұлова, Сәуле Майкенова, Ермахан Мырзабековтер қатысып, өз естеліктерімен бөлісті.

Сонымен қатар байқау барысында ұстаздар мен ұйымдастырушылар жас ұрпаққа тарихи тұлғалардың ерлігі мен ел алдындағы қызметін үлгі етудің маңыздылығына айрықша тоқталды. Әсіресе, Қайрат Рысқұлбековтің қайсарлығы мен әділдік жолындағы күресі оқушыларға үлкен өнеге екені айтылды.

Байқау тек шығармашылық сайыс қана емес, сонымен бірге тәрбиелік мәні зор рухани кездесу алаңына айналды. Қатысушылар бір-бірінің жұмыстарын тыңдап, ой бөлісіп, тарихи тұлға туралы жаңа деректермен танысты.

Байқау қорытындысында «Кемел ұрпақ» жекеменшік мектебінің оқушысы Ердәулет Тәжібек бас жүлдені жеңіп алды. Талантымен танылған өзге де оқушылар бірінші, екінші және үшінші орындармен марапатталды.

Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар