Жаңалықтар
Елге іріткі салып, алауыздық туғызатындар өз ішімізде де, сыртта да бар - Президент
- author AR-AY
- 7 қараша, 2022
- 121
Елге іріткі салып, алауыздық туғызатындар өз ішімізде де, сыртта да бар - Президент
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Маңғыстау жұртшылығымен кездесуде еліміздің шекара мәселесінің ең соңғы түйіні осы Ақтауда шешілгенін атап өтті, деп хабарлайды Arainfo тілшісі ҚазАқпарат-қа сілтеме жасап.
«Біз күрделі геосаяси ахуалға қарамастан, сындарлы дипломатияның арқасында қауіпсіздікті қамтамасыз етіп отырмыз. Қазақстанның шекарасы заң жүзінде бекітіліп, делимитация жасалды. Жалпы, осы Ақтауда еліміздің шекара мәселесінің ең соңғы түйіні шешілді. 2018 жылы Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі туралы конвенция осында қабылданды. Біз көрші елдердің бәрімен достық қарым-қатынасты сақтап келеміз. Басқа мемлекеттерден бір ерекшелігіміз – осы. Ал, посткеңестік елдердің басым көпшілігінде түрлі дау-дамайлар мен келіспеушіліктер бар. Тіпті, ең жақын көрші елдердің шекарасында соғыс, қарулы қақтығыс болып жатыр», - деп атап өтті Президент.
Оның айтуынша, соңғы бірер айда еліміздің мемлекеттік ақпараттық жүйелеріне кибершабуыл жасала бастады. Мұндай әрекеттер, әсіресе, қазіргі науқан кезінде көп болды.
»Біз бұған жол бермейміз, жалған ақпараттың таратылуына тыйым саламыз. Біз қастерлі Тәуелсіздігімізді қорғау үшін бәріне дайынбыз. Мен бұған дейін «Ұлттық мүддені аспен де, таспен де қорғаймыз» деген едім. Бұл қағидатымыз ешқашан өзгермейді. Елдегі тұрақтылық пен қауіпсіздікке айналамыздағы геосаяси ахуалдан бөлек, өз ішіміздегі ахуал да айрықша әсер етеді. Елге іріткі салып, алауыздық туғызатындар өз ішімізде де, сыртта да бар. Әр нәрсеге немқұрайлы қарап, жайбарақат жүруге болмайды», - деп түйіндеді Мемлекет басшысы.
Фото:t.me/bort_01
Келесі мақала