Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

ЖОМАРТ ПЕНДЕНІҢ ДӘРЕЖЕСІ МЕН САУАБЫ

ЖОМАРТ ПЕНДЕНІҢ ДӘРЕЖЕСІ МЕН САУАБЫ
ашық дереккөз
ЖОМАРТ ПЕНДЕНІҢ ДӘРЕЖЕСІ МЕН САУАБЫ
Алла Тағалаға сансыз мадақ, ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафаға, оның отбасы мен барлық сахабаларына салауаттар мен сәлемдер болсын! Ассаламуалейкум уа рахматуллаһи уә бәрәкәтуһ! Қадірменді жамағат, құрметті бауырлар, баршаңызға күндердің төресі қасиетті жұма мүбәрак болсын!  Пендені Жаратушының сүйіспеншілігіне, адамдардың алғысына бөлейтін істердің негізгісі – жомарттық. Жомарттық деп адам баласының мал-дүниені ізгілік жолында ауырсынбай, кең пейілмен сарп етуі айтылады. Алла Тағала қасиетті Құранның «Бақара» сүресінің 3-аятында: «Олар ғайыпқа иман келтіреді, намазды толық орындайды, өздеріне берген несібемізден (Алла жолында) жұмсайды», деп айтқан. Қазақ халқында жомарт адамдарды «Қолы ашық жан», «Атымтай жомарт», «Дарқан көңілді адам» деп құрметтеп, түрлі атаулармен атаған. Ата-бабаларымыз «Кең болсаң – кем болмайсың» деп, ұрпағына әрдайым кеңпейілді болуға, қолында барымен өзгелермен бөлісіп, жәрдемдесуді өсиет еткен. Айталық, ұлының атын «Жомарт» деп қоюы да ата-бабаларымыздың жомарттықты қаншалықты қастерлей білгендігінің көрінісі. Ислам ғұламалары жомарттықты бірнеше сатыларға бөледі: 1. Сахауат. Мал-мүліктің бір бөлшегін беру арқылы жасалған жомарттық. Бұл жомарттықтың ең төменгі дәрежесі ретінде қабылданған. Бұған зекет беру кіреді. 2. Жуд. Дүние-мүлкінің көбісін беріп, азын өзіне алып қалу арқылы жасалған жомарттық. Хазіреті Әбу Бәкірдің Ислам жолында жасаған жомарттығы осыған жатқызылады. 3. Исар. Өзіне қажет бола тұра, өзгелер үшін беру арқылы жасалған жомарттық. Бұл – өзгелерге өмір сыйлағанмен бірдей. Қасиетті Құран аяттары мен ардақты Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадистерінде жомарт жандарға берілетін көптеген артықшылықтар жайында баяндалған. Солардың негізгілеріне тоқталатын болсақ, мынандай: Бірінші. Жомарт жанның мал-дүниесіне береке кіреді. «Қолы ашықтың жолы ашық» демекші, жомарт адамның мал-дүниесіне, жасайтын кәсібіне береке кіреді. Себебі жомарттық – Алла Тағаланың берген мал-дүниесіне деген шүкірліктің ең үлкен көрінісі. Сол себепті өзіне берілген мал-дүниеге шүкірлік ретінде өзгелерге жәрдемдесіп, қол ұшын беріп, жомарттық танытқан пенденің ризық-несібесі молайып, одан әрі арта түсетін болады. Алла Тағала қасиетті Құранның «Ибраһим» сүресінің 7-аятында: «Егер шүкір етсеңдер, арттыра беремін. Ал егер қарсы келсеңдер, азабым тым қатты», деп айтқан. Екінші. Жомарт жандар ақыретте мол сауапқа кенеледі. Жүрегі жомарт, өзгелерге әрдайым жәрдемдесетін адам шексіз сауаптарға кенеледі. Алла Тағала қасиетті Құранның «Бақара» сүресінің 274-аятында: «Мал-дүниелерін түнде де, күндіз де жасырын және жария түрде Алла жолында жұмсайтындардың сыйы – Раббысының қасында (дайын). Оларға қорқу мен қайғы болмайды», деп айтқан. Тәпсірде: «Алла Тағала тарапынан айтылған бұл мақтау – Оның жолында, Оның ризалығын көздеп, күндіз бен түннің барлық уақытында, түрлі жағдайларда жасырын және жария түрде дүниелерін жұмсаушыларға қатысты айтылған», делінеді. Үшінші. Жомарттық Алла Тағаланың кешіріміне бөленеді. Қасиетті Құранда «садақа беру» деген сөз «Алла Тағалаға қарыз беру» деген баламада қолданылған. Өйткені Алла Тағала садақа берушінің сауабын қияметте еселеп қайтарып, сол ісі арқылы күнәларын да кешіреді. Қасиетті Құранның «Тағабун» сүресінің 17-аятында: «Егер Аллаға көркем қарыз берсеңдер, (тиісті орынға мал сарп етсеңдер) оны сендер үшін неше есе арттырады әрі сендерді жарылқайды. Алла шүкірлікті бағалаушы, өте жұмсақ», деп айтылған. Төртінші: Жомарт жан адамдардың алғысы мен сый-құрметіне бөленеді. Адамдар арасында сүйіспеншілік орнаудың бір жолы – олардың өзара бір-біріне жәрдемші болуы. Осыны ескерген мұсылман адам барынша адамдарға көмек қолын созуға, әсіресе дос-жараны, туыстары мұқтаж болған кезде оларға бірінші болып жәрдемдесуге тырысуы қажет. Қадірменді жамағат! Өзге адамдарға жәрдемдесіп, қол үшін беруші адамға дүние-ақыретте берілетін сауаптар өте мол. Алла Тағала қасиетті Құранның «Бақара» сүресінің 261-аятында: «Алла жолында мал сарп еткендердің мысалы – жеті бірдей масақ шығарған, әр масағында жүз дәні бар дәнек тәрізді. Әрі Алла кімге қаласа, неше есе арттыра береді. Алла тым кең, әр нәрсені білуші», деп мысал келтірген.

«Жұма уағызын» жүргізген облыстық «һибатулла Тарази» мешітінің найб имамы Ержан АМАНБАЕВ

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар