
Таяу Шығыста белең алған лаңкестік әрекеттeрімен танылған «ДАИШ» халықаралық террористік ұйымы әлeуметтік медиа және ғаламторлық тeхнологиялық қосымшаларды пайдалану арқылы өзге елдерден келген содырлармен қатарын көбейтті. Әлем бойынша ұйымдарға қосылушылардың 80 пайыздан астамы – ғаламтор арқылы арбалғандар. Деструктивті діни ағымды ұстанушылардың басым көпшілігін жастар құрайды. Олар діни ағымдарға рухани азық іздеп кіріп жатқаны да қаперден шықпауы керек. Әсіресе олардың негізгі нысанасы әлеуметтік жағдайы мен дүниеге деген көзқарасы толық қалыптаспаған жастар болып табылады.
Ғаламтор желісінде деструктивті діни ағым насихатшысының белгілері көп. Деструктивті мазмұнда уағыз жүргізетін азаматтар мейлінше бет-бейнесін көрсетпеуге, аты-жөнін жасыруға тырысады. Сонымен қатар жат ағымның уағызшылары агресивті мінез көрсетіп, өзге дін өкілдеріне қаттылық танытып, өзін және жақтастарын ғана дұрыс жолда санап, басқаларды күпірлікпен айыптайды. Көп жағдайда туған елден «мұсылман» мемлекетіне көшуге шақырады. Қоғамда тек мұсылмандар өмір сүруі керек деген ойға алып келеді және қажет болған жағдайда қолға қару алып, жергілікті жүйені күшпен өзгертуге шақыратындары да болады.
Сондықтан елдің, ұлттың, халықтың тұтастығын сақтап қалу үшін өздерін ғана ақылды санайтын жат ағымдардан барынша сақтану қажет. Ұлттық құндылықтарды насихаттау, салт-дәстүр мен әдет-ғұрыптарымызды ұлықтау – жастарды жат ағымдардан құтқарып қалу жолындағы бір тәсіл. Ел бірлігi мен мемлекет қауіпсіздігіне зиян келтiретін діни ағымдардың жетегіне кетіп қалмау шараларына баршамыз атсалысуымыз қажет.
Бақтияр НҰРДАУЛЕТ,
облыс әкімдігі дін проблемаларын зерттеу
орталығының Шу ауданы
бойынша арнайы бөлім инспекторы