Ұлттық жоба шеңберінде 13,5 миллиард теңге қаралды
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауында: «Арнайы экономикалық аймақтарға инвестициялық жеңілдіктерді саралап беру керек. Неғұрлым көп ақша салсаң, соғұрлым көп жеңілдік аласың деген ұстаным басты қағида болуы қажет. Жұмыс істейтін саласы негізгі бағыт болмаса да маңызды индустриялық жобаларды жүзеге асыратын инвесторлар бар. Оларға салық және кеден жеңілдіктерін ұсынбай-ақ жер телімдерін беруге болады.
Барлық инвестициялық міндеттемесін адал орындайтын кәсіпорындар да бар. Оларға арнайы экономикалық аймақтан жер телімін жекеменшікке беру мәселесін шешу қажет.
Жалпы инвестиция тарту жұмысын жүйелі жүргізу керек» деп, Үкімет пен жергілікті атқарушы органдарға бірқатар маңызды тапсырмалар жүктеді.
Инвестицияның ел үшін зор игілік екені айтпаса да түсінікті. Жалпы Қазақстанның, әсіресе Жамбыл облысының инвестициялық тартымдылығы жоғары. Шет мемлекеттердің, халықаралық ұйымдардың облысымызға қаржы құюға құлшынып тұратыны да сондықтан. Мәселен, облыс әкімдігі кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық дамыту басқармасының басшысы Аспандияр Сейсебаевтың айтуынша, 2022 жылғы қаңтар-қыркүйек айларында негізгі капиталға салынған инвестициялардың көлемі 293569,6 миллион теңгені құрап, 2021 жылдың есепті кезеңімен салыстырғанда 7,5 пайызға өсіпті.
– Ел экономикасын ілгерілетіп, өндірістік инфрақұрылымды жақсартуда, жаңа технологиялы өндірістер құруда, негізгі қорларды жаңғыртып, кәсіпорындарды техникалық жағынан қайта жарақтандыруда шетел инвестицияларын тартудың маңызы өте зор. Сол себепті Президент тапсырмалары аясында облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуына тың серпін беретін жобаларды жүзеге асыру жоспарланып, жыл басынан ауқымды жұмыстар атқарылды. Саладағы ең негізгі бағыттардың бірі – инвестиция тарту. Облысқа тартылатын инвестиция көлемін арттыру үшін инвесторларға барынша жағдай жасауымыз керек. Сондықтан әрдайым инвесторларға инвестициялық преференцияларды насихаттап, инвестициялық жеңілдіктерді қолдану үшін көмек көрсетіп отырамыз. Нәтижесінде инвесторлардың есебінен көптеген жарқын жобалар жүзеге асып, өңіріміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына, халықтың тұрмысының жақсаруына айтарлықтай септігін тигізуде.
Тек инвестиция тарту ғана емес, саладағы басқа да бағыттарда өткен жылдармен салыстырғанда ілгерілеушілік байқалады. Атап өтер болсақ, бүгінде облысымыздағы шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны 84 811-ді құрап, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 118,6 пайызға артты.
Шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінде жұмыспен қамтылғандар саны 2022 жылдың бірінші тоқсанында 128 753 адамнан асып, жыл басымен салыстырғанда 4,8 пайызға өсті. Айта кетейін, биылғы жылдың бірінші тоқсанында шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері тарапынан 116,2 миллиард теңгенің өнімі өндіріліп, өткен жылдың есепті кезеңімен салыстырғанда нақты көлем индексі 114,6 пайызды құрады, – деген Аспандияр Мұратәліұлы «2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба» шеңберінде биыл облыс бойынша барлығы 13,5 миллиард теңге қарастырылғанын айтып өтті.
Саралай айтар болсақ, жобаның «Сыйақы мөлшерлемесінің бір бөлігін субсидиялау» құралы бойынша 2022 жылдың 9 айында жалпы несие сомасы 15 179,9 миллион теңгені құрайтын 968 жоба, «Кредиттер қаржылық лизинг бойынша кепілдіктер беру» құралы бойынша 7 758,9 миллион теңгені құрайтын 1 126 жоба кепілдендіріліпті. Сонымен қатар «Өндірістік (индустриялдық) инфрақұрылымды жүргізу» құралы бойынша аймақтық үйлестіру кеңесінің шешімімен 273,3 миллион теңгені құрайтын 8 жоба мақұлданып, 9 жобаға 2310,7 миллион теңгенің қаражат бөлініпті. Ал «Гранттық қаржыландыру» тетігі бойынша 21 миллион теңгені құрайтын 5 жобаны қаржыландыру көзделуде екен.
Басқарма басшысының айтуынша, қаңтар-қыркүйек айларында облыстың өнеркәсіп кәсіпорындары 639,2 миллиард теңгенің өнімін өндіріліп, 2021 жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда нақты көлем индексі 112,3 пайызға жеткен. Тау-кен өндіру өнеркәсібі саласында өндірілген өнім көлемі 74,6 миллиард теңгені, өңдеу өнеркәсібі саласында өнім көлемі 465,5 миллиард теңгені құрапты.
– Жалпы өңдеу өнеркәсібі құрылымында химия, металлургия өнеркәсібі, тамақ өнімдері, өзге де металл емес минералдық өнімдер өндірісі ең көп үлеске ие. Мәселен, 2022 жылдың қаңтар-қыркүйегінде химия өнеркәсібі өндірісінің көлемі 223,7 миллиард теңгені (2021 жыл – 140,9 миллиард теңге) құрады. Өңдеуші өнеркәсіп құрылымындағы саланың үлесі – 48,1 пайыз. Айта кетер жайт, өнеркәсіп өндірісінің көлемі 6 ауданда (Байзақ, Жамбыл, Қордай, Т.Рысқұлов, Сарысу, Меркі) артқан. Ал Жуалы, Талас, Мойынқұм және Шу ауданының кәсіпорындары 2021 жылдың қаңтар-қыркүйек айларының деңгейіне жетпеді. Тараз қаласының кәсіпорындары 2022 жылдың қаңтар-қыркүйегінде 387,5 миллиард теңгенің өнімін өндіріп, 2021 жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда нақты көлем индексі 112,4 пайызды құрап отыр. Облыс орталығының жалпы өнеркәсіптегі үлесі – 60,6 пайыз, – дейді.
Сондай-ақ Аспандияр Мұратәліұлы өңірімізде мұнай өнімдерін өндіру, машина жасау, фармацевтика, дайын металл бұйымдарын өндіру, жеңіл өнеркәсіп салалары ең аз үлеске ие екенін жеткізді.
Басқарма басшысы келтірген деректерге сүйенер болсақ, экономиканың өзегі саналатын өндіріс саласы өңірде жоғары қарқынмен дамып келе жатқанын аңғаруға болады. Өндіріс өркендесе өңір де өрге басатынын ескерсек, саладағы жыл басынан бері атқарылған тиянақты тірліктер көңіл тоғайтады.
Талғат НҰРХАНОВ
Келесі мақала