Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

БҮГІНГІ ОҚУШЫ – ЕРТЕҢГІ ОТАН ҚОРҒАУШЫ

БҮГІНГІ ОҚУШЫ – ЕРТЕҢГІ ОТАН ҚОРҒАУШЫ
ашық дереккөз
БҮГІНГІ ОҚУШЫ – ЕРТЕҢГІ ОТАН ҚОРҒАУШЫ
Елге-жерге деген сүйіспеншілікке қатысты жоғары патриоттық сана деген ұғым халық болмысымен бірге өмір сүруі үшін бұл өскелең ұрпақтың жадында бала күнінен жатталуы тиіс. Сол үшін де жас ұрпаққа әскери-патриоттық тәрбие берудің маңыздылығы айрықша. Әсіресе мұндай тәрбиенің балаға мектеп жасында берілуі олардың әскерге шақырылғанға дейінгі өмірде Отан қорғауға біршама дайын болуына ықпал ететіні сөзсіз. Бірақ біздің айтпағымыз бұл емес. Мәселе өңірдегі өскелең ұрпаққа әскери патриоттық тәрбиенің қалай беріліп жатқандығы. Облыс әкімдігі білім басқармасының бас маманы Нұрлан Жарқынбеков өңірдегі 364 орта мектепте 364 алғашқы әскери және технологиялық дайындық пәнінің оқытушысы жұмыс істейтінін айтады. Оның ішінде 141-і запастағы офицер болса, 223-і сержант, қалғаны қатардағы солдат көрінеді. Аталған пән мұғалімдерінің 352-сі жоғары білімді, 12-сі арнайы білімді мамандар екен. – Облыстың 40 техникалық және кәсіптік білім ұйымдарында алғашқы әскери және технологиялық дайындық пәнінен сабақ беретін 40 мұғалімнің 17-сі запастағы офицер. Сержант пен қатардағы солдаттың саны – 23. Олардың 87,5 пайызы жоғары білімді, 12,5 пайызы арнайы білімді мамандар. Салада жастарға әскери-патриоттық тәрбие беру үшін облыстық әскери-спорттық ойындар, «Патриот», «Ұлы жеңіске мың тағзым», «Біздің есімізде», «Мы помним Вас» тақырыбында акция, «Ешкім де, ешнәрсе де ұмыт болмайды» тақырыбында сурет байқауы, «Ерлікке – тағзым» тәрбие сағаты, «Еске алу вахтасы» Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне өлең оқу челленджі ұйымдастырылып тұрады. 2021-2022 оқу жылында жалпы білім беретін мектеп оқушылары арасында облыстық «Жас ұлан» әскери-спорттық ойыны онлайн форматта өтті. Аталған ойын мектепішілік, аудандық, одан кейін облыстық деңгейде ұйымдастырылды. Ойын жеңімпазы атанған Қордай ауданындағы Д.Қонаев атындағы №1 мектеп-гимназияның оқушылары онлайн-платформасында республикалық «Жас ұлан» әскери-спорттық ойынына қатысты. Тараз қаласындағы №13 орта мектептің базасында әскери-патриоттық клубтар мен үйірмелер арасында VІІІ облыстық әскери-патриоттық «Айбын» жастар жиыны өткізілді. Онда І орынды иеленген Қордай ауданы №32 В.Маяковский атындағы орта мектептің «Қордай ұландары» әскери-патриоттық клубының командасы жаз айында Қарағанды облысының Спасск кентіндегі 36352 әскери бөлімінде өткізілген VІІІ «Айбын» республикалық әскери-патриоттық жастар жиынының арасында болды. Облыстық қорғаныс істері жөніндегі департаментімен бірлесіп, ҚР Әскери теңіз күштеріне азаматтарды мерзімді әскери қызметке шығарып салу салтанаты Тараз қаласындағы Б.Момышұлы атындағы «Жеңіс» паркіндегі Даңқ залында ұйымдастырылды. Бұл шараға жергілікті атқарушы органдар өкілдері, Ауған, Тәжік-Ауған соғысы ардагерлері, «Жас сарбаз» әскери-патриоттық клубының тәрбиеленушілері қатысты. Бұдан бөлек Жас сарбаз» әскери-патриоттық клубының тәрбиеленушілері мен әскерге шақырылушы жастардың, сондай-ақ Ауған соғысы және Қарулы Күштер ардагерлерінің қатысуымен облыстық жинақтау пунктінде өткен «Әскерде бір күн!», «Ашық есік күні» атты акциялардың жас ұрпаққа берері мол болды. Оқушыларды отансүйгіштік, елжандылық және Қазақстанға деген патриоттық сезімдерін қалыптастыру мақсатында жалпы білім беретін мектептерде «Патриот» айлығы, «Естелік», «Ерлік сабағы» акциясы, көздеп ату жарысы, гранат лақтыру, кедергілерден газға қарсы маскамен өту, спорттық жарыстар және тағы да басқа іс-шаралар жүйелі ұйымдастырылып тұрады, – дейді Нұрлан Құзарұлы. Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 77 жылдығына және Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің 30 жылдығына байланысты облыстағы жалпы білім беретін мектеп оқушылары арасында «Патриот» тақырыбында облыстық әскери-патриоттық айлығы өткенінен хабарымыз бар. Сол кезде облыста соғыс ардагерлеріне көмек көрсету, кездесулер, дөңгелек үстел отырыстары, ерлік сабақтарын, үздік өлең, шығарма жазу, сурет салу байқауы, кітап көрмелері ұйымдастырылған еді. Сол секілді әскери даңқ бұрышын ашу, деректі көркем фильмдер көрсетілімі, спорттық жарыстар, тәрбие сағаттардың оқушыларға берген пайдасы аз болмағаны анық. – М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің Жастар сарайында «Қазақстандық патриотизмді қалыптастыру мен дамыту: міндеттері мен болашағы» тақырыбында облыс жастарының Форумы өткені баршаға мәлім. Оған 500 оқушы мен білімгерлер, 300 алғашқы әскери және технологиялық дайындық пәнінің оқытушы-ұйымдастырушылары қатысты. Осы тектес жыл басынан ұйымдастырылып келе жатқан шаралар легін айта берсек жетіп артылады. Мәселен, ертең Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің қатарына әскери қызметке шығарып салу салтанаты жоспарланып отыр. Бұл шараға жергілікті атқарушы органдар өкілдері, Қазақстан Қарулы Күштерінің, Ауған соғысы, Тәжік-Ауған соғысы ардагерлері, «Жас сарбаз» әскери-патриоттық клубының тәрбиеленушілері қатысатын болады. Оқу орындарында «Мен болашақ Отан қорғаушымын», «Біз бірлесіп Жеңіске жеттік» тақырыптарында Ұлы Отан соғысының, ҚР Қарулы Күштерінің, Ауған соғысы ардагерлерінің, әскери қызметшілердің және «Ардагерлер кеңесі» мүшелерінің қатысуымен кездесулер өткізілмек. Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігімен келісілген Қазақстан Республикасы Қорғаныс Министрінің 2017 жылғы 12 шілдедегі №347 бұйрығымен бекітілген «Бастапқы әскери дайындық қағидаларын бекіту туралы» 6,7-тармақтарын орындау мақсатында, облыс әкімдігінің білім басқармасы мен «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы әскери басқармасы арасында 2022-2023 оқу жылында бастапқы әскери дайындықты, жастарды патриоттыққа және тәрбие жұмысын ұйымдастыруға, жүргізуге (оқушылар мен білімгерлерді әскери бөлімдерінің мұражайларымен таныстыру, сабақтарын өткізу) көмек көрсету үшін облыстың орта мектептерін, мектеп-интернаттар мен колледждерді облыстағы әскери бөлімдерге бекіту кестесі әзірленді. Алдағы уақытта осы тектес әскери-патриоттық тәрбие жұмыстары тиісті бақылауға алынып, жүйелі жұмыстар жалғасатын болады, – дейді Н.Жарқынбеков. «Іздегенге сұраған» демекші, біз «Оңтүстік» өңірлік әскери қолбасшылығына хабарласқанымызда №85395 әскери бөлімінің базасында «Жас қыран» әскери-спорттық ойыны өтіп жатқанын білдік. Біз барғанда қаладағы барлығы 35 орта мектептен келген командалардың топ басшылары бас қолбасшыға топтың ойынға дайындығы туралы рапорт беріп, сап түзеп, қатарға тұрып, бұйрықтарды орындауға кірісті. Бағыттық парақтары қолдарына тигеннен кейін алдымен олардың сапта жүріп ән айту қабілеті сарапқа салынды. Аталған командалар ойын барысында «Күресте мықты, қатарда жинақы», «Турникке тартылу», «Демалыста», «Гранатты арақашықтыққа лақтыру», «Жауынгерлік парақ», «Төзімнен өту кезеңі», «Азаматтық қорғаныс», «Қаруды жинау және бөлшектеу» кезеңдерінен өтті. Әр топты 9-10-сынып аралығындағы 6 ұл, 4 қыздан он оқушы құрады. «Оңтүстік» өңірлік әскери қолбасшылығының сержанты Сәрсенғали Батыралиев осындай іс-шаралар арқылы жастарға берілер әскери патриоттық тәрбиенің ықпалы зор екенін сөз етті. Мемлекеттік органдар мен қоғамдық бірлестік секілді ұйымдардың бірлесе жұмыс жүргізуі оқушылар арасында жоғары патриоттық түйсік қалыптастыратынын, олардың бұл салада санасы сергек, отаншыл, белсенді болуына әсер ететінін әңгімеледі. «Жас қыран» әскери-спорттық ойынына жасөспірімдерді аталған мектептердің алғашқы әскери және технологиялық дайындық пәнінің оқытушы-ұйымдастырушысы, аға тәлімгерлер («жасұландық» жетекшілер) дайындап әкеліпті. Соның бірі – қалалық «Жас ұлан» балалар мен жасөспірімдер ұйымының үйлестірушісі Гүлмира Сқаққызын сөзге тартқан едік. – Іс-шараны Тараз қаласының білім бөлімінің оқушылар сарайы және қалалық бірыңғай «Жас ұлан» балалар мен жасөспірімдер ұйымы өткізіп жатыр. Мұндағы басты мақсат – балалар мен жасөспірімдерді азаматтықа және патриоттыққа тәрбиелеу, төтенше жағдайларды болдырмауға қызығушылығын арттыру. Балалардың оқыту және құтқару жұмыстарына практикалық дайындық бойынша білімін тексеру, жасөспірімдерді кәсібилікке бейімдеу, сауықтыру, салауатты өмір салтын қалыптастыру. Нашақорлық және темекі шегудің алдын алу да осы «Жас қыран» әскери-спорттық ойынының басты мақсаттарының бірі, – деді ол. Бұл Тараз қаласы бойынша көз алдымызда өткен іс-шараның көрінісі. Ал аудандарда әскери-патриоттық тәрбие деңгейі қандай? Осы ретте Талас ауданының Қаратау қаласындағы С.Сейфуллин атындағы орта мектептің алғашқы әскери және технологиялық дайындық пәнінің оқытушы-ұйымдастырушысы Құрманғазы Сағымбековтің пікірін тыңдаған едік. – Қазақстан тәуелсіз ел атанғалы іргелі мемлекет болу жолында өзінің Қарулы Күштері сапын үнемі нығайтумен келеді. ҚР Қарулы Күштері бүгінде барынша жетілдірілді. Қазір біздің айбынды әскеріміз бар. Десе де жастарды әскери-патриоттық тұрғыда тәрбиелеуде адам бойында мақтаныш сезімін тудыратын іс-шаралар өткізумен қатар, әскери өмірден нақты хабар беретін мәселелерді қамтудың артықшылығы мол. Сондықтан да бүгінде оқушылардың Отанға, елге-жерге деген сүйіспеншіліктерін арттыру үшін патриоттық тәрбие берудің негізі қалыптасқан. Жастарды осы арқылы тәрбиелеудің маңызы айрықша. Мәселен, біздегі білім беру мекемесінде 420 бала бар. Алғашқы əскери дайындық және технологиялық дайындық пəні 10-11 сынып аралығында оқытылады. Əскери патриоттық тəрбие шараларына 30 оқушы тұрақты түрде қатысуда. Біз Ауған соғысы ардагерлерімен жыл сайын кездесу кешін тұрақты ұйымдастырып тұрамыз. Олар «Сапта жүріп əн айту» патриоттық əндер байқауының тұрақты қатысушылары. Жасөспірімдер түрлі деңгейдегі шараларда жүлделі орындардан көрініп жүр. Негізінде қаладағы қорғаныс істері жөніндегі бөлім мен өрт сөндіру бөлімі іспетті бірқатар мекемелермен бірлесе оқу-жаттығу, әскери-спорттық ойындар өткізіліп тұрады. Соның арқасында оқушылар оқу-жаттығуға арналған қарудың АК-74 түрін шашып-жинау секілді өзге де бірқатар әдіс-тәсілдерді жетік меңгерген. Пневматикалық қаруды да қолдануда нысананы көздеп атуға дағдыланған, – дейді Құрманғазы Жақсылықұлы. Осы тұста бір айта кетер жайт, балаға әскери-патриотттық тәрбие беруде тек қоғамдық ұйымдар мен мемлекеттік органдарға және басқа да мекемелерге иек артып қарап отыру жеткіліксіз. Сол үшін кез келген отбасы өз әулетінде әскерге барып келген немесе осы салада қызмет етіп жүрген туған-туыстарын үлгі етсе, олар дастарқан басында Отан қорғаудың, мемлекетшіл, халықшыл болудың мәнін ашып, қадірін арттыратын әңгімені тақырыпқа арқау етсе, ұрпақтың да Отан қорғауға деген көзқарасы дұрысталады. Сонда ғана жастар мерзімді әскери қызмет өтеуді «уақыт жоғалту» деп ойлаудан арылады. Әскерге барудан жалтаратындардың да қатары шындап азаяды.

Нұрым СЫРҒАБАЕВ

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар