Мәдениет
АЛЫСТАҒЫ АҒАЙЫННЫҢ АҢСАРЫ: БИЫЛҒЫ «ҚАСИЕТТІ ҚАЗАҚ ЕЛІ» ФЕСТИВАЛІ ЖАМБЫЛ ЖЕРІНДЕ ӨТТІ
- author AR-AY
- 19 қыркүйек, 2022
- 142
АЛЫСТАҒЫ АҒАЙЫННЫҢ АҢСАРЫ: БИЫЛҒЫ «ҚАСИЕТТІ ҚАЗАҚ ЕЛІ» ФЕСТИВАЛІ ЖАМБЫЛ ЖЕРІНДЕ ӨТТІ
Қазақ мәдениеті мен өнері шекарамен шектелмейді. Ұлттық төл өнеріміздің туы атамекенде ғана емес, қазақ баласы өмір сүретін барлық жерде желбіреп тұр деуге болады. Бұған 11-12 тамыз күндері облысымызда өткен дәстүрлі «Қасиетті қазақ елі» халықаралық өнер фестивалінде тағы бір мәрте көз жеткізгендей болдық.
Шара ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі мен облыс әкімдігі ішкі саясат басқармасы және облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының қолдауымен және «Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы» қоғамдық бірлестігі мен «Отандастар қоры» коммерциялық емес акционерлік қоғамының ұйымдастыруымен өтті.
Фестивальдің бас демеушісі – «Qazaq Soda LLP» компаниясы, демеушілері – «Түрксой» түркі мәдениетін және өнерін дамыту халықаралық ұйымы, «Абай-Жидебай» қоры, Шерхан Мұртаза атындағы қайырымдылық қоры.
Аталмыш іс-шара ұлттық мәдениет пен дәстүрді дамыту, шетелдегі дарынды жастарды анықтау және оларды Қазақстанға тарту мүмкіндіктерін қарастыру мақсатында өтті. Фестиваль – қатысушылардың өз шығармашылық ойларын жүзеге асыруға, ең бастысы, шетелдегі қандастардың елге оралуына, қазақ жастарын еліміздің университеттер мен өнер колледждерінде кәсіби білім алуына мүмкіндік беріп, жол ашады.
Рухани шараға Түркия, Моңғолия, Ресей, Қытай, Өзбекстан, Иран, Қырғызстан, Украина, Қарақалпақстан сынды барлығы сегіз елден 35 қандасымыз келіп, өнер көрсетті. Дәстүрлі фестиваль осымен төртінші мәрте шеттегі қандастар Атажұртта қауышты. Байқауға шетелде тұратын қандастарымыз терме, дәстүрлі ән, жыр мүшәйрасы және қолданбалы өнер номинациялары бойынша шақырылған.
Өнер мерекесі аясында Атажұртқа сапарлап келген қандастарымыз алғашқы күні Тараздың тамырлы тарихымен танысып, өңірдің киелі жерлеріне экскурсия жасады. Ең алдымен «Көне Тараз» тарихи-этномәдени кешенінде болып, көне шаһардың шежірелі сырларына қанықты. Қонақтардың экскурсиядан, таңғажайып қаламыздан алған әсері мол болды.
– Алты жыл бұрын Алтынбек Қоразбаев атындағы өнер байқауына қатысып, Тараз қаласына жолым түскен. Ол қазақ жұрты Қазақ хандығының 550 жылдығын енді тойлап бітіп, археологиялық қазба жұмыстары нағыз қызып жатқан кез еді. Байқасам осы азғантай уақыт ішінде шаһар адам танымастай өзгерген. Зерттеу жұмыстары аяқталып, кешеннің маңайы түгел абаттандырылып, ежелгі заман үлгісіндегі ғимараттар бой көтеріп, тарихи нысанның мазмұнын аша түскендей. Қала ажарлана түскен. Түрленген Таразға тағы да келіп, кереметтілігіне куә болғаныма қатты қуаныштымын, – дейді қырғызстандық Қанышай Бакирова.
Өзге қонақтардың да пікірі осы мазмұндас. Олар тарихи орындарға серуен жасау арқылы маңызды жарыстың алдында жақсылап сергіп, шабыттана түскендіктерін айтты.
Мұнан соң қандас бауырлар облыс әкімі Нұржан Нұржігітовтің қабылдауында болды. Фестивальға қатысушы өнерпаздардың алдында сөз алған аймақ басшысы шараның маңыздылығына тоқталып, оның тарихы терең Тараз төрінде өтуі үлкен мәртебе екендігін атап өтті.
– Бүгінде сырттағы ағайын-бауырлармен мәдени-рухани байланыстарды жандандырудың түрлі жолдары қалыптасуда. Оның бір дәлелі – өздеріңіз қатысқалы отырған «Қасиетті қазақ елі» халықаралық өнер фестивалі. Фестивальге әлемнің 8 елінен 35 өнерпаз бауырымыз қатысуда. Былтыр аталған фестиваль Кереку жерінде ұйымдастырылса, биыл Әулиеата аймағында өтіп отыр. Алыстағы ағайынды құшақ жая қарсы алу – Жамбыл облысы жұртшылығы үшін үлкен мәртебе. Бірегей ұлт қалыптастыру – бүгінгі Жаңа Қазақстан саясатының ұстанымы, – дей келе Нұржан Нұржігітов фестиваль жұмысына сәттілік тілеп, қатысушыларға алғысын жеткізді.
Бұдан соң «Отандастар қорының» президенті Абзал Сапарбекұлы, Өзбекстан Республикасы делегациясын бастап келген Мейрамбек Әбдіқалиев, Ресей Федерациясы делегациясын бастап келген Арман Байзуллаевтер сөз алып, тарихи Тараздың бүгінгі жарқын келбеті туралы ойларын ортаға салып, алған әсерлерімен бөлісті. Сондай-ақ олар халықаралық өнер фестивалінің өтуіне қолдау білдірген облыс басшылығына деген ризашылықтарын білдірді. Әсіресе Астрахань өңірінен келген қолөнерші Айнагүл Барақбаеваның сөзі әсерлі болды.
– Өзге елде тұратын қазақтардың елін сағынбаған, Атажұртын ойлап толғанбаған күні болмайды. Осы сағыныш біздің бойымыздан не ән-күй, не жыр, болмаса қолөнер бұйымдары болып сайрап шығып жатады. Байқауға қатысудағы басты мақсатымыз да осы. Жұрттағы бауырларымызға өз тілімізді, дәстүрімізді, тарихымызды ұмытпағанымызды, қастерлі құндылықтарымызды қатаң сақтайтынымызды көрсеткіміз келді. Кейде ойлаймын, елде жүрген көп қазақтарға қарағанда біз қазақтығымызды жоғалтпаған секілдіміз, – деп тебіренді қолөнер шебері.
Жиын соңында аймақ басшысы қандас бауырларымызға қазақы ғұрып бойынша сый-сияпат жасады.
Байқаудың екінші күнінде «Баласағұн» орталық концерт залында жоспарға сай концерттік бағдарлама өтіп, дарын иелері қазылар алқасы мен жамбылдық көрермендердің алдында өз өнерлерін паш етті. Қатысушылар терме, дәстүрлі ән, жыр мүшәйрасы және қолданбалы өнер аталымдары бойынша сынға түсті. Фестивальдің ашылу салтанатында облыс әкімінің орынбасары Еркін Үйсімбаев сөз сөйлеп, аймақ басшысы Нұржан Нұржігітовтің құттықтауын жеткізіп, байқауға сәттілік тіледі. Облыстық мәслихаттың хатшысы Махметғали Сарыбеков те өз сөзінде бұл байқаудың жарыс емес ең алдымен қазақы құндылықтарымыз насихатталған өнер, мәдениет мерекесі екендігін жеткізді. «Отандастар» қорының президенті Абзал Сапарбекұлы болса сырт елдегі қандастардың тарихи Отанымен байланысы қазақ елінің қандастарға жасаған қамқорлығы жөнінде, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың әлі де қандастарды ерекше қолдап отырғанына тоқталды.
Өнер байқауына жазушы Елен Әлімжан төрағалық жасады. Ал қазылар құрамынан Мәдениет саласының үздіктері Маралбек Бабақұлов, Айгүл Мақашева, суретші Қазым Аманқосов, күйші Ержан Рысметов табылды. Мерекелік кештің ерекшелігі өнерпаздарды бағалауға қазылармен қатар көрермендер де қатысып, үздіктердің үздігін анықтауға ықпал ете алды.
Сахна төрінде ең алдымен күйші-термешілер өнер көрсетті. Кештің шымылдығын Астрахань аймағынан келген Арман Байзуллаев дәулескер күйшілер Құрманғазының «Терісқақпай», Динаның «Науай» күйлерімен ашты. Бұл аталым бойынша өнер көрсеткен таланттардың арасында Жасар Нұрданбек ерекше көзге түсті. Ол Доспамбет жыраудың «Айнала бұлақ басы – тең» термесін қылқобызда орындап, көпшіліктің ықыласына бөленді. Қытайда тұратын қандасымыз Ақтілек Серіктің орындауындағы «Көроғлы», «Жұмыр қылыш» күйлері де сәтті шықты. Күйші-термешілердің арасында авторлық туындыларын көпшілікке ұсынғандар да болды. Ресейлік Жанайдар Нұрсалиевтің қазақтың атын әлемге танытып жүрген жас әнші Димаш Құдайбергеновке арнаған күйі барлығының көңілінен шықты. Осылайша ұлттық аспаптарды жанына серік еткендер қазақтың өнерінен қол үзбегендіктерін, еліміздің әр жетістігіне қуанып, тілеулес болып отырғандарын аңғартты.
Келесі кезек вокал, дәстүрлі ән номинациясына берілді. Аталым бойынша өнер көрсеткен қырғыз елінен келген Жанымгүл Мырсалбек Манарбек Ержановтың «Сайра, бұлбұл» әнін, халық әні «Ақбақайды» керемет орындады. Қырғыз елінен келген Қанышай Бакирова, ресейлік Диана Жиеналиева орындаған «Есіңе мені алғайсың», «Жасай бер халқым» әндері көрермендердің жоғары бағасын алды.
Әр елден келген қолөнер шеберлері де өз ісінің майталмандары екендігін дәлелдеді. Әсіресе қытайлық өнерпаз Базаркүл Сарқытбектің құрақ көрпелері, түркиялық Базар Ырыстанұлының жасаған ағаш бұйымдары қазылар алқасы мен көрермендердің көңілінен шықты.
Өзге елдерде де қара сөзден кесте тіккен арқалы ақындарымыз аз емес екен. Байқаудың мүшәйра аталымында сөзіміздің жалған еместігіне көзіміз анық жетті. Мейрамбек Абдіқалиев, Шұғыла Адалбекқызы, Айжибек Азамат, Тілектес Ақылбек, Дәурен Бақытқажыұлы, Мырзатхан Танжира, Батыс Тілеубек, Бахыт Хайрылыс секілді жыр дүлдүлдерінің туындылары бірінен-бірі асып түседі. Бәрі де «сен тұр, мен атайын» дейтін хас таланттар. Ұлт руханияты дәріптелген өнер мейрамы гала-концертке ұласып, марапаттау рәсімімен түйінделді. Байқауға қатысушылардың барлығына қазылар алқасының төрағасы, жазушы-драматург, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Елен Әлімжан арнайы дипломдар табыстады.
– Әлемнің түкпір-түкпірінен келген қандастарымыздың басын қосқан бұл байқаудың халқымыз үшін маңызы зор. Дүниенің қай бұрышында жүрсе де қазақтығын ұмытпаған ағайындарға рақмет! Осылай бір-бірімізді іздеп, жанашырлық танытып жүрейік, – деді жазушы марапаттау сәтінде.
Мұнан соң шабысы бөлек хас дүлдүл екендігін танытып, жүзден жүйрік шыққан жеңімпаздар анықталды. Атап айтқанда мүшәйра аталымы бойынша Моңғолиядан келген Тілектес Ақылбек бірінші орынға лайық деп танылса, осы елдің ақыны Мырзатхан Танжира екінші орын тұғырынан көрінді. Өзбекстандық Мейрамбек Абдіқалиев үздік үштікті түйіндеді. Жыр шайырларын халықаралық «Абай-Жидебай» қорының мүшесі, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің «Халықаралық қатынастар» факультетінің деканы, PhD докторы Мирас Қосылбаев марапаттап, қор атынан сертификаттар мен сый-сияпаттарды табыс етті.
Терме мен күй жанры бойынша бірінші орынды Өзбекстаннан келген Жангар Мамбетназаров еншілесе, екінші орынды ресейлік Жанайдар Нұрсалиев қанжығасына байлады, үшінші орын ресейлік Арман Байзуллаевқа бұйырды.
Қолданбалы өнер аталымында Монғолиядан келген қолөнерші Сетерхан Ханжарбай үшінші орынға ие болса, түркиялық азамат Базар Ырыстанұлы екінші орыннан көрінді, Иран жерінде жүріп ұлттық қолөнерді насихаттаған Қадифен Шалақ үздік деп танылды. Екі номинация бойынша жүлдегер атанған қатысушыларға сертификаттар мен сый-сияпаттарды «Qazaq Soda LLP» компаниясының өкілі Мехмет Латиф Чайхан тапсырды.
Қазақтың ән өнерін дүниежүзінде қалықтатқан күміс көмей әншілер бақ сынаған вокал аталымында бірінші орын ҚХР-дан келген Нұршат Зейіпханға бұйырды. Осы аталым бойынша екінші орын жүлдесі украиндық қандасымыз Инеш Кдроваға тапсырылса, үшінші орын жүлдесі қырғызстандық Рустам Руслановқа берілді. Осы аталымға түркі дүниесінің ЮНЕСКО-сы атанған «Түрксой» түркі мәдениетін және өнерін дамыту халықаралық ұйымы арнайы сыйл ығын жіберіпті. Жеңімпаздарды халықаралық ұйымның сыйлығымен Қазақстанның Стамбулдағы бас консулы Әлім Байел марапаттады.
Ал көрермендердің онлайн дауыс беруі арқылы ең көп дауыс жинаған Қытай елінен келген термеші Құралбек Дәурен «Көрермен көзайымы» атанып, Шерхан Мұртаза атындағы арнайы жүлдеге ие болды. Халықтың сүйікті өнерпазын Шерхан Мұртаза атындағы қайырымдылық қорының мүшесі Мәдина Пошакаева марапаттады.
Байқаудың ең негізгі марапаты – Гран-при жүлдесіне Ресей жерінде жүрсе де ұлтымыздың асыл қазыналарын, қасиетті құндылықтарымызды жадында сақтап, дәріптеп жүрген қолөнерші Айнагүл Барамбаева лайық деп танылды. Шешуші жүлдені республикалық «Отандастар қорының» президенті Абзал Сапарбекұлы мен облыс әкімі Нұржан Нұржігітов табыстады.
– Екі күнге созылған халықаралық фестиваль өз мәресіне жетті. Осы уақыт аралығында өнерпаздар шаһар жұртшылығына рухани демалыс сыйлады. Барлық қатысушылар мен жеңімпаздарды шын жүректен құттықтай отырып, қазақы ғұрпымызды, салт-дәстүрімізді ұмытпай, осылай насихаттап жүргендеріне алғысымды білдіремін. Қайда жүрсеңіздер де аман болыңыздар, қай уақытта келем десеңіздер де Жамбыл жері сіздерді құшақ жая қарсы алатын болады, – деді байқауды түйіндеген облыс әкімі.
Қалалықтар Тараз топырағына әлемнің әр тарабынан келген қандастарымыздың гала-концертін тамашалап, зор ризашылықпен тарқасты.
Ақтоты ЖАҢАБАЙ
Келесі мақала