Бесжылдық жоспардың берері мол
Кеше облыс әкімі Нұржан Нұржігітов Тараз қаласының №5 аумақтық округінің тұрғындарымен кездесті. Жиынды ашқан Нұржан Молдиярұлы бүгінгі күнге дейін облыс бойынша барлық деңгейдегі әкімдер 981 кездесу ұйымдастырып, нәтижесінде халықты толғандырған көптеген өзекті мәселелер оң шешімін тауыпты.
Кездесуде алдымен Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбеков жыл басынан бері шаһарда атқарылған жұмыстар және алдағы жоспарлар бойынша округ тұрғындары алдында есеп берді.
– Қала тұрғындарымен кездесулерде көшені түнгі жарықтандыру, көпқабатты тұрғын үйлерді қайта жаңғырту, көше жолдарын жөндеу секілді мәселелер жиі көтеріледі. Қазіргі таңда қала көшелерін жөндеу және жарықтандыру бойынша 2023-2027 жылдарға арналған 5 жылдық жоспар әзірленуде. Бірінші кезекте мектептер, балабақшалар, денсаулық сақтау нысандары орналасқан және қоғамдық көліктер көп қатынайтын көшелер жөнделіп, жарық жүргізіледі. Жалпы қала бойынша 1 388 көше мен бұрылыстың 293-і (21,6 пайыз) жарықтандырылды. Қаладағы көше жолдарын ағымдағы жөндеуден өткізу үшін биыл бюджеттен 48,7 миллион теңге қарастырылды. Жолдарды жөндеу жұмыстары жоспарға сәйкес кезең-кезеңімен жүргізіледі.
Тұрғын үй қорын жаңғырту бойынша құрылыс нормативіне сәйкес көпқабатты үйлер 30 жыл сайын күрделі жөндеуден өтуі қажет. Бүгінде қала аумағындағы 1 110 үйдің пайдалануға берілгеніне 30 жылдан асқан. Тұрғын үйді жаңғырту бағдарламасы аясында 2011 жылдан бері шаһарда 410 үй жөнделген. Демек, әлі 700 үй күрделі жөндеуді қажет етеді. Биыл 68 көпқабатты үйге жөндеу жұмыстары жүргізілуде.
Қала бойынша 9 тасымалдаушы мекеме 34 бағыт бойынша (күнделікті 350 маршрут) халыққа қызмет көрсетеді. Былтырдан бері 40 автобус жаңартылды. Алдағы 3 жылда қалаға қосымша 15 бағыт ашу жоспарлануда. Сонда бағыт саны 49-ға, ал автобус саны 550-ге дейін артпақ, – деген Бақытжан Әмірбекұлы биыл қала аумағына аялдамалар орнату үшін бюджет есебінен 40 миллион теңге қаржы қарастырылып, орнатылатын аялдамалардың сызбасы әзірленіп жатқанын баяндады.
Бұдан кейін кездесу ой-пікір алмасу, сұрақ-жауап түрінде өрбіді. «Ақбұлақ» ықшамауданындағы 20-үйдің тұрғыны екі жыл бұрын Қордай және Т.Рысқұлов аудандарының демеушілігімен сквер салынып, айналасы абаттандырылғанын, алайда бүгінгі таңда арса-арсасы шығып жатқанын, тал-дарақтардың қурап қалғанын тілге тиек етті. Тұрғынның айтуынша, ешқандай күтім жасалмайтын көрінеді.
– Аталған нысандар «Жасыл ел – Тараз» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің балансына берілген болатын. Өкінішке қарай, бүгінде аталған мекеменің ахуалы мәз емес. Дегенмен қол қусырып қарап отыруға болмайды. Біз қалпына келтіру жұмыстарын бастап кеттік.
Сондай-ақ Тараз қаласындағы ирригациялық жүйелердің тозығы жеткенін де айта кеткен жөн. Келесі жылдан бастап ирригациялық жүйелерді қалпына келтіру жұмыстарын бастаймыз. Арықтардан сылдырлап су ағып тұрса, қала жасыл желек жамылып, қазіргіден де бетер жайқалып шыға келеді, – деді Н.Молдиярұлы.
Ал тағы бір тұрғын «Қаратау» ықшамауданында орналасқан «Эврика» жанармай құю бекеті тұрғындардың өміріне үлкен қауіп төндіріп тұрғанын айтып, мәселені шешіп беруін өтінді.
Аталған мәселе бойынша Нұржан Молдиярұлы қала әкіміне зерделеу жұмыстарын жүргізіп, заңдылығын анықтауды тапсырды.
Кездесуде көтерілген негізгі мәселенің бірі – қаңғыбас ит-мысықтардың көбейіп кетуіне, қоқысқа байланысты болды. Жалпы қала бойынша 6 250 ит-мысық ауланыпты. Аулау жұмыстарына көршілес аудандардан ит аулау бригадалары техникаларымен, құралдарымен жұмылдырылған. 2022 жылдың қыркүйек айында бюджеттен 6,7 миллион теңге қаражат қарастырылып, бүгінгі күнге ауланған, қараусыз қалған, қаңғыбас жануарларды ұстауға арналған және жабдықталған мүліктік кешенді жалға алу үшін мемлекеттік сатып алу конкурсы жүргізілуде екен.
Жиын барысында тұрғындар басқа да сан сауалын жолдап, аймақ басшысы тарапынан нақты жауаптар берілді. Кездесу аяқталғаннан кейін Нұржан Молдиярұлы тұрғындарды жеке мәселелерімен қабылдады.
Талғат НҰРХАНОВ
Келесі мақала