Халықаралық конгрестің көздегені көп
Тараз қаласында облыс әкімдігі денсаулық сақтау басқармасының ұйытқы болуымен «Алғашқы медициналық-санитарлық көмектегі инновациялар» тақырыбында халықаралық конгресс өтті. «Рrimary health Care» Ұлттық қауымдастығы мен Денсаулық сақтау министрлігінің қолдауымен қолға алынған іс-шара екі күнге созылды. Бұл конгресс Алматы декларациясының 44 жылдығына және МСАК бойынша Астана декларациясының
4 жылдығына арналды.
Шараға Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының алғашқы медициналық-санитарлық көмек жөніндегі еуропалық орталығының, еліміздегі республикалық ғылыми-зерттеу орталықтардың, Міндетті әлеуметтік сақтандыру қорының өкілдері, шетелдік сарапшылар, өзге облыстардың денсаулық сақтау басқармаларының және медициналық оқу орындарының басшылары қатысты.
Конгрестің мақсаты – медициналық және әлеуметтік қызметтерді интеграциялау, сондай-ақ денсаулық сақтаудың бастапқы буын мамандарының көпсалалы тобының қызметіндегі жаңа тәсілдер тезірек шешім қабылдауға тірек бола алатындығын көрсету және халыққа, отбасына және әрбір жеке пациентке МСАК медициналық ұйымы деңгейінде медициналық көмек көрсетуді жақсартуға ықпал ету.
Конгреске қатысушы делегация алғашқы күні алдымен Меркі ауданында ашылған алғашқы медициналық көмек көрсету бойынша үздік тәжірибе орталығында болды.
Бұл орталық «Әрбір азамат үшін сапалы және қолжетімді медицина» Ұлттық жобасының және Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының стратегиялық міндеттерін іске асыру шеңберінде Меркі аудандық орталық ауруханасының базасында ашылған болатын. Сондай-ақ бұл жобаның жүзеге асуына алғашқы медициналық-санитарлық көмек мамандарын, оның ішінде психологтарды, әлеуметтік қызметкерлерді жаңа технологияларға оқыту бойынша практикалық және әдістемелік көмек көрсетуге елеулі үлес қосқан «Primary Health Care» ұлттық қауымдастығымен арада орнаған белсенді ынтымақтастықтың арқасында орталық мамандарының мультидисциплинарлық командасы барынша үлес қосты. Еліміз бойынша «Үздік тәжірибе орталығы» болып саналған мекемеге шетелден және республикамыздың басқа да емдеу орындарынан келген қонақтар жоғары баға берді.
Орталық барлық жастағы адамдардың денсаулығы үшін маңызды бағыттарды қамтиды. Мәселен, мамандардың кәсіби құзыреттері мен тұрғындардың денсаулығына деген жауапкершілігін қалыптастыру, медициналық көмектің және халықтың өмір сүру сапасын арттыру, пациенттердің қанағаттануын жақсарту бағыттары басты ұстаным болып қалыптасқан.
– Әлемдегі барлық үздік тәжірибені енгізу арқылы халыққа медициналық көмектің қолжетімділігін арттыру – маңызды мәселе. Бұрын диагнозға бағытталған бастапқы медициналық көмек көрсетсек, қазіргі жағдайда отбасы мүшелерінің медициналық қызметінің қажеттілігін алғашқы 5 минут кезінде таныту арқылы жүйеге қойдық. Өзгерістің ең бірінші белгісі ретінде айта кетсек, Жамбыл облысы бойынша 4 үздік тәжірибе орталығы – Талас, Аса және Меркі аудандары мен қалалық деңгейдегі №5 қалалық емхана ашылған болатын. Бір жылдан аса халыққа қызмет көрсетіп, динамикалық оң өзгерістер байқалуда. Әсіресе орталықта ауыз толтырып айтуға тұрарлық көрсеткіштің бірі халықтың арыз-шағымдары мен қажеттіліктері тез арада бір алаңнан дәл уақытында шешіліп, сыртқы шағым азайды. Сапалы медициналық қызмет көрсету үшін медициналық қызметкерлердің кәсіби біліктілігін арттырып, жоғары деңгейде дайындауды алға қойдық. Бұл үздік тәжірибелі орталықтың тиімділігінің арқасында тәжірибелік тренинг орталығы ашылып, сол орталықта 9 ай көлемінде «Primary Health Care»-дің ұстаздары келіп, тәжірибеден өтіп жатқан дәрігерлерден тренерлер мен координаторлар дайындап шығарды. Тренерлердің тиімділігі сол, тәжірибеге қабылданып жатқан жас мамандарды күнделікті машықтандырып, шалғайдағы елді мекендерге жіберіп отырады. Халық арасынан халықтық кеңесі құрылып, медицина қызметкерлерімен бірлесіп тығыз жұмыс жасайды. Денсаулыққа байланысты мәселелердің бәрі халық кеңесінің мүшелерімен бірге талқыланып, шешімін табуда. Халық кеңесінен бөлек, салауатты өмір салтын қалыптасыру топтары, сонымен қатар ерікті 120 дәрігермен тығыз байланыста медициналық сауаттылықты арттыру бағытында еңбек етуде. Халықтың медициналық салауаттылығы арқылы олардың өз денсаулығына жауапкершілігін күшейтеміз. Меркі ауданында 2 ауыл және
5 мектеп салауатты болып танылды. Қазіргі таңда былтырғы жылмен салыстырғанда бір тәуліктің ішіндегі түрлі жағдайдың салдарынан орын алатын өлім-жітім азайды, – деді облыс әкімдігі денсаулық сақтау басқармасының басшысы Жанар Оспанова.
Меркі ауданындағы үздік тәжірибе орталығымен танысып болған соң, жиынға қатысушылар Тараз қаласындағы «Көне Тараз» этномәдени орталығында өткен «Медициналық-санитариялық алғашқы көмек инновациялары» атты халықаралық конгресінің ашылу салтанатына жол тартты. Халықаралық конгрестің ашылу салтанатына облыс әкімі Нұржан Нұржігітов қатысып, сөз сөйледі.
– Бұл конгресті 2000 жылдан астам тарихы бар Тараз қаласында өткізу бастамасын Денсаулық сақтау министрлігі мен Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының еуропалық орталығы қолдады. Осы үшін үлкен алғысымды білдіремін. Бұл біз үшін зор мақтаныш, – деді аймақ басшысы.
Сонымен қатар аталмыш басқосуға Парламент Мәжілісінің депутаты Гүлдара Нұрымова, Денсаулық сақтау саласы қоғамдық кеңес төрайымы Надежда Петухова, Марат Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медициналық университетінің ректоры Әсет Қалиев, онлайн режимде Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният, «Қазақстанның Еңбек Ері» Төрегелді Шарманов, Қырғызстан, Түркіменстан, Ресей Федерациясының ресми өкілдері құттықтау сөз сөйледі.
А.Орынбасарқызы
Келесі мақала