Түймекенттіктердің тындырымды тірлігі
Байзақ ауданының Түймекент ауылындағы Қонаев көшесінің тұрғындары бекем бірліктің үлгісін танытты. Айтары сол, айрандай ұйыған ауыл тұрғындары балаларға арналған арнайы ойын алаңын өз қарекеттерімен 2 аптада орнатып, балғын тұрғындарға сыйға тартты.
Іргелі ауылда ілкімді істер тұрақты түрде жүзеге асып келеді. Небәрі екі аптада көше бойынан бой көтерген балалар ойын алаңы соның дәлелі болса керек. Осы кезге дейін бұл көшеде балалар ойнайтын арнайы орын болмаған. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» деген осы. Бұл олқылықтың орнын толтыру мақсатында ауылдықтар ортақ істі асарлатып атқарыпты.
– Ауылдықтар бірнеше күнде ойын алаңына жан бітірді. Қуаныш есімді ауыл тұрғынының техникасы бар. Шағал түсіргенге көлігін берді. Біткен кезде асты жұмсақ болсын деп бір тиын алмай құм төгіп кетті. Арасында жұмыс істеп жатқан кезде «істерің алға бассын» деп сусындарын әкеп жатқандар болды. Тіпті басқа ауылдан келген кісілер біздің ауызбіршілігімізге таңғалды. Бір танысымыз келіп: «Бізде осындай ойын алаңын 1 жыл бойы зорға салып бітірді. Қазір адамдарды өз еріктерімен мұндай қоғамдық жұмысқа шығару қиын ғой. Сіздердің осы алаңды 2 аптаға жеткізбей салып тастағандарыңызға еріксіз таңғалдық», деді. Расында, осы істі қолға алғанда ауылдағы мұғаліміміз бар, басқамыз бар, қолымыз қалт етсе бітіруге әрі сапалы ойын алаңын жасауға атсалыстық, – дейді ауыл тұрғыны Жандос Дүйсенбаев.
Ойын алаңында әткеншек, спорттық керме, аумақ-саумақ, сырғанақ, турник секілді балаларға керектінің барлығы дерлік бар. Балалардың қауіпсіздігі үшін сырты сапалы темір қоршаумен қоршалған.
– Өздеріңіз білесіздер, қазір әрбір баланың қолында ұялы телефон бар, үйден шықпайды. Сабақтан келеді де телефонға телміреді. Осыған байланысты ойын алаңын жасап, балаларды телефон, смартфоннан алыстатсақ деген ойымыз болды. Таза ауада ойнап, көңіл көтерсе деген мақсатта қолға алдық. Бұл ойымызды көшеміздегі 20 шақты тұрғын қолдап, іске кірісіп кеттік. 20 мыңнан ақша жинап, керек-жарақты базардан тасып, біткен соң әдемі түсті бояумен боядық. Қазір балалар таңнан түнге дейін осы алаңнан шықпайды. Түнгі он екіде де осы тұстан балалардың асыр салып ойнап жатқанын көреміз. Сәл қашықтау тұратындары ата-аналарын ертіп келіп, осында мәз-мейрам болып жатады. Балалар алаңын салуға бәріміз бір кісідей атсалыстық. Әсіресе ұйымдастырушы Жандос Дүйсенбаевқа, игі істі қолдай кетіп, көп үлесін қосқан Әбен Абдуллаев, Қанат Тойбаев, Орынбай Халменов, Рүстем Нұрымбетов, Юрий Меркулов, Гамзат Халиллаевқа ауыл тұрғындарының алғысы шексіз, – дейді ауыл тұрғыны Ақболат Мамыралиев.
Игілікті іске қуанған бүлдіршіндер үшін аталған алаң тапсырылған күн үлкен мерекеге айналды. Бұл күні көше тұрғындары жиналып, ауладағы ойын алаңын аралап көріп, мәз болысты. Көшенің байырғы тұрғыны Серік қария сөз бастап, сауапты әрі жауапты іске атсалысқан ауылдың белсенді тұрғындарына рақметін айтып, батасын берді.
Жақында ғана осы көшеден тағы бір ойын алаңы пайдалануға берілді. Бұл да ауыл тұрғындарының берекелі ісі. Мұнда алдыңғы алаңда жоқ дүниелер бар. Ауыл балаларының қуанышы еселеніп, қуанышы қуанышқа ұласуда.
Осылайша ынтымағы жарасқан мекенді көркейтуге ауыл азаматтары белсенділік танытып, ел қамын жеген ерлердің ісін көрсетті. Көпке өнеге болар шаруаның басын қайырды.
Айжан ӨЗБЕКОВА, Түймекент ауылы, Байзақ ауданы
Келесі мақала