Қандас мәртебесі қалай рәсімделеді?
«Біз мемлекеттік қызметтерді онлайн форматқа көшіру бойынша белсенді жұмыс жүргізіп жатырмыз. Бұрын аталған қызмет ХҚКО мен жергілікті атқарушы органдар арқылы офлайн түрінде көрсетілгенін атап өткім келеді. Енді ХҚКО бармай-ақ, қызметті eGov.kz электрондық үкімет порталы арқылы онлайн алуға болады. Бұл қызметтің азаматтар үшін маңыздылығын түсіне отырып, біз қызметті алу процесін жеңілдеттік», дейді «Ұлттық ақпараттық технологиялар» акционерлік қоғамының өкілдері.
Қызметті қолдану үшін пайдаланушы «Электрондық үкімет» (eGov.kz) порталында қажетті қызмет түрін таңдайды: қандас мәртебесін беру немесе ұзарту. Таңдалған қызмет түріне сәйкес пайдаланушы мәртебесін алу үшін ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі ақпараттық жүйесі арқылы тексеру жүзеге асырылатын болады.
Барлық міндетті жолдарды толтырып, сұратылған құжаттарды қоса тіркеу қажет (файлдар pdf немесе jpg форматында).
Сондай-ақ, өтінім берген кезде пайдаланушы қандас мәртебесін беру немесе ұзартуы қажет отбасы мүшелері бойынша мәліметтерді толтыра алады. Отбасы мүшелерінің санына шектеу жоқ. Бұдан әрі қол қоюдың қолжетімді әдістерінің бірімен өтінімге қол қою қажет.
Қызмет көрсету нәтижесі - қандас куәлігі, жергілікті атқарушы органның қандас мәртебесін ұзарту туралы шешімі не электрондық құжат нысанында пайдаланушының «жеке кабинетіне» жіберілген мемлекеттік қызмет көрсетуден дәлелді бас тарту болып табылады. Мемлекеттік қызметті көрсету мерзімі – 4 жұмыс күні.
Сондай-ақ, қызмет көрсету қорытындысы бойынша қандас куәлігі egov.kz порталының «Цифрлық құжаттар» бөлімінде және еgov Mobile қосымшасында пайда болады.
Қызмет сондай-ақ Астана, Алматы және Шымкент қалаларының, аудандардың және облыстық маңызы бар қалалардың ХҚКО-ның және жергілікті атқарушы органдарында көрсетіледі.
Халыққа қызмет көрсету бойынша Байзақ аудандық бөлімі
Келесі мақала