Саябақтағы спорт алаңшасы жарамсыз екен
Газетіміздің 10 қыркүйектегі №36 санында «Аула алаңшалары кім үшін?» тақырыбында мақала жарық көрген еді. Онда редакциямызға хабарласқан Тараз қаласының тұрғыны ата-аналар мен балалардың мұңын жеткізіп, қала орталығындағы Қ.Рысқұлбеков атындағы саябақта орналасқан спорттық алаңша көбіне жабық тұратындықтан ойын балалары қоршау тордың бір бүйірін тесіп кіргені үшін айыпталғаны айтылған.
Мәселенің мәнісін сұрап, Тараз қаласы әкімдігіне хабарласқанымызда соншама күн күттіріп, мардымды жауап бермегендері де жазылған болатын. Жарық көрген мақаланы көрсетіп, электронды үкімет порталы арқылы Тараз қаласы әкімдігіне сұрау да салдық. Әкімдік біздің сауалымызды дене шынықтыру және спорт бөліміне жолдап, олар аталған алаңшаның күтімі «Жасыл-Ел Тараз» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің теңгерімінде болғандықтан, күтіп ұстау, ашу және басқа да жұмыстары осы мекеме тарапынан жүзеге асырылатынын хабарлапты. Бізге алаңшаның қай мекеменің теңгерімінде екені белгілі, сұрағанымыз – алаңшадағы мәселенің анық-қанығы керек еді. Жауапқа қанағаттанбағандықтан Тараз қаласы әкімдігіне қайта сұрау салдық. Бұл жолы алаңша Тараз қаласы әкімдігі тұрғын жай-коммуналдық шаруашылығы, жолаушы көлігі және автомобиль жолдары бөліміне қарайтынын атап көрсеттік. Біз тек қала тұрғындарының «Аула алаңшасы кім үшін?» деген сауалына нақты жауап керегін меңзедік. Осыған орай редакциямызға Тараз қаласы әкімдігі тұрғын жай-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі басшысының міндетін атқарушы Ерболат Сейтбековтің атынан жауапхат келді. Онда: «Қаланың орталық бөлігінде орналасқан Қ.Рысқұлбеков атындағы саябақ «Жамбыл облысы Тараз қаласы әкімдігінің тұрғын жай-коммуналдық шаруашылық, жолаушы көлігі және автомобиль жолдары бөлімі» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің теңгерімінде. Саябақты күтіп ұстауды келісімшарт негізінде «Жасыл ел-Тараз» ЖШС жүзеге асырып келеді. Аумақта орналасқан ойын және спорт алаңшалары уақыт кестесіне сәйкес көпшілік қолданысына ұсынылған.
Қазіргі таңда саябақта орналасқан спорт алаңшаларына жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Қазіргі уақытқа дейін 179 тұрғын үйдің аулаларында алаңшалар салу жұмыстары жүргізілсе (2020 жылы – 164 аула, 2021 жылы – 15 аула), ағымдағы жылы 5 аулада ойын алаңшаларын салу жүргізілуде. Абаттандыру жұмыстары бюджет қаражатының бөлінуіне байланысты кезек-кезегімен жүзеге асырылуда», делінген.
Осылайша бұл жолы да сұрақтарға нақты жауап берілмеген. Біз сұрау салғандай, аталған спорттық алаңша қала тұрғындарының игілігіне салынса, қай уақытта ашық болатыны туралы неге хабарлама жазылмаған? Балалар ойнау үшін торын тесіп кіргенде, күзетші қайда болған? Сұрақ көп, жауап жоқ.
Қамар ҚАРАСАЕВА