Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Бизнесті қолдау да, қорғау да бәсеңдемейді

Бизнесті қолдау да, қорғау да бәсеңдемейді
ашық дереккөз
Бизнесті қолдау да, қорғау да бәсеңдемейді
М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің М.Үркімбаев атындағы «Жастар сарайында» облыс әкімі Нұржан Нұржігітов өңірдің бизнес өкілдерімен кездесті. Форум мамыр айында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың республикада бизнесті қорғаудың экожүйесін дамыту және тартымды бизнес ахуалды қалыптастыру мәселесіне қатысты берген тапсырмасын орындау мақсатында ұйымдастырылды. Облыстық кәсіпкерлер палатасы ұйымдастырған аталған жиынға «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы басқарма төрағасының орынбасары Тимур Нахипбеков, жергілікті атқарушы органдар, құқық қорғау және қадағалау органдарының, салалық қауымдастықтардың өкілдері мен 200-ге жуық кәсіпкер қатысты. Жалпы Ұлттық кәсіпкерлер палатасы кәсіпкерлікті қорғаудың экожүйесін құру жобасын жүзеге асыруды қолға алғалы біршама уақыт болғаны белгілі. Осы тұрғыдан алғанда бизнесті қорғаудың экожүйесі аясында кәсіпкерлік субъектілерінің құқығын бұзу фактілерін және мемлекеттік реттеуді жүзеге асыру кезінде қажетсіз әкімшілік кедергілерді азайтуға бағытталған ұсыныстар әзірлеу кезек күттірмейтін мәселе. Кездесуде осы экожүйе аясында шешімін табуды қажет етіп отырған мәселелер көтеріліп, ол кәсіпкерлермен бірге талқыланып, сондай-ақ мәселелердің шешілу жолдары қарастырылды. – Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 1 қыркүйектегі «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт, Берекелі қоғам» атты халыққа арнаған жаңа Жолдауында әлеуметтік-экономикалық мәселелерге айрықша тоқталып, кәсіпкерлік сала мемлекет тарапынан нақты реттелуі қажеттігін сөз етті. Мемлекет басшысы аталған Жолдауда мемлекет тарапынан шағын және орта бизнеске қолайлы жағдай жасап, саланың табысты болуына айрықша жағдай жасау керектігі жөнінде барлық атқарушы органға арнайы тапсырма берді. Өңірімізде осы салаға қатысты ахуалды сөз етер болсақ, бұл салада бүгінде оң динамика қалыптасқан. Өңірде 81 мыңнан астам шағын және орта бизнес субъектісі тіркелген. Өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда биыл шағын және орта бизнес субъектісінің саны 15 пайызға артып отыр. Облыста шағын және орта бизнеспен айналысатын кәсіпкерлердің ішінде 32 мыңнан астам кәсіпкер түрлі қаржы ұйымдарынан 84 миллион теңге қолдау ретінде несие алды. Оның ішінде 42 пайызы 36 миллиард теңге көлемінде қаржыға тек қана мемлекеттік бағдарламалар арқылы қол жеткізді. Мемлекет тарапынан өңірдегі кәсіпкерлерге осындай қолдаулар көрсетілуде. Атап айтқанда, «2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба» шеңберінде осы жылы 2 305 кәсіпкерге 25 миллиард теңге көлемінде мемлекеттік қолдау көрсетілді. «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы бойынша да 187 жоба мақұлданып, бүгінде ол қаржыландыруда, – деді Нұржан Молдиярұлы. Сондай-ақ аймақ басшысы биыл ауыл шаруашылығы саласын дамытуға республикалық және жергілікті бюджеттерден 31,2 миллиард теңге бөлінгенін, бүгінгі таңда жалпы сомасы 23,4 миллиард теңгеге 11 361 ауыл шаруашылығы тауарын өндірушіге қолдау көрсетілгенін сөз етті. Осы тектес «Жұмыспен қамтудың жол картасы», «Индустриялық-инновациялық дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған бағдарламасы» секілді өзге де бағдарламалар бойынша өңірдің шағын және орта бизнесіне Үкімет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдаулар жайы айтылды. Тимур Арсенұлы Ұлттық кәсіпкерлер палатасы бүгінде өте маңызды институт болып тұрғанын, оның көмегімен бизнесте кездесетін кедергілер мен проблемалар біртіндеп шешіліп жатқанын, негізгі мақсат бизнеске қолайлы жағдай жасау, инвестиция тарту үшін аймақтық оң климат қалыптастыру басты мәселе екенін тілге тиек етті. Ол өз сөзінде: «Қазіргі уақытта біз ҰКП қызметін трансформациялауды жүргізіп жатырмыз, мемлекеттік органдармен бірдей деректермен жұмыс істеуге мүмкіндік беретін салалық сараптама күшеюде. Салалар бойынша ірі және орта бизнестің жүйелі мәселелерін шешу үшін мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл алаңдары пысықталуда. Сонымен қатар әрбір әкімдікпен шағын және микробизнес жұмысын жеңілдету үшін белгілі бір экожүйені енгізу пысықталуда. Негізгі бағыт – өңірлерді дамыту, жергілікті әкімдіктермен бірігіп жұмыс істеу, салада кездесетін мәселелерді зерттеп, ол бойынша тиісті министрлікке ұсыныс жасау», деді. Бұдан кейін облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Еркін Атымтаев кәсіпкерлердің құқығын қорғау шеңберінде атқарылған жұмыстар бойынша баяндама жасады. Ал облыстық кәсіпкерлер палатасының өңірлік кеңес мүшесі Ан Антонина ҚР Салық кодексінің 403-бабына өзгерістер енгізу бойынша сөз сөйледі. Жиын барысында кәсіпкерлер тарапынан ісін жаңадан бастаған жас кәсіпкерлердің несие алуға мүмкіндігі жоқтығы, нысаналы мақсаттағы жерді балық шаруашылығына айналдыру, жол жөндеуге қатысты битумның, сырттан тасымалданатын сұйытылған газдың жеткіліксіздігі, ағын су, малшы тапшылығы секілді агроөнеркәсіптік кешені, жер қатынастары, туризмді дамыту, білім беру, шағын және орта бизнесті несиелеу секілді өзекті мәселелер көтерілді. Қойылған сауалдарға өңір басшысы тұшымды жауап қайтарып, кейбір мәселелер бойынша Тараз қаласының, тиісті аудандардың әкімі мен облыстық бірқатар басқарма басшыларына нақты тапсырма жүктеді. Кездесу қорытындысы бойынша орталық атқарушы органдарға жіберілетін ұсынымдар әзірленді.

Нұрым СЫРҒАБАЕВ

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар