ҰЛТТЫҚ РУХТЫ ШЫҢДАЙТЫН МЕРЕКЕГЕ АЙНАЛСА ЕКЕН
Тарихи жадымызды жаңғырту – уақыт талабы. Осы орайда, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлытау өңірінде өткен Ұлттық құрылтайдың алғашқы отырысында: «Ұлттық мерекелер мен атаулы күндер тізбесіне бірқатар өзгерістер енгізген жөн. Мен Республика күніне Ұлттық мереке мәртебесін қайтаруды ұсынамын» деген-ді. Одан соң 25 қазанның ел тарихындағы маңызына тоқталды. Бұл күні 1990 жылы Қазақстанның егемендігі туралы декларация қабылданған. Декларацияның қабылдануымен егемендігін растайтын жеке территориясы, азаматтығы, мемлекеттік бюджеті, халықаралық қатынастардағы дербестігі, мемлекеттік рәміздер бекітілген. Осы құжат негізінде Қазақстанның егемендігі және жерінің тұтастығы саяси, құқықтық және экономикалық тұрғыдан орнықтырылды. Демократиялық қоғам құруда ел ішіндегі қоғамдық-саяси құрылымға біраз өзгерістер енгізіле бастаған. Бұл актпен әлем картасында жаңа мемлекет – Қазақстан Республикасының негізі қаланды.
25 қазан – Республика күнінің құдіреті мен қасиеті, даралығы осындай. Сондықтан тәуелсіздік жолындағы алғашқы берік қадамымыз болғандықтан, Ұлттық мереке мәртебесіне ие болуы қуанышты. Бұл күн – Қазақстан Республикасының күні, қазақ елінде тұратын күллі жұртшылықтың ұлық мерекесі. Бұл күн біздің ұлттық рухымыздың шыңдалатын, туған елімізге деген сүйіспеншілігіміздің еселеп артатын, бір-бірімізге құрметпен қарайтын орны ерек мереке, айбынды атаулы күн болуы тиіс деп білемін.
Осы ретте 2018 жылдың қаңтар айының соңғы аптасының бірінде болған Үндістан сапары ойға оралады. М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің делегациясы Кашмир штаты Сринагар қаласы «Мазар-и салатин» қабірстандағы Дулати зиратының қайта жөндеуден өтуіне және басына ақпараттық тақта орнатуға байланысты салтанатты жиынға, халықаралық ғылыми конференцияға барған. Сонда Дели көшелерінің бірінде мынандай қызықты жайға куә болдық. Үлкен жүк машинасының қорабына тығыздала мінген адамдар Үндістан Республикасының туын асқақтата оңды-солды желбіретіп, әлдебір әнді бар даусымен қосыла шырқап келе жатты. Еріксіз таңдана қарап қалдық. Адамдардың үстіндегі киімдері салтанатты киімдер емес еді. Қарапайым ғана киінген. Бірақ жүздерінде әлдебір шаттық, қуаныш бар. Көздері ұшқын шашады. Олардың осы бір көріністерінен-ақ рухының мықтылығы, өздеріне деген сенімділігінің күштілігі аңғарылғандай. «Бұл не?» деп жолбасшымыздан сұрадық. «Үндістан Республикасының күні ғой» деді ол. Сөйтсек, 26 қаңтар – Үндістан Республикасының күні екен. Бізге қарапайым киінген топтың өжет қалпы айрықша ұнады.
Мұны еске алуым – Ұлттық мереке жалаң іс-шараның, жалпы жиналыстың күні емес, ұлттық рухты шыңдайтын, елдің ынтымағын арттыратын өзгеше күнге айналса екен деймін. Қазір ел-жұрттың санасына «Жаңа Қазақстан» деген жаңа ұғым сіңіп келеді. Жаңа Қазақстан деген не? Оның бұрынғы Қазақстаннан өзгешелігі неде? Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев «Жаңа Қазақстан: жаңару мен жаңғыру жолы» атты Қазақстан халқына Жолдауында (16 наурыз, 2022 жыл) елде атқарылатын жұмыстардың басты бағыттарын таратып айтты. Қазіргі халықаралық жағдайдың өте қиындығын шегелеп жеткізіп: «Қазіргі халықаралық ахуал қырғи-қабақ соғыстың ең қиын кезеңін еске түсіреді. Бірақ, шегіне жете буырқанған, мемлекеттер қатаң санкциялармен тірескен, жер жүзіне қандай кесірі тиетіні беймәлім болып тұрған бүгінгі жағдайды адамзат бұрын-соңды көрмеген теңдессіз қиындық деуге әбден болады. Сондықтан, біз үшін көздеген мақсаттан ауытқымаудың, еліміздің тұтастығын, жалпыұлттық бірлігі мен тілектестігін сақтаудың өмірлік маңызы бар», деді. Мұны қазір әрқайсымыз жете сезініп отырмыз. Сондықтан бейбітшілікті, ел тыныштығын, бірлігін сақтауда үлкен жауапкершілік, сарабдал парасаттылық керек. Қазіргі уақытта әлеуметтік желіде әралуан пікірлер, дақпырттар, асыра айту мен жалаң патриотизм мол. Жоғарыда Мемлекет басшысы нақты айтқан «жер жүзіне қандай кесірі тиетіні беймәлім болып тұрған бүгінгі жағдайды адамзат бұрын-соңды көрмеген теңдессіз қиындықта» ұлттық бірлігімізді сақтау өте маңызды. Ұлттық рух, ұлттық намыс, білім-ғылым жолындағы ұлттық ұмтылыс, ел қамымен тығыз астасқан ұлттық экономика мен ұлттық патриотизм бізді біріктіріп жатса, қанеки. Тарих қазақ халқының басына талай қиындық әкелді. Сонда үзіліп бара жатқанда, бізді тіктелткен де тірілткен ұлттық рух деп білемін. Ұлттық мерекеде ұлттық рухты ұлықтайық, ағайын! Мағжан ақын «Мен жастарға сенемін» деп жырлағанындай, жастардың бойында ұлттық рухтың жасындай жарқырауына сенемін.
Сәмен ҚҰЛБАРАҚ, М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің «Дулатитану» ғылыми-зерттеу орталығының директоры, филология ғылымдарының докторы, профессор
Келесі мақала