Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

БАС БАСЫЛЫМНЫҢ ҒАСЫРЛЫҚ БЕЛЕСІ

БАС БАСЫЛЫМНЫҢ ҒАСЫРЛЫҚ БЕЛЕСІ
ашық дереккөз
БАС БАСЫЛЫМНЫҢ ҒАСЫРЛЫҚ БЕЛЕСІ
1922 жылы «Кедей еркі» деген атпен жарық көріп, одан кейін де атауы заман ағымына қарай әркез өзгеріске ұшырап отырған облыстың бас басылымы тәуелсіздік тұсына дейін «Еңбек Туы» деген атпен халыққа жол тартқаны баршаға белгілі. Халықтың мұң-мұқтажын айтып, жоқ-жітігін түгендеуде атауы өзгергені болмаса, бұл басылымның көтерген жүгі қай кезде де жеңіл болмаған. 1990 жылдары «Aq jol» деген атауды иемденген ата басылымға биыл 100 жыл толып отыр.  Бүгінде қазақ баспасөзінде өзінің сара жолын салған «Aq jol» – жамбылдық жұртшылықтың сүйіп оқитын басылымының бірі. Аймағымыздың рухани айнасы болған «Aq jol» газеті бір ғасыр бедерінде ақпарат айдынында өзінің орнын қалыптастырды. Талай талантты танытып, таққа көтерген «Aq jol» газетінің ғасыр тойы Тараз қаласындағы «Баласағұн» орталық концерт залында өңірлік басылымның 100 жылдық тарихын қамтыған «Ғасыр шежіресі» кітабының тұсаукесерімен басталды. Меймандардың назарына аталмыш газеттің фототілшісі Ақаділ Рысмаханның «Таспада қалған тарих» атты фотокөрмесі ұсынылды. Газеттің кешегісі мен бүгінін жан-жақты қамтыған «Ғасыр шежіресі» атты салтанатты жиын басылымның өткенінен қалған естеліктерден әзірленген бейнероликті көрсетумен басталды. Мерейтоймен барша жамбылдықтарды құттықтаған облыс әкімі Нұржан Нұржігітов: – Облыс баспасөзінің киелі шаңырағы «Aq jol» газетінің алғашқы нөмірі жарық көргеніне 100 жыл толған мерейтойы бәрімізге ортақ. Бұл – қазақ баспасөзінің мерейлі мерекесі. Бұл мереке қара сөздің зергері, шындықтың шырақшысы атанған Шерхан Мұртазаның 90 жылдық мерейтойымен тұспа-тұс келіп отыр. Кезінде Шерағаң осы берекелі ұжымға ақ батасын беріп: «Aq jol» газетін республикадағы ең айбынды, халыққа қадірлі газеттің бірі деп білеміз. Лайым сол абырой аласармасын, қаламгерлердің де, оқырмандардың да құрметіне бөлене берсін!» деп, жүрекжарды тілегін арнаған болатын. Шынында «Aq jol» газетінің мерейтойы бір өңірдің ғана емес, қазақ баспасөзінің мерейлі белесі. Бұл газет еліміздегі ең байырғы басылымдардың бірі. Оның ел өміріндегі тарихи рөлі зор. Жарық көргеніне бір ғасыр болған басылым тұтас ұлттың тарихы мен тәуелсіз мемлекетті қалыптастыру кезеңін талмай жазып, өткен 100 жылдықтың шежіресіне айналып отыр. Ұлттық мүдденің ұраншысына айналып, тәуелсіздіктің тұғырын нығайтуға белсене атсалысты. Қандай заман, қандай кезең болса да баспасөз ұлттың үні, рухтың жыры болып қала беретіні анық. Басылым өзінің өткір де батыл мақалаларымен егемен елдің еңсесін тіктеді. Бүгінде уақыт талабына сай бұл газет жаңаша түрленіп, заман ағымына сай дамып келеді. Яғни, ғасырлық тойын жаңа жетістіктермен, толайым табыстармен қарсы алып отыр. Облыс баспасөзінің қарашаңырағы баспа, радио және интернет журналистика саласындағы «Үркер-2020» ұлттық сыйлығының «Жыл басылымы» номинациясы бойынша жеңімпаз болып танылуы осы сөзімнің анық дәлелі. Осылайша республика бойынша ең үздік газет атанып, талай жылдардан бергі адал еңбегінің жемісін көрді, әділ бағасын алды. Осы газетті 20 жылдан астам уақыт басқарған Баттал Жаңабайұлы ағамыздың ортамызда жүргені біз үшін бақыт. Шоқтығы биік бас редакторлар, жүздеген қаламгерлерге ұстаз болған марқұм ағаларымыз Арғынбай Бекбосын, Әлдихан Қалдыбаев, Мақұлбек Рысдәулеттің де өнегелі ізі, елеулі еңбектері қалды. Міне, 100 жасаған Жамбыл бабамыздың есімімен аталатын облыстың бүкіл тарихы осы басылымның беттерінде сайрап жатыр. Әулиеата өңірінің өткен өмірін, тынысын бас басылымның беттерінен табуға болады. Басылым жемісті жылдардың жалғасын қазір де тауып келеді. Бүгінде ғасырлық тарихы бар «Aq jol»-ды қолына алған әрбір оқырман мұндағы ақпараттың шынайылығына, көтерген тақырыбының маңыздылығына кәміл сенеді. Өйткені, «Aq jol»-дың басты мақсат-мұраты – тәуелсіздігімізді баянды етіп, ел ішінде бірлік пен ынтымақты нығайтуға қызмет ету. Басылым билік пен бұқараның арасында алтын көпір болып, халықтың мұңын жоқтаудан танбасын. Зор шығармашылық табыс тілеймін, – деп газеттің ардагері Тұрсынхан Толқынбайұлына «Қазақстанның Құрметті журналисі» атағын және бірқатар қызметкерлерге облыс әкімінің Алғыс хатын тапсырды. Сонымен қатар «Aq jol» газетінің 100 жылдығына орай жарияланған «Aq jol» газеті: Қазақ баспасөзінің бүгіні мен ертеңі» атты республикалық конкурстың жүлдегерлерін облыс әкімінің арнайы жүлдесімен марапаттады. Журналистерді қолдау мақсатында аталған конкурсқа Сыдық Абланов, Жайық Бектұров, Ғайса Сармұрзин, Кемел Тоқаев және Арғынбай Бекбосын атындағы облыс әкімінің бес арнайы жүлдесі тағайындалған болатын. Мерейтойға алыстан арнайы келген меймандар – ҚР Парламенті Сенатының депутаты Абдалы Нұралиев және ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Дархан Мыңбай, Мейрамбек Төлепберген, Жанарбек Әшімжан, Гүлдара Нұрымова да ізгі тілектерін білдіріп, мерейтоймен құттықтады. Ғасыр тойын атап өтіп жатқан газеттің бір топ қызметкерлерін ҚР Парламенті Сенаты Төрағасының және Мәжілісі Төрағасының Алғыс хатымен марапаттады. Тарихы тым тереңде жатқан «Aq jol»-дың мерейлі жасымен құттықтаған республикалық «Egemen Qazaqstan» газеті» АҚ Басқарма төрағасы Дихан Қамзабекұлы: «Жамбыл өңіріне келген бұл сапарымызда кешеден бері руханияттың кенішіне түскендей күйдемін. Шерағаңның, бүгін облыстың бас басылымының мерейтойын өздеріңізбен бірге атап өтудеміз. «Aq jol» – біздің ұранымыз, тарихымыз. Тарихтың үлкен тамыры Тараздан басталады. Ел болып жиылып, төрт тарапымызды түгендеген Қазақ хандығы осы өңірде құрылғанын білесіздер. Асыл дініміз бен дәстүріміздің ұйысқан жері де осы жерден басталды, тарихта таңбаланған Атлах шайқасы да осы өңірде болды. Одан бергі 100 жылдың тарихы басылымда жарық көрсе, одан арғы тарихымыздың таңбасы таста тұр, жырларда тұр, біздің санамызда, көмейімізде тұр. Халықтың мүддесін көксеген басылымның ізгі ісі жалғасын тауып, табысқа кенеле беріңіздер», деп ақжарма тілегін ақтарды. «Хабар» Агенттігі» АҚ Басқарма төрағасы Берік Уәли де өз құттықтауын жеткізіп, Дихан Қамзабекұлымен бірге ардагер журналист Махамбетәлі Дүйсебаевқа, «Aq jol» газеті бас редакторының орынбасары Фариза Әбдікерімоваға және «AR-AI» газетінің бас редакторы Тұрсынбек Сұлтанбекке «Ақпарат саласының үздігі» төсбелгісін табыстады. Салтанатты жиынды қорытындылаған «Aulieata-media» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің Бас директоры Оралхан Дәуіт қуанышты бөлісіп келген барша жұртшылыққа ұжым атынан ризашылығын жеткізді. – Біз мерейтойды ас ішіп, аяқ босататын құр басқосу етпей, өсіп келе жатқан жас ұрпаққа үлгі-өнеге боларлықтай, артында мағыналы із қаларлықтай шаралармен ұйымдастыруды көздедік. Сол мақсатпен басылымның ғасыр тойын жыл басынан түрлі іс-шаралармен бастаған болатынбыз. Осы жұмыстарымызға қолдау көрсеткен облыс басшылығына айтар алғысымыз зор. Газеттің тойы – халықтың тойы. Себебі басылым осынау 100 жылдық тарихында талай тар жол, тайғақ кешу өткелдерінен өтті. Уақыт ағымымен заман қалай өзгерсе де «Aq jol» өзінің ақ жолынан тайған жоқ. Бүгінгідей техника дамыған, жаңашыл заманда да өз оқырмандарының талабынан табылып, талғамына сай болуға жан-жақты ізденісте. Яғни, «Aq jol»-дың алар асуы әлі алда. Баршаңызға «Aq jol»-дың жасын берсін! Әрдайым жолдарыңыз ақ болсын! «Aq jol»-мен бірге болыңыздар, – деді Оралхан Әбдірашұлы. Облысымыздың бас басылымының мерейтойына Кенен Әзірбаев атындағы облыстық филармонияның өнерпаздары ән-бимен шашу шашты. Айтары бар газеттің ғасыр тойы да ұрпаққа берері мол тағылымды мәнде аталып өтті. Біз оны салтанатты жиынның шымылдығы жабылса да тарағысы келмеген қалың жұртшылықтың жүзінен аңғардық.

Қамар ҚАРАСАЕВА

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар