Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Достық әзілдер

Достық әзілдер
ашық дереккөз
Достық әзілдер
Бас редактордың орынбасары Фариза Әбдікерімоваға: Кім қойса да дөп қойыпты есімін, Ақын емес, тілші болса несі мін?! Бір қолымен «терлетеді» қаламын, Бір қолымен тербетеді бесігін. Үлкендердің батасына кенелді, Еңбегімен құрметке де бөленді. Көзді ашқалы келе жатыр «Ақ жолда», Бір ұжымнан көсегесі көгерді. Шолушы Амангелді Әбілге: Сарысудан қыран болып самғаған, Сан жылдарын тілшілікке арнаған. Желтоқсанның мұзда жанған алауы, Әужекеңе жететұғын бар ма адам? Сын жазғанда нық ұстаған «семсерді», Еңбектері көтереді еңсеңді. Естеліктер сыймаған соң газетке, «Facebook»-те жазып жүр-ау белсенді. «Саясат» бөлімінің меңгерушісі Жүрсінгүл Жақыпқа: Облыста танымайды сізді кім, Біледі жұрт өз ісінің үздігін. Сайлау атты мазасыз шақ туғанда, Қолға алдыңыз «Саясаттың» тізгінін. Төрайым боп кәсіподақ-ұйымға, Жарнама да соққан жоқ-ау қиынға. Басылымда біраз белес еңсерген, Бөлім деген сізге, сірә бұйым ба? Корректор Саят Әлімжановаға: Нұрлы жүзбен шуақ шашқан маңайға, Өнегесі үлгі болған талайға. Қате көрсе қағып түсер алыстан, Жазушының қызы болу оңай ма? Қандай әсем ортадағы биіңіз, Тек шаттыққа кенелсінші үйіңіз. Немеренің қызығына бөленіп, Арта берсін әрқашан да сыйыңыз! «Мәдениет» бөлімінің меңгерушісі Есет Досалыға: Адам жанын айтқызбай-ақ ұғатын, Айтыс десе бір бүйрегі бұратын, Нөмір сайын мақаласы шығатын, Біздің Ескең дара дүлдүл, шын ақын. Жас газетте он жыл еңбек еттіңіз, Мықтылармен талай сапар шектіңіз. «AR-AI» жайлы өлең жазып тым жақсы, Қалай ғана бізді қиып кеттіңіз? Жауапты хатшы Маржан Рақайға: Тап басатын редакцияның тынысын, Еселеген ұжымының ырысын. Жазуымен жұртқа жаққан алтын қыз, Жатсынбады хатшылықтың жұмысын. Алға қойған отбасының бақытын, Бағалайды Тәңір берген жақұтын. Оқырманның қамын ойлап күні-түн, Ұжымға да арнайды көп уақытын. Аға дизайнер Оразкүл Әбдікерімоваға:  Бұрынғы мен бүгінгіні жалғаған, Ой қозғаса тереңінен толғаған. Ақыл-кеңес айта біліп ретімен, Жастарды да шын көңілмен қолдаған. Дизайнның майталманы, білгірі, Ойлайтыны редакцияның бірлігі. Мықтылардың мектебінен өткен жан, Тап-тұйнақтай атқаратын тірлігі. Фототілші Ақаділ Рысмаханға: Кітап оқып, кеңейткен соң өресін, Небір ойдың айта білген төресін. Әкім қандай іс-шарадан табылса, Ахаңды да сол жақтардан көресің. Көңіл шіркін өздігінен гүлдей ме, Осылайша төгіледі жыр кейде. «Дядя» деген лақап аты болғанмен, Ешқашан да қартаймайтын бір бейне. «Әлеумет» бөлімінің меңгерушісі Гүлжан Рахманға: Сөзі қандай, қорғасындай салмақты, Өзі қандай, таланты бар жан-жақты. Мақаласы мойындатқан талайды, Мінезімен ортасына ардақты. Өн бойында жігер жойқын, күш басым, Қарлығаштар қалай биік ұшпасын? Бизнесте де бағы жанған Гүлекең, Түркиядан ішіп жүр ғой түскі асын. «Экономика» бөлімінің меңгерушісі Марат Құлибаевқа: Батырлардың ауылының түлегі, Бірақ өзі күлім қағып жүреді. Жазған соң ба балалардың өмірін, Сондай жылы сезіледі жүрегі. Ұстаз болып, көңіл бөлді білімге, Шәкірттерін тәрбиеледі ілімге. «Жаңа өмірі» «Ақ жол» салып алдына, Бір бөлімді басқаруда бүгінде. Дизайнер Динара Балаеваға: Компьютердің құлағында ойнаған, Парасатқа тереңінен бойлаған. Дизайнмен әр нөмірге әр беріп, Сапаны да жан-тәнімен ойлаған. Көркіменен шуақ шашқан көңілге, Орыны бар сыйластықтың төрінде. Мамандығы медицина болғанмен, Газет үшін жаралғандай өмірде. Тілші Сәндібек Піреновке: Тұрғыны боп Тараз атты шаһардың, Үміт күтер «Тілші бала» атандың. Келген едің кеше ғана ұжымға, Енді міне, Астанаға бет алдың. Жас болсаң да пайымың бар, бөлексің, Зейіндісің, зиялысың, зерексің. Қожекеев ауылынан шыққан соң, Ешқашан да осал болмау керексің.
AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар