ТАРАЗДА БІРРЕТТІК ЖАЯЛЫҚТАР ШЫҒАРЫЛУДА
Әрбір балалы ата-ана үшін ең қажетті дүниенің бірі – бірреттік жаялықтар. Мұндай жөргектер өте ыңғайлы және аналардың қызметін айтарлықтай жеңілдететіні белгілі. Қазіргі заманғы технология бойынша бірреттік жаялықтардың сапасы әлдеқайда жақсарып, бала мен анаға барынша ыңғайлы, жайлы етіліп шығарылуда.
Жамбылдық кәсіпкер Нұрлан Иматаев пен жары Назгүл Насиеваның шығарып жатқан «Толағай» маркалы жаялықтары да премиум сапасымен жасалып, тұтынушыларына ұсынылуда. Кәсіпкердің айтуынша, бренд атауының өзінде терең мағына жатыр.
– Байқасаңыздар, жаялықтың сыртындағы атауы ана тілімізде жазылған. «Әлди, әлди, балашым. Әлдилейді анашың...» деген өлең жолдарын жазып қойдық. Біздің тауарымызды көрген әрбір тұтынушы, ата-ана да, балалар да бірден жылы қабылдайды. Жолдасым екеуміздің арманымыз – барлық бала дені сау болып, бақытты балалық шақтың бал дәмін татып, туған жерін сүйген, тілін, халқын қастерлеген азамат болып өссе дейміз. Және осы қасиеттердің барлығын қазақ ертегісіндегі Толағай батырдың бойынан көрдік. Қарияларымыз да Толағайдай бол деп ақ батасын береді емес пе? – дейді Назгүл Насиева.
Қазақстан нарығына шыққанына екі ай болған «Толағай» маркалы келісімшарттық өндірісіне қызығушылардың қатары күн санап артуда. Ерлі-зайыпты кәсіпкерлер тұтынушылардың көбісі ерекше қажеттілікті талап ететін балалардың ата-аналары екенін және өздерінің де ерекше бала тәрбиелеп отырғандықтарын жасырмады.
– Сәбиіміз дүние есігін ашқан уақыттан бастап үздіксіз оңалтумен айналысып, ерте әрі ыждаһатты емдеудің арқасында біз аяққа тұрдық. Оңалту кезінде 10-12 сағаттан артық бірреттік жөргектерге мұқтаж балаларды жиі байқадық. Ерекше балалардың аналары жөргектердің сапасына жиі шағымданатын. Әрі мұндай өнімдердің бағасы да арзан емес. Бұл балалардың аналарының қалай азап шеккенін көзімізбен көріп, сезіндік және қалай көмектессек екен деген ой мазалай берді. Өйткені, біз өзіміз де сондай сынақтан өттік. Сондықтан ізденіп, қолжетімді бағамен премиум сапалы жөргектерді өндіруді қолға алдық, – дейді кәсіпкер Нұрлан Иматаев.
Тауар белгісі Жамбыл облысында патенттелген. Құрамы, технологиясы, дизайн бренді бойынша жөргектерді әзірлеуге бір жылға жуық уақыт кеткен.
– Біздің жаялықтардың сіңіргіштігі 900 миллиграмм сұйықтыққа дейін, 8-12 сағат құрғақтықты қамтамасыз етеді. Жөргек құрамы 100 пайыз биологиялық ыдырайтын шикізаттан тұрады. Толық жапондық суперсіңіргіш болып табылады және бактерияға қарсы жабыны бар. Өнімнің гипоаллергенді сапасын қамтамасыз ететін исі жоқ. Ең бастысы, бұл өнім ерекше балалар үшін өте қолайлы. Өнім келісімшарт негізінде Қазақстан, Қытай, Жапонияда өндіріледі. Бүгінде жаялықтарымыз 1200-1500 теңгеден сатылуда. Бір орамада 10 дана бар. Компанияның басты мақсаты – ерекше балаларға ерекше қамқорлық көрсету болып табылады. Сонымен бірге өнімнен түскен ақшаның 10 пайызы балаларды оңалту мақсатында ерекше балалардың бірлескен аналар тобына жіберілетінін айтқым келеді. Әзірге 4 адамды жұмыспен қамтып отырмыз. Өнімді өткізу және ісімізді ілгерілету мақсатында бізде сұранысқа ие мамандар жұмыс істеуде. Болашақта әлеуметтік кәсіпкерлік ретінде қосымша тіркеліп, тірлігімізді кеңейтпекпіз. Біздің компания мүгедектігі бар, ерекше балалары бар аналарды жұмысқа орналастыруға да ерекше назар аударады, – дейді Нұрлан Иматаев.
Айжан ОРЫНБАСАРҚЫЗЫ
Келесі мақала